Қоғам • 27 Қыркүйек, 2024

Тізгінсіз Telegram: Желінің жаңа ережесі қылмысты жоюға көмектесе ме?

151 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қолданушылардың құқығын қорғау деген желеумен әлем­дегі ең «жабық» желіге айналған Telegram мессенджері өзінің құпия­лылық саясатын өзгертетін болды. Бұдан былай билік тара­­пынан тиісті сұратулар болған жағдайда заңға қайшы әрекет жасаған, қосымшаны қолдану ережелерін бұзған арна­лар мен боттардың IP-мекенжайлары, сондай-ақ телефон нөмір­лері құқық қорғау органдарына берілмек. Бұл туралы 23 қыр­­күйекте цифрлық платформаның негізін қалаушы Павел Дуров мәлімдеді.

Тізгінсіз Telegram: Желінің жаңа ережесі қылмысты жоюға көмектесе ме?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Оның айтуынша, кейінгі бір­неше аптада арна­йы модераторлар командасы жасанды интеллектіні пай­далану арқылы заңға қайшы контенттің бәрін бұғаттап, іздеу жүйесін қауіпсіз етуге күш салған. «Telegram-дағы іздеу жүйесі басқа қосымшаларға қарағанда әлдеқайда дамыған, ол қолданушыларға жал­пыға қолжетімді арналар мен боттарды табуға мүмкіндік береді. Өкі­нішке қарай, кейбір адамдар заңсыз тауарларын сату мақсатында біздің ережелерімізді бұзып, осы функция­ны теріс мақсаттарына пайдаланып кетті», деді П.Дуров.

Telegram басшысы бұл қабыл­дан­ған шешім қылмыскерлердің теріс әрекетіне тосқауыл қоятынын, сондай-ақ қосымшаның жағымды имиджін сақтап қалатынын айта келе: «Іздеу жүйесі заңсыз тауар­ларды өткізуге емес, достар мен жаңалықтарды табуға арналған. Біз теріс пиғылдылардың мил­лиард­қа жуық қолданушысы бар плат­фор­мамыздың имиджіне нұқсан келтіруіне жол бермейміз», деді.

2013 жылы пайда болған Telegram платформасы өрісін кеңге жайып, әсіресе кейінгі 5 жылдың ішінде ауди­ториясы төрт есеге өсті. Қазіргі күні 950 млн адам пайдаланатын ол дүниедегі ең ірі әлеуметтік желілердің ондығына кіреді. 2023 жылы мессенджерді әлем бойынша Үндістан тұрғындары ең көп жүктеген. Нақты айтқанда, 104,04 млн адам мұны өз гаджетіне орнатыпты. Екінші орында – Ресей (34,4 млн жүктеу), үшінші орында – Индонезия (27,21 млн). Ал біздің елімізде былтыр мессенджер 7,58 млн рет жүктелді, бұл көрсеткішпен әлемде 13-орында тұрмыз. Көріп отырғанымыздай, Telegram Азия мен ТМД елдерінде қатты танымал, алайда Еуропа мен АҚШ-та қолданушылар қатары айтар­лықтай көп емес. Ал Қытай, Пәкістан, Иран елдері оған мүлдем тыйым салған.

Telegram-ның тез танымал болып кетуіне қолданушылардың жеке мәліметтерінің қатаң қор­­ғалуы себеп болғаны айдан анық. Жоба авторы бұл мүмкіндікті ал­да­ғы уақытта қылмыскерлер мен пиғылы теріс адамдар да пайдаланып кететінін білмеді деп айту қиын. Бірақ білсе де, желінің тез таралуы мен танымал болуы үшін осындай қадамға барғанына шүбә жоқ. Кейінгі жылдары цифрлық платформа порнографиялық материалдар, оның ішінде балалар порнографиясы, адам саудасымен айналысатындар, есірткі сататындар, алаяқтар, өзге де «жасырын» әрекет етуді көздейтін қылмыскерлердің нағыз «ордасына» айналып шыға келді. Олардың кім екенін құқық қорғау органдары да біле алмайтын.

«Қылмыскерлерді қызғыштай қорғады» деп айып тағылған П.Дуровтың бұл әрекеті, әрине, көп елдің билігіне ұнай қойған жоқ. Дегенмен Telegram-ның құпия желі болып қалғанын қалайтындар да аз емес еді. Содан да шығар, желі иесіне қатысты қудалау шаралары бұған дейін болған жоқ. Алайда француз жандармериясының шыдамы шегіне жетсе керек, 24 тамызда жеке ұшағымен Париж әуежайына қонған Дуровты бірден қолға түсіріп, 96 сағат бойы тергеп, оның соңы құпиялылық саясатының өзгеретіні туралы мәлімдемеге ұласып отыр.

Қазір әлемде бұл өзгерісті қол­даушылар да, оған қарсы шық­қандар да аз емес. Кейбір сарапшының айтуынша, модера­тор­лардың қауіпті контентті қол­же­тімсіз қылып қоюы жеткі­ліксіз. Мәселен, Стэнфорд университеті (Калифорния, АҚШ) Интернет және қоғам орталығының сарапшысы Дафна Келлер заңсыз контентті жасырып қою оның кейін қайтадан пайда болуына жол ашатынын, сондықтан платформадан толықтай өшірілуге тиіс екенін айтады. Ал Торонто университеті (Канада) Азаматтық зертханасының маманы Джон Скотт-Рейлтонның пікірінше, бұл өзгерістер Telegram-ды саяси пікірталас үшін пайдаланатын адамдарға жағымсыз әсер етіп, сөз бостандығын шектеуі мүмкін. «Плат­форманы өзінің сая­си көз­қарастарын ашық білдіруге қолданатын адамдар Telegram әкім­шілігі тоталитарлық режімдер билігімен ауыз жаласады деп қауіп­тенеді» дейді ол.

П.Дуровтың мәлімдемесінен кейін еліміздің мемлекеттік ор­гандары мен сарапшыларының да осы мәселеге қатысты пікірін білген едік. Олар бұл шешім есірткі сату мен фейк ақпарат тарату секілді келеңсіздіктерге жол ашып отырған Telegram арна­ла­рының жүгенсіздігіне тосқауыл қоятынын айтады. Ал медиаменеджер Қанат Сахария желіде отырған қылмыскерлердің IP-мекенжайларын құқық қорғау органдарына беру Telegram мессенджері­нің одан әрі дамуына зор ықпал ететінін жеткізді.

«Екі жыл бұрын Польшада өткен конференцияға қатыс­қа­ным­да, ол жердегі халықтың Telegram желісін мүлдем пайдаланбайтынын көріп таңғалғаным бар. Сөйт­сем, қылмыскерлер үйір келетін платформа Еуропада аса танымал емес екен. П.Дуровтың кешегі мәлімдемесі дұрыс шешім болғанына шүбә жоқ. Бұдан былай Telegram қаптап кеткен анонимді «қоқыстан» тазарып, хат алмасу мен коммуникацияның саламатты алаңына айналады деп ойлаймыз. Жалған ақпарат тарататын фейк арналардың қоғамға қаупі есірткі тарататын арналардан кем емес. Өйткені ол «халық сенімі» секілді базалық ұғымға көлеңкесін түсіреді. Бұрмаланған ақпаратпен жұрттың миы уланғаннан кейін олар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына да сенуден қалады. Шындық пен өтіріктің ара-жігін айыра алмайды», дейді Қ.Сахария.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­­кәсібі министрлігі Ақпарат­тық қауіп­сіздік комитеті төраға­сының орынбасары Үмітжан Арық­бе­ко­ваның айтуынша, министр­лік цифрлық платформалармен қарым-қатынас орнатқан. Соның ішінде Telegram-ның біздің елімізге жауапты өкілімен байланысқа шығып, оның байланыс мәліметтерін Мәдениет және ақпарат министрлігіне бергенін айтады. Егер желі арналарында заңға қайшы ақпарат тара­лып жатса, оларды бұғаттау жұ­­мысымен Мәдениет және ақпа­рат министрлігі айналысатынын жеткізді.

Біздің елімізде Telegram ар­на­лары арқылы жасалатын құқық бұзу­шылықтың кең тара­ған түрі – есірткі тарату. Біз бұған дейін де осы тақырыпта тәр­тіп сақшыларымен сұхбат құр­ға­­нымызда, олар Telegram арналарына қатысты шағымын жеткізген еді. Атап айтқанда, бұл арналар қылмыскерлердің шетелде отырып-ақ елімізде саудаларын жүргізуіне, «жасырып кетушілермен» емін-еркін байланысып, тапсырмаларын беруіне мүмкіндік жасап отыр. Ал оларды ұстау мүмкін емес. Астана қаласы Полиция де­пар­таменті баспасөз қызметінің берген мәліметіне қарағанда, тәртіп сақшылары есірт­кі сататын арнаны анықтаған жағдайда оны Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұғаттау үшін жолдайды екен. Бірақ арнаны жапқанмен артынша ол басқа никнейммен қайтадан пайда болып, жұмысын жалғастыра береді. Бұрынғы жазылушылары да өшіп кетпейді. Егер шын мәнінде арна иелерінің IP-мекенжайлары мен телефон нөмірлерін білу мүмкіндігі туса, бұл есірткі сату секілді қыл­мыс­ты жасап жүргендерге қарсы қуатты соққы болар еді.

«П.Дуровтың жасаған мәлім­де­сесі – әзірге сөз жүзінде ғана берілген уәде. Бұл жөнінде әлі нақты ешқандай шешім қабыл­дан­ған жоқ. Осы әлеуметтік желіде тек есірткі ғана емес, адам саудасы, терроризм, порнография тарату секілді көптеген құқық бұзушылық жасалады. Дегенмен қазірдің өзінде Telegram-дағы анонимді арналар өз контентін таза­лап жатыр. Өйткені олар ертеңгі күні IP-мекенжайлары ар­қылы ұсталатынын жақсы біледі. Telegram шетелдік платформа бол­ғандықтан, алдымен еліміздің тиісті органдары олармен байланыс орнатуы керек. Қазіргі күні полиция еліміздегі халық көп тұтынатын жарнама жасаушы цифрлық платформалармен жұмыс істейді. Ол жерде заңға қайшы мәлімет шығатын болса, бұғаттай аламыз. Telegram-да осындай әрекетті жасау үшін алдымен нақты халықаралық келісім болуы керек», дейді қалалық ПД баспасөз қызметінің мамандары.

Әр адамның қолында бір-бір гаджет жүрген бүгінгі заманда көпке қолжетімді әлеуметтік желілердің қауіпсіз әрі пайдалы болғаны, соның ішінде аудиториясы артып жатқан Telegram-ның да тізгінсіз кетпей, қадағаланып тұрғаны – қоғам талабы.