Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
БАҚ-тың күнделікті өмірге ықпалы зор
Медиа апталықтың ашылу салтанатында алғашқы болып сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов қатысушыларға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.
«Биылғы іс-шараның «Медианың әсері және цифрлық үндестік» тақырыбына арналуы қоғамдағы өзгерістер мен жаңа технологиялық дәуірде ақпараттың маңыздылығын тағы да айқындай түседі. Медианың күнделікті өмірде ықпалы зор. Ол тек ақпаратты таратушы ғана емес, қоғамдық пікірді қалыптастырушы, мәдениетті дамытуда үлес қосушы күшке айналғаны бәрімізге айқын. Цифрлық технология жылдам дамып, осы үрдістерді жаңа деңгейге көтеріп, медианың рөлі мен ықпалын одан әрі күшейтеді. Бұл үрдістер әрбір маманның біліктілігін арттырып, жаңашылдықтарға бейімделуге мүмкіндік береді. Astana Media Week медиа саласының көшбасшыларын, кәсіпқой мамандар мен сарапшыларды бір алаңға жинап, өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналды», делінген министрдің хатында.
Вице-министр Қ.Ысқақов Astana Media Week елімізде ғана емес, жалпы Орталық Азияның медиа кеңістігінде теңдессіз үлгіде қолға алынған маңызы зор іс-шара екенін әрі бұқаралық ақпарат саласында еңбек етіп жүрген журналистер мен өзге де мамандардың бір-бірімен байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, пікір алуандығын туғызып жүрген айтулы іс-шара екенін атап өтті. Сондай-ақ осы жобаның отандық медиа индустрияның қарқын алуына да септігін тигізіп жатқанына тоқталды.
Әлемдік ақпарат алаңындағы мүмкіндік
Медиа апталықтың алғашқы панельдік сессиясы «Қазақстан – әлемдік ақпарат алаңында» тақырына арналды. Саясаттанушы, «Xander Group» бас директоры Ескендір Ақылбаев модераторлық еткен бұл алғашқы панельдік сессияның басты тақырыптық бағыты ретінде еліміздің жаһандық ақпараттық экожүйедегі стратегиялық ұстанымы, оның халықаралық медиа альянстар арқылы ықпалын әрі өңірлік медиа бастамаларды қалыптастырудағы рөлін қарастыру мәселелері қамтылды. Сессия спикерлері негізінен цифрлық трансформацияның сын-қатерлері, оның ішінде киберқауіпсіздік мәселелері, олардың жаһандық трендтер контексіндегі ұлттық медиа кеңістіктің тұрақтылығына әсерін талқылады. Сондай-ақ ұлттық бірегейлік пен халықаралық беделді нығайту элементі ретінде әлемдік аренада қазақстандық мәдени және ақпараттық контентті ілгерілету мүмкіндіктерін де пікірталас тақырыбына арқау етті.
Алғашқы сессияның спикері ретінде пікір білдірген Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақов Қазақстан тек қана ақпарат саласында ғана емес, қоғамның барлық саласында цифрлық әлемге еніп кеткенін және біз осы саладағы өзіміздің бірегейлігімізді қалыптастырып жатқанымызды айтып өтті.
– Сондықтан әлеуметтік желілерді, онлайн-платформаларды қолданатын, оларға иелік ететін кез келген азамат ақпарат көзі болып саналады. Осыған орай заманауи өзгерістерді ескере отырып, біз әлемдік үдерісте өзіндік орнымызды табуымыз керек. Бұл үшін біз осыдан екі жыл бұрын ақпараттық доктрина әзірледік, – деді вице-министр.
Қ.Ысқақов бірінші кезеңде аталған доктринаның ең басты қағидаты ретінде ақпараттық егемендігімізді сақтау, БАҚ саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық медиа саласының әлеуетін нығайту, шетелдік немесе сыртқы тәуекелдерге төтеп беру екенін атады.
– Екінші кезеңде біз онлайн платформа туралы заң жобасын қабылдадық. Сол арқылы онлайн-платформа, яғни әлеуметтік желі тұтынушыларын бір бөлек, БАҚ саласы өкілдерін бір бөлек жүйеледік. Өйткені оларды тең дәрежеде қарастыру дұрыс емес деп санаймыз, – деді ол.
Сондай-ақ вице-министр заңнамалық өзгерістердің айқын мысалы ретінде биыл қабылданған Масс-медиа туралы заңнамаға тоқталды.
– Масс-медиа туралы заңды қабылдар кезде біз әлемдік тәуекелдерді ескере отырып, заң жобасында бірнеше бағытты айқындап алдық. Ең басты бағыт етіп отандық БАҚ саласының әлеуетін, қорғанысын арттыруды ескердік. Егер кез келген отандасымыз ақпарат көзі ретінде шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін тұтынса, онда бұл жерде ақпараттық қауіпсіздік болмайды. Сондықтан бұл реттегі біздің ең бірінші мақсатымыз – отандық контентті арттыру және оның сапасын көтеру, – деді Қ.Ысқақов.
Цифрландырудың пайдасы мен кемшілігі
Келесі спикер, Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов еліміздегі цифрландыру жобаларының тигізіп жатқан пайдасы мен кей сәттерде алдымыздан кесе-көлденең кездесіп қалып жатқан кемшіліктеріне де назар аударды.
– Біз әлемдік цифрландыру рейтингінде қазір 24-орында тұрмыз. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Мәселен, Kaspi.kz қосымшасы 10 миллионнан көп мәрте жүктелген екен. Яғни аталған банктің онлайн қызметі халықтың өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Қазір қолма-қол ақша ұстайтын адам санаулы-ақ қалған шығар. Ал 2020 жылы осы банктің онлайн жүйесінде аздаған ауытқу болған кезде жұртшылық даурығып, үлкен проблема туындаған еді. Өйткені цифрландыру бүгінде үлкен басымдыққа ие болып отыр, – деді Е.Тұқымов.
Сондай-ақ ол Президент жанындағы ҚСЗИ жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысына сүйене отырып, жұрттың көбіне медицина саласындағы қызмет сапасына көңілі толмайтынын жеткізді. Тіпті өңірлерді айтпағанның өзінде Астана қаласында дәрігерге жазылудың өзі қиямет-қайымға айналған. Яғни спикер цифрландыру саласында әлі де реттейтін тұстар аз емес екенін атап өтті.
Панелдік сессия барысында Тәжікстанның «Джахоннамо» мемлекеттік ақпараттық телеарнасының директоры Садридин Шамсуддинзода Тәжікстандағы телеарналардың жұмысы туралы баяндады.
Әрбір ақпаратта елдік көзқарас болған жөн
«Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған телеарнаның басты ұстанымына тоқталды. Яғни бүгінгі гибридтік қақтығыстар заманында телеарна өзінің бұрынғы имиджімен өмір сүре алмайтынын, бұрынғы тарих пен мәдениеттен бөлек, қандай ақпарат таратса да әлемге өзінің көзқарасын білдіру керек екенін айтты.
– Біз әлемге өзіміз туралы айтуымыз керек. Мәселен, танымал ақпарат құралдары, үлкен телеарналар Қазақстан туралы біздің айтқандарымызды сыртқа қайталап беріп жатыр. Неге біз әлемге біреу арқылы емес, өзімізді өзіміз көрсетпеске? Сондықтан бірнеше тілде ақпарат тарататын «Jibek Joly» телеарнасы алдына осындай үлкен мақсат қойып отыр. Қазір біздің ақпараттық бағдарламаларымыздың айына кемінде төрт-бес материалын шетелдік басылымдар дереккөз ретінде алып отыр. Бұл – бір жағынан Астана түрлі бағыттағы халықаралық іргелі іс-шаралар өтетін саяси ортаға айналғанының айғағы. Алға қойып отырған мақсатымыздың бірі – Орталық Азияның даусына айналу бағытында жұмыстарды қолға алдық. Орталық Азия елдерінің экологиялық, гендерлік теңдік, әйел мен бала құқығы секілді ортақ мәселелерін көтермекпіз. Өйткені әлемге тек Қазақстанның жеке өзінен гөрі, жалпы Орталық Азияның өмірі, тыныс-тіршілігі көбірек қызығырақ. Сол себепті өңірдің дауысына айналу біз үшін алдымызға үлкен мақсат қойып отыр. Сондықтан қандай ақпарат дайындасақ та өзіміздің көзқарасымызды, болмысымызды, ұстанымдарымызды еркін енгізе беруіміз керек, – деді телеарна директоры.
Бәсекеге қабілетті маман дайындау қажет
Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орынбасары, журналист Ерболат Мұхамеджанов бүгін біздің медиа кеңістік ақпарат тарату алаңы ғана емес, тұтас елдің бейнесін қалыптастыратын, елден шыққан әрбір ақпарат мемлекетіміздің бет-бейнесіне тікелей әсер ететін жағдайға жеткенін атап өтті. Сондай-ақ ол тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, әлемдік деңгейде ақпарат тарата алатын, халықаралық тәжірибені жетік меңгерген журналистерді даярлай алмай отырғанымызды айтты.
– Біз өзіміз туралы таныстырғанда Қазақстан деген картадағы тоғызыншы орынды алатын ел екенін 30 жыл бойы айтып келдік. Яғни біздің жеріміздің кең екенін, мұнайымыздың көптігін айта беру жеткіліксіз. Бізге жаһандық ақпараттық күн тәртібін қалыптастыратын уақыт келді. Бұл үшін әлемдік деңгейдегі журналистер қажет. Бұл – барлық университетке айтылған ортақ сын. Әрине, кей журналистердің жекелеген жетістіктері бар. Бірақ елімізден халықаралық деңгейге шыға алатын ықпалды тілшілерді даярлайтын жүйелі тәсіл әлі қалыптасқан жоқ, – деді Е.Мұхамеджанов.
Осы панельдік сессияда Қазақстандағы «Euronews» телеарнасының өкілі Әсел Қожақова өз презентациясын ұсынып, онда елімізде биыл ғана өз өкілдігін ашқан еуропалық іргелі телеарнаның жобаларымен таныстырды.
Astana Media Week-2024 апталығының бірінші күніндегі «Медианың реновациясы (жаңару): заң, қауіпсіздік және трансформация» атты панельдік сессиясында спикерлер құқықтық ортадағы соңғы өзгерістерді, олардың медиаға стратегиялық әсерін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты сын-қатерлерді талдап, жасанды интеллект пен жаңа медианың интеграциясынан туындаған медиа-экожүйенің терең өзгерістерін, медиа этиканың бүгінгі жай-күйін қарастырды. Бұған қоса жаһандық контексте медианың болашағын анықтайтын негізгі трендтерге болжам жасады.
Ал одан кейінгі спорт менеджері, журналист Жігер Әзбергенов модераторлық еткен спорт журналистикасы саласын қаузаған «Эмоциялармен бөлісу: спорттық бұқаралық ақпарат құралдарының жанкүйерлердің арасында қызығушылықты қалыптастыруда және сақтауда әсері» тақырыбындағы панельдік сессияда спорт журналистикасының қазіргі жай-күйі, бәсеке қабілетті маман даярлау, сондай-ақ журналистік этика, ақпараттың ақ-қарасын ажырату, әлеуметтік желінің әсері мен әлегі сынды өзекті мәселелер пікір аламанында талқыға салынды.
Медиаэтика және журналист мәртебесі
Әлемдік тенденциялар мен отандық медиа нарық талқыланған алаңда журналистерге арнайы интерактив ұйымдастырылды. Кәсіби психолог Анжела Гарипова билік пен қоғам арасындағы көпір іспетті тоқтаусыз қызмет атқаратын мамандардың жұмыс қарқынын, шығармашылық әлеуетін арттыруға сеп болар әдіс-тәсілдермен бөлісті.
Жиын әрі қарай «Толассыз ақпарат аймақтық БАҚ жұмысын қалай өзгертуде? Медиаэтика және журналист мәртебесі» тақырыбымен жалғасты. Алғаш болып сөз алған «Qazaqstan» телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім жаһандық этика, медиа-коммуникация саласындағы зерттеулерге тоқталды.
– Әлемде өзін-өзі құрметтейтін журналистер, арнайы медиа орталықтар, ұжымдар «Журналист этикасының жаһандық хартиясы» сынды кәсіби этикалық кодекстер мен нормалар топтастырылған құжаттарға иек артады. Көпке танымал ВВС, «Euronews» сынды алпауыт редакциялардың да өзіндік стандарттары мен қабылданған құжаттары бар. Негізінен, бұл талап пен тәртіп әр мемлекеттің білікті маманы ұстанатын ережелерге ұқсас. Мәселен, сөз бостандығы, жауапкершілік, обьективтілік, бейтараптылық, ақпараттың дәлдігі. Аталған құндылықтар медиа стандарт негізіне жатады. «Internews» ұйымының еліміздің ақпараттық нарығына жүргізген зерттеулеріне назар салсақ, отандастарымыз жаңалықтың 85%-ын интернеттен оқитынын айтқан. Дегенмен жұртшылықтың 60-70%-ы теледидардағы дерекке сенім білдіретінін жеткізген. Демек, дәстүрлі медианың белгілі бір дәрежеде артықшылықтары бар. Біріншіден, қандай да бір құбылыс, оқиға, ақпарат толығырақ көрсетіледі. Екіншіден, арнайы сүзбеден, тексерістен өтіп, жарияланады, – дейді Б.Мүрсәлім.
Ақпараттық технология сағаттап емес, секундтап дамып жатқан мезетте бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа міндет пен мақсат жүктеле беретіні анық. Панельдік сессияда осы кезеңдегі өңірлік БАҚ тәжірибесіне де зейін қойылды.
– Толассыз ақпарат айдынында аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары да тосыннан тап келген сынақтарда жедел шешім қабылдап, тенденцияларға тез бейімделіп келеді. Өйткені бұл олардың жұмыс сапасына, мазмұнына әрі көрермен тартуына тікелей әсер етеді. Осы орайда өңірлердегі журналистер, медиа ұйымдар, интернет порталдар сенімсіз және манипуляциялық деректерді таралуын болдырмау үшін этикалық стандарттарды сақтауға ерекше назар аударуы қажет. Жалпы, өңірлік БАҚ журналистиканың кәсіби деңгейін сақтауға және ақпараттың ашықтығы мен дәлдігі арқылы халықтың сенімін арттыруға басымдық беріп отыр, – дейді ТДК-42 (Орал) телеарнасының директоры Рустам Машарипов.
Бүгінде медиа платформа фейк ақпаратпен күресіп әлек. «Caspian news» телеарнасының директоры Қазбек Кертаев аймақтық БАҚ-тың конвергенция әдісін ұтымды пайдаланып, жергілікті халыққа сенімді ақпарат таратудағы өзіндік тәжірибесімен бөлісті.
– Республикалық және өңірлік БАҚ-тың өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, қазір аймақтағы телеарналардың көрермендері бөлек. Яғни тұрғындар өзінің жергілікті аумағына қатысты жаңалықтарды көбірек көргісі, тыңдағысы, оқығысы келеді. Салыстырмалы түрде қарасақ, жергілікті телеарналарда ресурс аз. Штаттағы маман саны да шектеулі. Техникалық тұрғыда әлеуеті де керемет емес. Сондықтан санаулы қызметкерлерге көбірек жүк артылады. Мәселен, тасқын кезінде тұрғындарға жедел ақпарат тарату үшін алдын ала болжам жасалған ауыл, аудандарға арнайы түсірілім тобын жібердік. Оны ең бірінші әлеуметтік желіге жүктеп отырдық. Осылайша, белгілі бір деңгейде дереккөз болдық, – дейді Қ.Кертаев.
Бұған қоса «Медиа трендтер: классикалық платформадан цифрлық медиа-экожүйеге дейін» атты сессия, «Superconnected: ЖИ, цифрлық медиа және техно-әлеуметтік өмірдің болашағы» тақырыбында визионерлік лекция өтті. Ал апталыққа қатысушылар қазақ тіліндегі аббревиатураларды сауаттылығына арналған «Мақсат» бұқаралық диктантын жазды. Оған әр өңірден келген газет-журналдың, радио, телеарналардың, ақпараттық сайттардың тілшілері мен баспасөз хатшылары қатысты.
Осылайша, кеше басталған еліміздің басты медиа апталығында отандық әрі шетелдік жетекші медиа менеджерлері, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, ақпараттық платформалардың басшылары және тәуелсіз сарапшылар үш күн бойы тәжірибе алмасып, түрлі бағыттағы талқылаулар өткізбек.
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»