«Cassaқ» мамандары әзірге арнайы тапсырыспен ғана киім тігіп отыр. Әркім талғамына қарай кеудеше, жейде секілді киімдерді аз уақытта тіктіріп алады. Кәсіпорын саннан бұрын сапаны алға қойғандықтан, матаның жақсысын таңдайды. Тіпті Көшпелілер ойындарында ел намысын қорғаған садақшыларға этностильде киім тігіп, сән-салтанатын жарастырған. Ал осы істің басы-қасында жүрген серіктестер – Аяужан Әшімова мен Перизат Рахатқызы. Аяужан әкімшілік мәселелерге жауап берсе, дизайнерлік мамандықты тәмамдаған Перизат киім тігу сынды жұмыстармен айналысады. Цех мамандары атауына қарай ұлттық нақыштағы киім ғана емес, заманға қарай сәнді көйлек-көншектің түр-түрін лайықтап береді. Бұл жерді цех емес, өнердің қайнаған ордасы десе де болады.
Суретті түсірген – автор
– Өзім дизайнерлік оқуды тәмамдаған соң ателье аштым. Бірақ ойымда үлкен дүние жасау жүрген еді. Содан Аяужанмен танысып, кәсіпті қолға алдық. Қазір ортақ идеяны жүзеге асырып жатырмыз. Кәсіп үлкен болған сайын дамуы баяу жүреді дейді ғой. Алайда біздің бизнес бірден өзін ақтай бастады, – дейді киім дизайнері Перизат Рахатқызы.
Ұлт мүддесіне еңбек еткісі келген олар ең әуелі цех атауын ойластырған. Ақылдаса келе, «Қассақ» деген атауға тоқталыпты. Перизаттың айтуынша, шығысқа келген туристерге Алтайдың бренді іспетті жейде, кеудеше түрлерін ұсынғылары келеді. Әйтпесе, саяхатшыларға ұсынатын бал мен емдік шөптен басқа кәдесыйлар жоқтың қасы.
– Қазір біз халыққа не керегін білу үшін тестік режімде әртүрлі талғамға лайық жұмыстарды қолға алдық. Уақыт өте сұрыпталып, көпшілік сұранысына ие киімдерді одан сайын жетілдіреміз. Әр ауданның бренд киімдерін де ойластырып жатырмыз, – дейді жас кәсіпкер.
Рас, әр ауданның өзіне сай киімдері болса, туристерді сол қызықтыруы мүмкін. Мәселен, Тарбағатай ауданына тау мен арқарды композициялап, жинақы логотип жасаған. Соны Тарбағатайдың тұрғындарына ұсынуды жөн көріп отыр. Тұрғындар ғана емес, сол өңірге саяхаттап барған меймандар да кәдесый ретінде сатып алса болады. Логотиптерді Ерболат Рахатұлы есімді жас маман жасап жүр.
Ішкі интерьері оюмен өрнектелген цехты аралай жүріп, Перизат Рахатқызының шығармашылығы туралы да сұрағанбыз. Айтуынша, дизайнерлік өнер нағашыларынан дарыған. Бес баланы жалғыз өзі өсіріп, жеткізген нағашы апасы ауыл-аймаққа көрпе тігіп, құрақ құрап сатқан.
– Бізде еліктеу бар. Оның жақсы-жаманын кім білсін? Айтпағым, 90-жылдары жастар рэкетке еліктесе, кейін шенеунік болуды мақсат қылды. Қазіргі жастар бизнесте жетістікке жеткісі келеді. Соған қуанамын. Жоспарларымыз ойдағыдай жүзеге асып жатса, жұмысшы мамандықтары арасында түрлі байқау ұйымдастырсақ деймін. Арманымыз көп. Оның бәрін уақыт көрсетеді. Жалпы, не істесек те ұлт үшін деген ұстаным бар, – дейді Перизат.
Жоба-жоспарларын ашып айтпады. Дұрыс та. «Үлкен істі үндемей тындырар бол» дегендей, іспен дәлелдеуді жөн санайды. Ашып айтқан бір ойы – ескі киімдерді қабылдап, оны кәдеге жарату. Бұған дейін жарамсыз джинсы киімдерден түрлі сөмке тігіп, сатқан. Сұраныс өте жоғары көрінеді.
Кәсіпорын серіктесі Аяужан Әшімова цехтың әлі де кеңейе түсетінін айтады.
– Кәсіпті бастамас бұрын көзін табу – жұмыстың біткені. Біз жоба жасап жатқанда-ақ тігін цехының болашағы барына көз жеткіздік. Кейін құжаттарды жинастырып, «Даму» қорынан қолдау алдық. Олар берген 15 млн теңгеге қосымша қаржы қосып, ғимаратқа қол жеткіздік. Құрал-жабдықтарды түгендеп, шикізат материалдарын алдық, – дейді Аяужан Әшімова.
Мұндағы жұмыс істеп отырған екі тігінші – күміс жастағы ақ жаулықты аналар. Білікті де білімді тігіншілер күнделікті жұмыспен қатар тәжірибеден өтетін студенттердің де дағдысын шыңдап, жол көрсетіп жүреді.
ӨСКЕМЕН