Айбын • Бүгін, 11:22

Батырдың ерлігі – ұрпаққа үлгі

44 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан тура 30 жыл бұрын, 28 қыркүйекте тәжік-ауған шекарасында Қазақстанның шекарашы жауынгері Раджан Батырқанов ерлікпен қаза тапты. Шекара бұзған содырлармен болған күші тең емес ұрыста командирі мен қаруластарының өмірін сақтап қалу үшін жаудың назарын өзіне бұрып, оққа ұшқан Раджанның ерлігі мәңгі ұмытылмайды.

Батырдың ерлігі – ұрпаққа үлгі

Бүгінде кіші сержант Р.Батырхановтың есімін еншілеген шекара бөлімшесі жас шекарашы сарбаздарды батырлық пен патриоттыққа үндейтін тәрбие орталығына айналған. Өзі туған Қатонқарағайда көше мен мектептегі мүйіс батырдың есімімен аталады.

Ал осынау ерлік қалай жасалып еді? 1994 жылғы 28 қыркүйекте Хаким бандасының 200-ден астам қарулы содыры 9 автокөлікпен Тәжікстанның Хорог қаласы маңындағы мемлекеттік шекара арқылы Ауғанстанға өтуге бет алған. Олардың жолына 38 қазақ және ресейлік шекарашы тосқауыл болып тұрады.

Ұрысқа бірінші болып кірген ресейлік офицер Константин Селюк пен Раджан Батырханов қаруластарына моджахедтерге тылдан шабуылдауға мүмкіндік береді. Алайда ұрыста ауыр жараланған Раджан көп қан жоғалтып, есін жимастан қайтыс болды. Ұрыстың нәтижесінде моджахедтер жойылып, содырлардың кепіліндегі адамдар құтқарылды.

Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін кіші сержант Р.Батырханов қаза тапқаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Мінеки, мұның барлығы да Отанды шексіз сүюдің жарқын үлгісі. Ал тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, батыр шекарашы Тәжікстан Республикасының жоғары наградасы І дәрежелі «Спитамен» орденінің иегері атанғаны туралы сүйінші хабардың жеткеніне де үшінші жылдың жүзі болып қалды.  

Биыл 28 қыркүйекте еліміздің түкпір-түкпірінде шекарашы Р.Батырхановтың есімін ұлықтап, ерлігіне тағзым етуге арналған іс-шаралар өтті. Солардың бірқатарын ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті де ұйымдастырды. Шекарашы ардагерлер мен жеке құрам Мәңгілік алау басына гүл шоқтарын қойып, екінші дүниежүзілік соғыс батырларына, сондай-ақ тәуелсіздік жылдары ерлікпен қаза тапқан шекарашылардың рухына тағзым жасаған соң, №102 орта мектептің оқушылары «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының қатарына кіру үшін ант қабылдады.

Айта кетерлігі, осы күннен бастап сол мектептің 7 «Ә» сыныбы Р.Батырхановтың есімімен аталғаны туралы ақжарма хабарды департамент бастығының орынбасары, полковник А.Мұналбаев мәңгілік алау басына жиналған көпшілікке жеткізді.

Бұдан әрі жас патриоттар Армия үйіне барып, И.Панфилов мұражайын аралап көрді.

 

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі