Технология • 27 Қыркүйек, 2024

Халіңді білетін жасанды интеллект

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ImmuniGuide» медициналық стартабы иммундық жүйенің жағдайын бағалауға арналған бірегей платформаны жүзеге асырды. Отандық ғалымдар әзірлеген осы инновациялық өнім онкологиялық клиникада сәтті іске қосылды.

Халіңді білетін жасанды интеллект

Сурет: ru.freepik.com

Инновациялық медицина ғылыми-клиникалық орталығы дәрігерлерінен құ­ралған команданың айтуынша, жоба­ның негізгі мақсаты – халыққа тегін әрі қол­жетімді скрининг ұсыну. Платформа жал­­пы қан талдауының нәтижелеріне негіз­­делген иммунологиялық дерек­тер­дің кең ауқымын талдайды, жасырын ин­фек­­цияларды анықтап, организмнің ауру-сырқауға, екпеге, физикалық жүк­те­­ме­лер мен стреске әсерін бақы­лауға кө­мек­теседі. Сонымен қатар аталған қо­­­­сым­­ша иммунитетті қа­лып­­та ұстап, ны­­­ғай­ту үшін нақты ұсыныстар айтады. «ImmuniGuide» жобасының автор­ла­ры – Нұр­лы­бек Өдер­баев пен Игорь Пона­ма­рев.

«Ойымызда жобаның алғашқы ұшқыны 2016 жылы пайда болды. Содан бері 8 жыл тынбай еңбектендік, іздендік, жемісін енді көріп жатырмыз. Осы уақыт ішінде 4 авторлық құқық алып, сауда маркасын тіркеп қана қоймай, платформаның құрылымын қайта қарап, оған жасанды интеллектіні қостық. Биыл шілдеде өнімді өндіріске сәтті енгізіп, белсенді қолданып жатқан клиникалар мен емханаларда жақсы көрсеткіштер байқап отырмыз. Платформа ұсынған нәтижелердің дәлдігі орташа есеппен 98,7%-ды құрайды. Мұның тәжірибе мен ғылыми тұрғыда дәлелі бар», деді «ImmuniGuide» негі­зін тең қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, дәрі­гер-онколог Нұрлыбек Өдер­баев.

Жобаның басты ар­тық­шылығы – медициналық де­рек­­терді жоғары жылдам­дық­пен, дәлдікпен өңдей алатын жасанды интеллект, бұл егжей-тегжей жекелендірілген есептерді кез келген тілде ұсынуға мүмкіндік береді.

Отандық өнім денсаулық сақтау саласын жақсартуға жоғары әлеует көрсетіп, халықаралық алаңға шығуға дайын екенін танытты. Ә де­геннен-ақ бұл жобаға шетелден қызығушылық таныт­қандар біршама. Атап айт­қанда, қазір Малайзия тара­пымен платформаны сол ай­мақта сынақтан өткізу бо­йынша келіссөз жүргізіліп жатыр. Жоба жетекшілерінің айтуынша, алдағы уақытта технология аясын кеңейтіп, Азия, Еуропа, АҚШ елдеріне енгізу жос­парланып отыр.