Театр • 28 Қыркүйек, 2024

Олжа салған «Күйеу бала»

233 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалінде жеңімпаз атанды. Режиссер Дәурен Серғазиннің «Күйеу бала» спектаклі ұлттық драматургия саласында жаңа бір буынның қалыптасып келе жатқанын аңғартты. Қойылымды көріп отырып, бір жылап, бір күлдік.

Олжа салған «Күйеу бала»

Павлодарда Алаш ары­­сы Жүсіпбек Айма­уытұлының 135 жыл­дық мерейтойына арналған «Ер­тіс-Баян» І республикалық театр фестивалі өз мәресіне жетті. 11 театр, жалпы саны 288 актер қа­тыс­қан өнер додасында бекзада кө­рермен еліміздегі ең үздік туын­дыларды тамашалап, рухани ләззат алды. Мәдени майданның лебін сезінді. Ұйымдастырушы – Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек атап өткендей, фестиваль мақсаты – қазақ театр­лары арасында тәжірибе алмасып, актерлер мен көрермен арасына алтын көпір салу.

уе

Елордалық «Жастар театры» ұсынған «Күйеу бала» қойылы­мы өнер додасында сахналан­ған талассыз дүниенің бірі болды. Мұны көзіқарақты көрерменнің өзі бірден аңғарды. Қойылымды көріп отырып бір жылап, бір күлдік. Актерлер мен режиссер тыңғылықты бірлесіп жұмыс істесе, бейне жасаудың шарықтау шегіне апара алса, одан нәтиже шығатынын көрдік.

«Соңғы жылдары отандық театр өнері саласында фестиваль­дардың жолға қойыла бастағаны аңғарылады. Ал фестивальдың ол­жасы – жақсы спектакль. Бұл жағынан алғанда керекулік көрермен рухани құндылыққа кенелді деген ойдамын. Қазылар алқасы әр қойылымды шама­мыз келгенше талдап, әділ баға­сын беруге тырыстық. Театрларға, режиссерлер мен актерлерге қа­тысты көп сын айтылды. Сын­­ның шын екеніне көз жет­кіз­гендер ­талдау соңынан қолы­мыз­ды қысып, міндетті түрде на­зарға аламыз деген пікірлерін айтты. Бұл – фестиваль мақсатының орындалға­ны. Астана Жастар театры қойған «Күйеу бала» спектаклі бізді қуантты. Қазақ театрында соңғы уақытта драма жанры жоғалып кетті деген пікірлерді естіген едік. Бұл пікірді аталған қойылым ығыс­тырып шығарғандай көрінді. Көкейдегі біраз мәселені көтеріп тастады. «Бүгінгі қазақ кім, ол қай бағытқа бара жатыр? Ұлттық құн­дылығымыздың азайып бара жат­қан тұсы қайсы?» деген сауалдар­ға жауап алғандай болдық. Кәсі­би жағынан жинақы, екі жарым сағатқа созылса да, назарыңды бір минутқа да өзге жаққа аудармайтын жақсы туындыны көрдік. Екінші бір ұнаған қойылым – Ж.Аймауытұлы театрының труппасы сахналаған Шекспирдің «ІІІ Ричард» трагифарсы. Режис­сер С.Левицкийдің айтқысы келген ойын актерлер толықтай жеткізе білген. Бұл – Павлодар жерінде соңғы 30 жылда актерлік үлкен мектептің, кәсіби театрдың қалыптасқанын байқатады», деді Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, М.Әуезов атындағы Қа­зақ ұлттық драма театрының директоры, қазы­лар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек.

уен

Өнер майталманының пікі­рінше, қазіргі жазушылар, режис­серлер мен драматургтер заманға сай дүниелерге ұмтылуы керек. Бұл тұрғыда Абай атындағы Абай облыстық Қазақ музыка-дра­ма театры сахналаған «Абай айтқан Еңлік-Кебек» трагедиясын (режиссері Ж.Жұманбай) атап өтуге болады. Қойылым барысында кемшіліктер болғанымен, оның жаңашылдық қырын атап өту маңызды.

Бұған қоса дода барысында әттеген-ай деген сәттердің де аз болмағанын тілге тиек етті. Кейбір қойылымды көркемдік кеңестің фестивальға бағыттауының өзі қателік болған.

«Астанадан келген Ә.Мәмбе­тов атындағы мемлекеттік дра­ма және комедия театры «Ақан сері туралы аңыз» трагедиясын ұсын­ды. Режиссер сол спектакльдегі Ақан, Балқадиша, Бәтима үштігін шығарма өзегі етіп қана алса, бір жұмыр туынды шығар еді деп ойлаймын. Алайда қойылымға қасқыр мен иттің тағдырын, Ақан серінің бауырын да қосып қойған. Олардың барлығы басы артық дүние екені көзге ұрып тұрды. Спектакль – бір сағат ішіндегі бір өмір, бір тағдырдың сахнада­ғы баяны. Көрермен спектакльді қабылдамаса, театрға келмесе, театр кінәні өзінен іздегені абзал. Көрермен мен труппаның мақсаты түйіскен кезде нәтиже шығады. Қазақ театры актерге бай. Тек заманға сай драматургия мен режиссура жетпей жатыр. Сабақтастық болмай қалды, аралық үзіліп қалды. Ендігі мезетте біз осы кемшілікпен жұмыс істеуіміз керек», деп түйіндеді Е.Жуасбек.

Өнер бәйгесінде Астанадан келген «Жастар театрының» бағы жанып, бас жүлдені жеңіп алды. Аталған ұжым режиссер әрі актер Дәурен Серғазиннің «Күйеу бала» драмасымен қатысып, кө­рер­меннің ыстық ықыласына бө­ленді. Режиссердің өзі «Үздік режиссуралық шешім» аталымын иеленді.

Ал павлодарлық Ж.Аймауыт­ұлы театры Павлодар облысы әкімі­нің арнайы жүлдесін иеленді. «Үздік ансамбль» аталымына – ­Абай атындағы Абай облыстық Қазақ музыка-драма театры («Абай айт­қан Еңлік-Кебек» трагедиясы, ре­жиссері Ж.Жұманбай), «Үздік сце­­нографиялық шешім» аталымына – С.Сейфуллин атын­­да­ғы Қарағанды облыстық ака­де­миялық Қазақ драма театры­ («Қара­гөз» трагедиясы, режис­сері Г.Бал­пеисова) ие болды. Қ.Қуа­ныш­баев атындағы Қазақ ұлт­тық музыкалық-драма театры («Вой­цек» драмасы, режиссері. Ұ.Қабыл) Павел Аймауытов атын­дағы арнайы жүлдеге, Б.Римова атын­дағы Талдықорған драма театры­ («Қазақтың тойы бітпесін» дра­масы, режиссері Д.Базарқұлов) «Amanat» партиясы Павлодар об­лыстық филиалы ұсынған арнайы жүлдеге лайықты деп танылды.

Бұған қоса жекелей актер­лердің үздік өнері де назардан тыс қалған жоқ. «Үздік эпи­зод­­тық әйел адам бейнесі» аталы­мын «ІІІ Ричард» қойы­лымын­дағы Герцогиня Йорк рөлі үшін Ж.Аймауытұлы театрының актері Талжібек Атам­бек, «Үздік эпизодтық ер адам бейнесі» аталымын «Тартюф» коме­диясындағы Лояль мырза рөлі үшін Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық Қазақ музы­ка­лық-драма театрының актері Қай­рат Мырзаболатов жеңіп алды. ­Ал «Үздік әйел адам бейнесі» аталымы «Ақан сері туралы аңыз» трагедиясындағы Бәтима­ның рөлін сомдаған Ә.Мәмбетов атын­дағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ақбота Макежановаға, «Үздік ер адам бейнесі» аталымы «Шинель» дра­ма­сындағы Ака­кий рөлі үшін Сәбит Мұқанов атын­дағы Солтүс­тік Қазақстан облыс­тық Қазақ музыкалық-драма теат­ры­ның ак­тері Ислам Жақсылыққа бұйырды.

Кереку төрінде олжаға кенелген режиссер Дәурен Серғазин жал­пы режиссурамен он жылдай айналысып, бүгінде онға жуық қойылымды сахнаға алып шық­қанын жеткізді. «Бұл – өнердегі ұста­зым Нұрғанат Жақыпбайдан үй­ренген дүниелерімнің жетістігі. Сол кісіден тәлім алғанымды мақ­таныш етемін. Құдай қуат берсе, алдағы уақытта режиссерлік жолымды жалғастыра беремін деген ойдамын. Бүгінгі жеңісім – жеке шығармашылығым үшін үлкен ынталандыру», дейді өнер иесі.

 

Павлодар облысы