Сурет: ru.freepik.com
Еліміздің экономикалық дамуының басты мақсаты – азаматтардың табыс деңгейін арттыру. Көздеген межеге жету үшін экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту маңызды. Осы бағыттарда жастардың белсенділігі шешуші рөл атқаруға тиіс. Жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру үшін арнайы бағдарламалар ұйымдастыру қажет. Мәселен, стартап-байқаулар, кәсіпкерлікке үйрету курстары және тәлімгерлік бағдарламалар арқылы жастарды бизнесте жаңа идеяларды жүзеге асыруға ынталандыруға болады. Осылайша жас кәсіпкерлер елдің экономикалық өсіміне үлесін қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар цифрландыру мен инновацияларды экономиканың барлық саласына енгізу де маңызды. Осы орайда IT саласында білім алып жатқан жастарға тәжірибе алмасу, стартаптар құру, инновациялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін ұсыну керек. Цифрлық экономикада жетістікке жету үшін жастардың жаңа технологияларды меңгеруі оларды өндірісте, қызмет көрсету саласында, күнделікті өмірде қолдануы жұмысты жеңілдететіні анық.
Мемлекет басшысы ғылымды дамытуға ерекше назар аударып, елімізде инновациялық экожүйе құру қажеттігін айтты. Мысалы, студенттер мен жас ғалымдар арасында ғылыми жобалар байқауларын ұйымдастыру, тәжірибе алмасу бағдарламаларын дамыту, шетелдік жетекші ғалымдармен ынтымақтастықты нығайту сияқты шаралар арқылы жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға болады. Сондай-ақ ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту қажет.
Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге ықпал ету маңызды. Бұл үшін университеттерде стартаптар құруға, ғылыми-технологиялық парктер ашуға және өндірістік кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуға жағдай жасаған абзал. Осы арқылы жас ғалымдар өздерінің ғылыми жаңалықтарын нақты өнімге айналдырып, экономиканың дамуына үлес қоса алады.
Жоғары білім саласы – еліміздің зияткерлік әлеуетін арттырудың негізгі көзі. Президент жоғары оқу орындарын интернационалдандыру, олардың сапасын арттыру және нақты экономикамен байланысты күшейту қажеттігін атап өтті. Студенттер мен жас мамандарды жұмысқа орналастыру, оларды нақты өндіріс орындарына тағылымдамаға жіберу, білімін практикада қолдануға мүмкіндік беру бағытында белсенділік таныту қажет.
Жоғары білімнің сапасын арттыруда оқу бағдарламаларын заманауи талаптарға сәйкестендіру, халықаралық стандарттарға сай білім беру, шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты күшейту керек. Студенттер арасында шетелдік тәжірибе алмасу бағдарламаларын насихаттау, шетелдік профессорлар мен мамандарды отандық жоғары оқу орындарына шақыру арқылы білім сапасын арттыру қажет. Бұл еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторына айналатыны, сөзсіз.
Қорытындылай келе, еліміздің болашағы үшін тұрақты даму мен өркендеуге бағытталған жүйелі қадамдар жасау, әсіресе, бірлесе атқарылған жұмыс пен алға қойған мақсаттарға адалдық жарқын болашақтың кепілі болмақ.
Әкежан КЕҢЕСОВ,
Алматы қалалық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы