Шаруашылық • 28 Қыркүйек, 2024

Әйгілі апорт қайта жаңғырады

194 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алмалық ауылында бақ өсіруді дамыту мен апорт алмасын қайта жаңғырту мәселелеріне арналған дәстүрлі «Garden Day – Aport» іс-шарасы өтті. Онда апорт алма сортын жандандыру және сақтау мәселесі көтеріліп, бау-бақша және ауыл шаруашылығындағы озық технологиялар таныстырылды.

Әйгілі апорт қайта жаңғырады

Ұлттық ғылым академия­сының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, еліміздің бақ шаруашылығы саласын дамытуда үлкен әлеуеті бар.

«Мемлекет басшысының бақ шаруашылығын дамыту, сондай-ақ апорт алма сор­тын сақтау, қайта жаңғыр­ту жөніндегі тапсырмасын орын­­дау мақсатында қазір осы әйгілі сортты қайта жаң­ғырту жоспары әзірленді. Апорт­тың әртүрлі формасы ара­сындағы генетикалық айыр­машылықтарды анықтау, сорттық араласуды болдырмау мақсатында таңдалған фор­маларға генотиптеу жүр­гізі­ліп жатыр. «Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу инс­титуты» (ҚазЖКҒЗИ) «Тал­ғар» аймақтық филиа­лы­ның помологиялық бағы не­гі­зінде 5 гектар аумақта апорт­тың «Алматы», Қан­ды-қы­зыл сорттарының ана-черен­калық бағы құрылды. Бақты отырғызу кезінде институт әзірлеген технология негізінде тіндік мәдениет әдісімен сауықтырылған көшет материалы пайдаланылды. Гене­тикалық талдау арқылы апорт сортымен үйлесімділігі бойынша жабайы Сиверс алмасының популяциясынан формалар іріктеліп, сауық­тырылған апорт телісінің материалын өсіруге арналған телітуші негіз ретінде пайдаланылды», деді.

вапр

Апорттың ерекше сорт екенін атап өткен жөн, оны «патша алма» деп те атайды. Ерекшелігі – Алматының тау бөктерінде теңіз деңгейінен 950-ден жоғары және 1 250 метрден төмен жерлерде оң­тайлы шектеулі термалды жағ­дайда жоғары сапалы же­містер береді. Алматы облы­сында апорт өсіруге қо­лай­лы аймақтар – Талғар, Қа­ра­с­ай және Еңбекшіқазақ ауданда­рындағы тау бөктерлерінің тар жолағы. Осыған байланысты апортты қайта жаңғырту мәселесінде оңтүстік-шығыс­тағы төменгі тау бөктері ай­ма­ғында бос жер­лердің қолже­тімділігіне қатысты қосымша қиындық бары айтылды.

Бұл жерде бос жерлердің инвентаризациясын жүргізу, болашақ апорт бақтарының орналасу аймақтарын жүйелеуге климаттық жағдайлар, топы­рақтағы негізгі қоректік эле­менттердің құрамы, ылғал­дылық деңгейі сияқты дес­крип­­­торларды қамтитын бі­рың­ғай деректер базасында олардың геоақпараттық тал­дауын мұқият өткізу маңыз­ды. Алматы облысы әкімі­нің орынбасары Нұржан Құ­дай­бергенов апорт өсірудің қиын әрі көп шығынды екенін ескертіп, аймақта апорт бақ­тарының ауданы күрт азай­ғанын алға тартты. Сондық­тан мемлекет пен шаруалар бір­ле­сіп жұмыс істесе, апорт өсіру­ді қайта жандандыруға болатынын айтты.

«Алматы облысы бойынша бақтардың жалпы ауданы жүзімдіктерді қосқанда 18,9 мың гектар. Оның ішінде алма бақтарының ауданы 11,1 мың гектар болса, 2,0 мың гектары – интенсивті алма бақтары. Жыл өткен сайын апорт сортының сапасы төмендеп, түрлі ауруға сезімталдығы себебінен апорт бақтарының көлемі 1 071 гек­тардан 446 гектарға азайды. Апорт бақтарынының алаңын көбейту мақсатында Еңбекшіқазақ, Талғар, Ұйғыр, Қарасай аудандарында бақ көлемін 1 036 гектарға жет­кізуге болады», деді облыс әкімінің орынбасары.

Өңірде апорт сортын өсі­румен «Таиров», «Джульфаев», «Бада­лов», «Баденко», «Шерад­зе», «Байузаков», «Абдуал­лиева Р», «Лунеев», «Зубанов», «Ами­на», «Лазгиев» сынды ірі шаруа қожалықтары мен «Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институты» Талғар аймақтық филиалы ЖШС айналысып келеді.

Нұржан Құдайбергеновтің айтуынша, соңғы жылдары апорт «бактериалық күйік» ка­ран­­тиндік ауруына ұшыраған.

«Бұл жағдай қорғаныс ша­раларын әзірлеуді қажет ете­ді. Өрттің алғашқы инфек­ция­сы әдетте көктемде, гүл­де­ну кезінде дамиды. Бакте­рия­лар гүлге тозаңмен немесе ауру өсімдіктерден сау өсім­діктерге таралатын қоз­дыр­ғыш бактерия­лардың бо­луы­на байланыс­ты түсуі мүм­кін. Тасымалдау агент­тері жәндік­тер, құстар, жаң­быр мен суару суы, жел болуы ықтимал. Атмосфералық ылғалдық шамамен 70 пайыз және ауа тем­пературасы 18 гра­дус­тан жоғары болған кезде бак­те­рия­лар тез көбейіп, бұ­тақ­­тардағы қабық бойымен қоз­ғалады. «Бактериялық күйік­­тің» таралу жылдамдығын бол­­дыр­мау немесе азайтуға фит­о­­­санитарлық шаралар кеше­ні жүргізіледі, оның ішінде аурудың таралу аймақтарынан отырғызу материалын әкелуге тыйым салу, қатты зардап шеккен ағаштардың орнында тамырымен жұлу және өртеу. Осы себептерге байланысты аймақтың шаруалары мен фер­мерлері апорт бақтарын салудан бас тартады», дейді.

Апорт бақтарын салу мемлекет тарапынан шаруашылық жүргізуші субъектілерге қар­жылық көмек көрсетілген жағ­дайда жоғары болмақ. Мы­са­лы, апорт сортын салуға, өсі­руге субсидиялар бөлу қажет.

«Алматы облысында 2025-2029 жылдарға арналған жол картасы негізінде қойылған міндеттерді іске асыруға 1 090 гектар бақ салу қажет. Мем­лекеттік қолдаудың бір түрі – жеңілдетілген несие беру. Апорт сорты жеміс беру ке­зеңіне 7–8 жылда ене­тіндік­тен және ұзақмерзім­ді жоба болғандықтан, шаруашы­лық­тарға несиелеудің тиісті жеңіл­дік кезеңін ұсыну қажет», деді Нұржан Кеңесұлы.

«АФ Талғар» директоры Сағи Солтанбеков «Апортты жаңғыртудың ғылыми тәжі­рибесі – алманың көне сорттарын қайта қалпына келтіру мүмкіндігінің үлгісі» тақыры­бында жасаған баяндамасында апорт сортын қайта жандандыру ғылыми негізделген көзқарасты талап ететінін түсіндірді.

«Соның нәтижесінде Жоң­ғар-Алатау және Іле Алатау ҰМТП аумағында жабайы алма популяциясында 30 форма жиналды. Іріктелген апорт клондары in vitro жағдайында вирустық ауру­лардан сауықтырылды. Мо­лекулярлық талдау негізінде ДНҚ профильдері сәйкес келген 11 сорт-телітуші комбинациясы анықталып, көшет алынды. Алынған көшеттермен 2015 жылы помологиялық бақта 5 гектар учаскеге тәжірибелік бақ отырғызылды. 2022 жылы алғаш­қы өнім алынды. Аталған бақта молекулярлық талдау­мен бактериалды күйік және таз қотыр ауруларына төзім­ді гендері бар формалар анық­тал­ды. Жалпы айтқанда, рес­пуб­ликаның жеміс-жидек дақыл­дарының гендік қоры өте бай. Помологиялық бақ өз жұмысында жеміс дақылда­рының құнды коллекциясын кұрған. Жоғарыда айтылған ғылыми жұмыстар оң нәтиже көрсетті. Сондықтан ол алма­ның басқа да көне сорттарын қайта қалпына келтіру мүмкіндігінің үлгісі деп санаймыз», деген Сағи Солтанбеков жеміс сала­сының қарқынын арттыру, апорт алмасының қайта жандандыруға қатысты бірқатар ұсыныс біл­дірді.

 

Алматы облысы