Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Халықаралық сарапшылар дерегіне сүйенсек, біздің банктер ресурсқа бай елдер ішіндегі көп пайда табатын банктер санатына жатады. Сонда да банктер беретін несиесінің 70%-ы – тұтынушылық несие.
– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіндегі әріптестеріміз биыл тұтынушылық несиелердің өсу қарқынын сәл бәсеңдетуге көмектесетін белгілі бір шараларды енгізді. Біз биыл жыл соңына дейін қабылданған шаралардың салдары қандай болатынын талдауды жоспарлап отырмыз, егер олар жеткіліксіз деп есептесек, онда біз тұтынушылық несиелеудің тым жылдам өсуімен күресу үшін белгілі бір макропруденциалдық құралдармен контрциклдік шараларды бастауға болады. Енді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе отырып, олар бізге тұтынушылық несиелендірудің өсуін біршама бәсеңдетуге көмектесуі керек деп есептейміз, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.
Сонымен қатар А.Баймағамбетов «Курсивке» берген ақпаратында қазірдің өзінде қабылданған шаралар тұтынушылық несиелердің өсуін тежеуге жеткілікті болуы мүмкін деген тосын жаңалық айтты. Соған қарағанда қатаң шаралар қарастырып жатқан көрінеді.
– Мүмкін тұтыну несиелерінің өсуін азайту үшін қабылданған шаралар жеткілікті болар. Жақында агенттік тұтынушылық несиелер бойынша шекті мөлшерлемені, тиімді жылдық мөлшерлемені 10 пайыздық тармаққа төмендеткенін білесіздер, бұл да тұтынушылық несиелеудің тартымдылығын азайтады, – деді ол.
Еске сала кетейік, «ARRFR» тамыз айында кепілсіз банктік қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін жылдық 56%-дан 46%-ға дейін төмендетті. Дегенмен банктер әлі күнге дейін бизнесті несиелендіруге құлықсыз екен-мыс.
Төраға орынбасарының айтуынша, екінші деңгейдегі банктер қаржыландырудың үш нұсқасын таңдай алады. Біріншісі – Үкіметті несиелеу, яғни мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу. Үшіншісі – бизнесті несиелеу, оған салық салынады, бірақ маржасы төмен.
– Сондықтан біз қазір Үкіметпен мемлекеттік бағалы қағаздардан қандай салық алу қажет екенін талқылап жатырмыз. Кем дегенде, бұл іс – банктер алғашқы екі нұсқаны ғана емес, үшінші нұсқаны таңдауға, яғни бизнесті несиелендіруге көбірек көңіл бөлуге ынталандырады, – деді Ұлттық банк өкілі.
Айтпақшы, Ұлттық Банк базалық инфляцияны 2025 жылдың соңына қарай 5% деңгейінде болжап отыр. Алайда жылу, электр энергиясы, су және басқа да реттелетін қызметтердегі тарифтердің өсуін ескерсек, сәл жоғары болуы мүмкін.
– Тарифтік инфляция келесі жылы ЕО-ның соңғы 12 айында 20-30% құрайды, тарифтер сияқты реттелетін қызметтерді қамтымайтын базалық инфляция жыл соңына қарай 5%-ға жақындайды, – деп түсіндірді Баймағамбетов журналистерге.
Қорыта келсек, Ұлттық банк дәстүрлі тәсілдерді қолдана отырып, ақша-несие саясатын қатаңдатуға тырысады.
Ал сарапшы Бауыржан Ысқақов болса, банктерге жауапкершілікті сезінетін кез келді деген ойынан танған емес.
– Банктерге мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін қомақты қаражат құйылды. Мысалы, 2009 жылы 10 млрд доллардан астам көмек көрсетілді, теңгенің теңгерімділігін сақтау үшін 6 млрд доллар ақша бөлінді. Тіпті банктің қайта құрылымдау үдерісін қалыптастыру үшін жәрдемдесті. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген түсінік бар, яғни мемлекет керек уақытта банктерге көмектесіп, дағдарыстан шығуға жағдай жасаса, олардың да экономикаға қосатын үлесі артуы керек. Егер банктер болашағын елмен байланыстырса, бұл оларға үлкен мүмкіндік. Үкіметтің бизнестік ортаға, инвестициялық климатқа жасап отырған жағдайы біз секілді дамып келе жатқан мемлекеттерден анағұрлым жоғары. Экономика дамыған сайын банктердің де кәсібі өрлей түсетінін ұғыну керек. Сол арқылы халықтың төлем қабілеттілігі артып, қайтарылмай жатқан қаржының да қайтарылуы тез болады, – деген пікірде.
Мысалы, Еуропада банктердің экономикадағы қаржыландыру үлесі – 55-60%. Ал АҚШ-та 80%-ға дейін барады. Бұл – банктер экономикаға несие бере отырып, қаншама әлеуметтік мәселені шешеді деген сөз. Жаңа жұмыс орындары, кәсіпорындардың ашылуы арқылы бюджеттің кіріс бөлігін құрайтын салықтық базаны қалыптастырады. Инфляцияның тежелуіне, нарыққа төленетін несие қаржысының төмендеуіне де әкеледі.
– Тұтынушылық несиеден гөрі экономиканы, бизнесті несиелендіретін қаржы көздерін қарастыру маңызды. Ол үшін бизнестің де, халықтың да ұсынысы ескеріліп, заңда қарастырылғаны дұрыс. Заңда ұлттық мүдде бірінші орында тұруы қажет. Сондай-ақ бәсекелес орта болып, халықаралық банктердің де үлесі артуы керек. Жақсы нәтиже бәсекеден ғана туады, ал ол өз кезегінде сапаға әкеледі. Қорыта айтқанда, экономиканы дамытатын қандай несиелер бар, соның барлығы «Банктер туралы» заңға енгізілуі керек, – дейді сарапшы.