Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР
Еліміздің әр қиырынан жыл сайын Алматыға ағылған жұрттың қарасы қалың. Миллиондар мекендеген мегаполисті ішкі көші-қонның ең танымал бағыты деуге болады. Статистикаға салсақ, былтыр жаз айларының өзінде ел аймақтарынан 17 477 азамат Алматыға қоныс аударған. Кейінгі дерекке сәйкес, Алматы қаласы халқының саны 2 млн 264,5 мың адамды құрап отыр. Ал қала мен Алматы агломерациясын қоса алғанда 3,6 млн адам оңтүстік астананы мекен етеді. Күн сайын қалаға қоғамдық көлікпен 150 мыңға жуық адам және 230 мыңға жуық жеке көлік кіреді. Кейінгі жылдары көші-қон есебінен халықтың өсуі шамамен 60%-ды, ал табиғи өсім 40%-ды құраған.
Бірер жыл бұрын Президент пәрменімен еліміздегі агломерацияның ең ірі орталығына айрықша мән беріліп, Алматы қаласы мен Алматы облысының даму мәселесінде әкімдер бірлесе жұмыс атқаруы қажеттігі назарға алынды. Үкіметке тиісті тапсырма беріліп, Алматы агломерациясын басқару жөніндегі кеңес мардымсыз отырыс өткізу алаңы болып қалмай, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруде кәсібилікке, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға әрі қала мен қала маңы аумағын үйлесімді дамытуға басымдық беру міндеттелген.
Үкімет бекіткен Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары өңірдің орнықты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Стратегиялық маңызды жоба аясында қолжетімді тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салу, сапалы инженерлік инфрақұрылым құру, қала мен облыс арасындағы көлік байланысын жақсарту, теміржол тасымалының сапасын арттыру, өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыру бағытында шағын өнеркәсіптік парктер құру, Индустриалды аймақты кеңейту, өндіріс ошақтарын облыс аумағына көшіру секілді мақсаттар көзделген.
Қала әкімі Ерболат Досаев маятниктік көші-қонды ескере отырып, қаланың күнделікті халқы шашамен 3 млн адамды құрағанын, қала маңындағы аймақпен көліктік байланыс, су бұру, энергиямен жабдықтау, жұмыс орындарын көбейту бағытындағы жұмыстар қарқынды дами беретінін айтып келеді. Алматы агломерациясын дамыту жоспарында 130 іс-шара өткізу көзделген болса, оның 77-сін Алматы облысы жүзеге асыруға тиіс. Бұл ретте бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынды Алматыдан тыс жерлерге көшіру мәселесі тұр. Осыған байланысты әкімдіктер кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізуді қолға алған. Айналасы аз уақытта атқарылған шаруа аз емес. Десе де агломерацияға айналған басқа да ірі қалалар сияқты Алматының да өз сын-қатерлері бар. Бұл бірнеше жылдың ішінде оңай шешімін таба салар мәселе еместігі тағы анық.
Мегаполис маңындағы ауыл тұрғындарының Алматыға жаппай ағылуының себебі сан алуан. Сарапшылар Алматыны елдегі өмір сүруге ең қолайлы қаланың бірі деп санайды. Халықаралық «Economist Intelligence Unit» зерттеу компаниясы 5 жыл бұрын шаһарды әлемдегі тіршілік кешуге оңтайлы 100 қаланың тізіміне қосқан. Зерттеуде үздік қалалар 100 балдық жүйемен 5 негізгі бағыт бойынша сараланған. Ұйым Алматының тұрақтылығын – 75, денсаулық сақтау саласын – 66,7, мәдениеті мен қоршаған ортасын – 57,6, білім саласын – 66,7; инфрақұрылымын 66,7 балға бағалаған.
– Қаланың айналасында Алматы агломерациясы қалыптасуы – уақыт талабынан туындаған заңды құбылыс. Осыған байланысты қала тұрғындарының нақты саны өсіп келеді. Жобамен халықтың 18-20%-ы – Алматыға оқуға келіп-кететіндер. Тағы 30-40%-ы медициналық қызмет алу мақсатында келеді. Алматы маңайындағы аудандарда бұл қызметке деген сұраныс қамтамасыз етілген. Тұрғындар қалаға көп жағдайда дәрігер тапшылығынан емес, сапасы жоғары мамандардың қызметін алу мақсатында келеді. Алматы агломерациясы аумағындағы елдің жартысына жуығының тұрақты жұмыс орны – қала ішінде. Өзге өңірлерден келетін студенттердің де дені – Алматыда. Шаһарға кіретін көліктерді шектеумен емес, қала сыртындағы тұрғындардың қалаға жиі қатынау қажеттігі болмайтындай жағдай жасаумен айналысу керек. Алматының шеткері аймақтарында тұратын азаматтар қаланың орталығына жету үшін кемі 2,5 сағатын жолда, көлік кептелісінде жоғалтады, – дейді әлеуметтанушы Нұрлан Асқарұлы.
Сарапшы атап өткендей, көлік кептелісі – мегаполис үшін бас ауыртар басты тақырып. Алматы қаласына ең жақын орналасқан, алайда Алматы облысы аумағына кіретін 5 ауданның өзінде 200 мыңнан аса автокөлік тіркелген. Кептеліс уақытында олар қаланың көліктік проблемасын ушықтырып, экологияны ластап жатқаны айтпаса да түсінікті. Мұнда транзиттік жолаушылар ағынының үлесі де бар. Кейінгі жылдары Алтынорда, Талғар, Құлжа тасжолы мен басқа да бағыттардағы жолдарды кеңейту жұмыстары қолға алына бастады. Дегенмен тұрғындарды титықтатқан кептеліс мәселесі жуық арада шешімін таба алмайтынға ұқсайды.
Экология мен көлік кептелісі – шаһардың жазылмай келе жатқан жарасы. Қос проблеманың түйінін тарқатуға қаладағы көлік санын ретке келтіру мен жылыту қазандығын газға көшіру қажеттігін экологтер бес-алты жыл бедерінде жарыса айтып жүр. Өндірістің өрге жылжуы мен түрлі тұрмыстық игілік қоршаған ортаға залалын тигізбей тұрмайды. Қаладағы бірқатар даңғылды ұзарту жұмыстары толық аяқталып, жолайрықтардың құрылысы қарқын алса, метро бекеттерінің саны артса, кептеліс сәл де болса сейіледі деген үміт басым.
– Қаланың Қаскелең, Талғар тарапындағы кіреберіс қақпаларына үлкен көлік тұрақтарын орнатып, шаһар ішінде бірыңғай қоғамдық көліктермен қатынауға үндеп, қажет болса мәселені заң шеңберінде шешудің тетіктерін тапқан жөн. Дамыған елдердегідей үлкен қалаларға ауыр жүк көліктерін мүлдем кіргізбеу керек. Алып қоймалар салып, қажетті заттарды шағын жүк көліктері арқылы ғана қалаға тасымалдаған ләзім. Мәселен, бір ғана көліктің жыл ішінде ауаға тастайтын қалдықтарының ішінде көмірқышқыл тотығы 800 килоны, азот тотығы 40 килоны құрайды. Басқа да ауаға тарайтын көмірқышқыл заттары бар. Осылайша, көлік түтінімен қоршаған ортаға 200-ден аса зиянды зат бөлінеді. Жалпы, ел аумағында қоршаған ортаны ластайтын заттардың 60 пайызы – көліктерден. Оған қоса жанармай құю бекеттеріндегі бензин мен дизель сапасын күн сайын тексеріп отыру қажет. Алматының 2,2 млн тұрғыны бар. Алайда экологиялық ахуал 20 млн халық шоғырланған Мехико, 17 млн халық өмір сүретін Тегеран мен Шанхай, 10-15 млн аралығында халқы бар Нью-Йорк, Ыстанбұл, Мәскеу сияқты қалалармен қатар тұр. Мемлекет үшін адам денсаулығынан асқан байлық жоқ. Алматы агломерациясында көзделген барлық жоспар лайықты жүзеге асады деп сенеміз, – дейді қоғам белсендісі Жандос Әлімғожа.
Ал саясаттанушы Эдуард Полетаев инфрақұрылым мәселесінің шешілмеуі экономика тынысын тарылта беретінін, қоғамдық көліктегі проблемаларға байланысты жолаушылар жеке көліктерге тәуелді екенін айтады. Урбанист-ғалымның сөзінше, жолды кеңейту мен жолайрықтар салу мәселені түбегейлі шешпейді. Алдағы уақытта мұны жоғары жылдамдықты трамвай (LRT) және метро құрылысымен жалғастыру керек.
«Инклюзивті шешім қабылдау тетіктерін әзірлеуге басымдық беріп, ашықтықты дамыту қажет. Қала құрылысы жобасына үкіметтік емес ұйымдарды, жергілікті қоғамдастықтарды, қабылданған шешімдерге тікелей әсер ететіндерді тарту керек», дейді ол.
Жыл басында Алматы мен қала аумағында орын алған жер дүмпулері сейсмикалық қауіпті аймақ тұрғындарын үрей құшағына алғаны мәлім. Сол тұста жоғары қабаттағы пәтерлерді сатылымға қою деңгейі үдеп, қала іргесіндегі жер үйлерге сұраныс артқан. Алайда статистика ішкі көші-қонда бәлендей жаңалық жоқ екенін, Алматыға ат басын бұрып жатқандардың саны жылдағыдан артпаса кемімегенін көрсетіп отыр.
«Кез келген іске ғылыми көзқараспен келу керек. Алматының сейсмикасы, экологиясы, қанша тұрғынға лайықталды деген мәселе өткен ғасырдың 80-жылдарынан кейін кешенді түрде зерттелген емес. Себебі қаланың жағдайын, мүмкіндігін жан-жақты зерттеп, тиісті орындарға хабарлап отыратын ғылыми зерттеу институттары жабылып қалды. Біз Алматыны кеңейту туралы шешім қабылдағанда қаланың экологиясы, сейсмологиясы жайлы кешенді зерттеу жүргізуіміз керек еді. Себебі қала ластанған ауаны жел көтеріп алып кететін жазық далада емес, тау баурайындағы қазандықта орналасқан. Алматыда мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан көпқабатты үйлерде немесе қала сыртындағы жекеменшік үйлерде сейсмикалық және экологиялық талаптар сақтала ма деген сауал толғандырады», дейді эколог Беделбек Таласбай.
Агломерацияның ауқымды міндеттері туралы айтқанда білім беру, денсаулық сақтау салаларының инфрақұрылымын дамыту проблемасы алғы шепте аталатыны анық. Маятниктік көші-қонның бақыланбауынан балабақшаларға, мектептерге, білім мекемелеріне жоғары жүктеме түседі. Қазіргі уақытта балаларды біліммен қамтамасыз етуге қаланың маңындағы бөлігінде үш ауысымда оқыту қолданылады. Бұл білім сапасының төмендеуіне, мекеменің педагогикалық құрамына жоғары жүктеме түсуіне әкеледі. Осы міндеттерді шешуге бағытталған кешенді жоспарлар кешіктірмей орындалып, қолданыстағы нысандарды жаңарту, қосымша білім беру мекемелерін салу ісі қарқын алса игі.
Өңірдегі инженерлік желілердің тозуы – өзекті проблемалар қатарында. Тұрмыстық қалдықтар көлемінің ұлғаюы, қалдықтарды қайта кәдеге жарату ісінің жолға қойылмауы экологиялық проблемалар туындатып отыр. Электр энергиясының жетіспеушілігі, электр қуатының жиі үзілуі, сондай-ақ ескірген энергетикалық инфрақұрылым өңірдің жұмыс істеу сапасына тікелей әсер ететіні мәлім. Жылумен жабдықтау және газбен жабдықтау желілеріне қатысты проблемалар да аз емес. Мамандар бұл мәселелер бірте-бірте шешімін табатынын айтады.
Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай Алматы қаласы халқының саны 2,5 млн-ға жетеді. Ал 2040 жылы – 3 млн, 2050 жылға қарай 3,6 млн-ға дейін өсуі ықтимал. Табиғи өсім 2021 жылғы 47 пайыздан 2050 жылға қарай 60 пайызға дейін артады. Қаланың бас жоспарын әзірлеуге қатысушылардың бірі Тамара Залогинаның пікірінше, мұнша халықты баспанамен қамтуға 2040 жылға дейін 45,6 млн шаршы метр тұрғын үй болуға тиіс. 2030 жылға дейінгі бас жоспар бойынша жобалық ұсыныстардың бірінші кезеңін іске асыру үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 1 трлн 391 млрд теңге инвестиция қажет. Инвестициялардың басым бөлігі мектеп пен мектепке дейінгі білім беруді дамыту, денсаулық сақтау мекемелерін жетілдіру ісіне жұмсалмақ. Мегаполисте 2040 жылға дейін 188 мектеп пен 300-ден аса балабақша салынады. Жобамен 2030 жылға дейін қалада 180 мыңға жуық жұмыс орны құрылуға тиіс. Оның 30%-ы полицей, өрт сөндіруші, дәрігер, мұғалім секілді әлеуметтік сала мен тіршілікті қамтамасыз етуге бағытталған салаларға тиесілі, ал қалған 70 пайызы – мамандандырылған жұмыс орындары.
АЛМАТЫ