Жазушы Ақтаевтың жүрегінен шыққан, жүйрік қаламынан туған республикамыздың баспаларынан жарық көрген шоқтығы биік төл туындыларының аттарын ғана атап кетерлік. Олар: «Дала туралы толғау», «Қапшағай хикаялары», «Бұлар бірінші болып еді», «Абылайханның ақ жолы», «Ханзаданың қасіреті», «Оқжетпес», «Қазақ ханымдары», «Алтын қалам», «Шарапатты шаңырақ», «Ақбоз ат». Түрлі жанрда қашалған бұл кітаптардың қай-қайсысы да оқырман назарын аударары хақ...
Бұл күнде тоқсанның төріне алқынбай көтеріліп отырған Сарбас ағаны алпыс жылдан бері жақсы танимын. Әдебиетке әуес, жазуға құштар қаламдастарымыздың бастарын баспасөз беттерінде жиі қосқан соғыстан кейінгі мамыражай дәуірдің бізге ұсынған үрдісі, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесі ұшан-теңіз. Ол кезде қазіргідей аткөпір газет-журнал жоқ. Республикалық мәртебеге ие басылымдардың ұзын саны оннан аспайтын. Әрине, болашақ балауса қаламгерлердің үлкен мектебіне айналған балалар газеттері мен жеткіншектер журналдары оқушылардың қабілет-дарындарын ұдайы шыңдап, ынталандыруды ұмытпайтын. Жас тілшілердің аты-жөндерін әрдайым үкілеп атап, арнайы грамоталармен мадақтап, шағын кітапханалар сыйлауды дәстүрге айналдырған-ды.
Мектепте жүргенімде осындай шағын кітапханаға мен де ие болған едім. Ұмытпасам ең алғашқы тырнақалды хабар-ошарым «Пионерлерге риза» деген атпен сол кездегі «Қазақстан пионері» газетінде («Ұлан») жарияланды. Онда 6-сыныптамын. Артынша түрлі-түсті тақырыптарды өзек еткен материалдарым бұрқырап шыға бастады. Достық тақырыбына құрастырған екі ребусым жарқ ете қалғандағы қуанышымда шек жоқ. Ал оныншы сыныпқа көшкен жылы республика бойынша отыз жас тілшіге берілген шағын кітапхананың бірі қолыма тигендегі көңіл-күйдің әсерін сөзбен жеткізе алмасым анық. Үлкенді-кішілі жиырма-отыз кітапты аударып-төңкеріп тамашалаған мейірге толы көгершін жүректердің лүпілдерін естігендеймін.
Сондағы бізді қуантқан кітаптардың авторлары кімдер? Мүмкіндігінше есіме түсірейінші. Түр-келбеттері өзіміздің оқулықтардан таныс Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбу Сәрсенбаев, Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков. Әр жылдары шыққан кітаптарының арасында Қадыр Мырзалиев, Сырбай Мәуленов, Төлеген Айбергенов секілді ақындардың жыр жинақтары көзіме оттай басылған. Сонымен бірге «Абай еліне саяхат», «Демалыс сағатында» аталатын екі танымдық кітаптың бертінге дейін айнымас серігім болғанын айтқан жөн. Бәрімізді қызықтырған базарлықтың ішінде алақандай қорапшаға салынған жұқа-жұқа он кітап болды. Сыртқы мұқабасына фотолары басылған жас шайырлардың «Тұңғыш» сериясымен жарық көрген өлеңдер жинақтары екен. Жыпырлаған қаламгерлердің арасынан бұрын-соңды көрмеген Сарбас Ақтаевтың есім-сойы жаныма да, жүрегіме де жақын көрінгенін жасыра алмаймын. Өйткені мұның алдында ғана армандағы Алматыдан, «Ара» журналында қызмет істейтін Сарбас ағадан жылы лебіз білдірген үшбу хат алғанмын. Журналдың арнаулы түрлі-түсті фирмалық конвертімен жөнелтілген сәлемдемеде «Жанат бауырым! Бізге жолдаған езутартар этюдтерің журналдың таяудағы сандарының бірінде жарияланады. Қаламыңды ұштай бергейсің. Хабарласып тұр» деп жазылған-тұғын. Тұмардай сақтап жүрген осы жәдігер-хатты кезінде қасиетті қара шаңырақ «СҚ»-да бірге жұмыс істеп жүргенде қадірменді ұстаздың өзіне көрсеткенмін-ді. Жүзі шырайланып, масаттанып қалды...
Түйткілі мен қуанышы қат-қабат тоғысып жататын мазасыз мынау тірлікте бейтаныс ағаның алдында екі мәрте болғаным бар. Мүлдем ойламаған жүздесу, күтпеген кездесу. Орайлы тұста жадыдағы елесті қаз-қалпында жаңғыртайын.
Шуағы мол студенттік жайдарман жылдар да зуылдап өтіп жатыр.Түске дейін сабақтамыз. Үш-төрт дәрістен соң апыл-ғұпыл жүрек жалғап алып, кітапханаға, оқу залдарына асығамыз. Мен болсам редакцияларды шарлаймын.
Аптаның басында «Коммунистік-63» даңғылындағы (қазір бұл көше Абылайхан аталады) «Қазақстан пионері» («Ұлан») мен «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газеттерінің шаңырағына бас сұғамын. Келесі күні «Балдырған», «Білім және еңбек» журналдарына кіріп шығамын. Одан кейінгі бос уақытымда Оқу министрлігінің екінші корпусында жайғасқан «Қазақстан мұғалімі» мен Жазушылар одағының ғимаратындағы «Қазақ әдебиеті», «Ара» секілді басылымдарға барамын. Қолым қалт еткенде жазған шимай-шатпақ дүниелерімді аты-жөндеріне ауылда жүргенде-ақ әбден қанық ағайлар мен апайларға ұяла, қысыла тапсырамын. Обалы нешік, редакция журналистері мен қызметкерлері құшақ жая қарсы алады. Құдайға шүкір, апта сайын болмаса да, ай аралатып газет-журналдар шағын мақалаларымды, суреттемелерімді, мөлтек әңгіме-юморларымды тұрақты басатын болды. Сондай-ақ басылымдар сөзжұмбақтарымның түр-түрін жариялап жатады. Қалайша қуанбайсың!
Өстіп алаңсыз шалқып жүргенімде ыңғайсыз оқиғаға ұрына жаздағаным бар. Абырой болғанда бұл келеңсіздіктен Сарбас аға аман-есен дер кезінде құтқарып қалған еді. Бұдан екі-үш жеті бұрын астаналық облыстық «Жетісу» газетіне «тамаша» материал тастап кеткем. Дәлірек айтсам «Оқыдық, пікір айтамыз» деген айдар аясында жазылған өткір рецензия. Жаңылмасам о кезде «Жетісудың» мәдениет-әдебиет бөлімінде Қастек аға Баянбаев, не Дүкенбай Досжанов істейтін. Нақты қайсысы, есімде қалмапты. Тор көз параққа әдемілеп көшірілген небәрі төрт-бес беттік қолжазбамды тура көз алдымда шұқия оқып шыққаны. «Почеркің жақсы екен. Машинисткалар қиналмай басып тастайды ғой. Сәтін салса сенбілік әдебиет бетінде жарқырап шығады...». Жатақханама шаттанып оралдым. Қасымдағы бөлмелес жігіттер де алдын-ала құттықтауда. «Керемет күшті мақала» дегеніміз қайда? Бірақ қазіргідей сотка қай-д-а? Іргеміздегі «Алатау» кинотеатрының алдындағы газет дүңгіршегінің алдын тоздырдым. Күте-күте «кереметімнен» күдер үзіп, редакцияға бардым. «Өзің жоғалып кеттің ғой. Рецензияң бастықтың алдында жатыр. Тура осы қазір кіріп шықшы. Жерден-көктен тапсаңдар да маған жолықтырыңдар» деп отыр. Сәлемімді асыға-үсіге алған бөлім жігіті мені бас редактордың орынбасары Сарбас Ақтаевтың кабинетіне тізе бүктірмеген күйі сілтеп жіберді.
Табалдырығын жүрексіне аттауымды сезе қойған аққұбаша жігіт ағасы:
– Кәне, балақай, бермен қарай төрлетші. Халің қалай? – деді емен-жарқын пейілмен. Жымыңдаған нұрлы дидарын өзгертпеген қалпы сөзін сабақтаған. – Сен өзі, қай Жанатсың, осы? Фамилияң да, адресің де құбыла береді. Түсінсем бұйырмасын. Соның сыры мен құпиясын өз аузыңнан білейін дегенім де. Таяуда Сейдахмет ағаңнан, Бердіқұловтан бар жайға қаныққандаймын. «Ол – менің юнкоррым ғой» деп шіренеді. ҚазПИ-де неғып адасып жүрсің? Ә-ә...
Әңгіме ауанын аңғара қойған мен де әлгіндегі қобалжыған түрімді жасырған боп, еркін тіл қаттым:
– Сарбас аға, өзіңіз дұрыс байқапсыз. Алдыңызда бүгежектеп отырған көжегіңіз – сол баяғы Жанат Орынбаевтың дәл өзі. Былтыр он бір жылдықты күміспен аяқтап, аттестат аларда бір-ақ білдік емес пе?! Туу туралы куәлігімде ататегім Елшібеков екен. Тыпырладық та қалдық. Әйтеуір, бүкіл құжаттарымды қайтадан түзеп, түгендеп үлгердім. Журфак қабылдамады, әскери документің жоқ деп. Лепсіге барып военкоматтан анықтама алуға уақыт өте тығыз. Амалсыздан ҚазПИ-дің филология факультетіне бардым...
– Жарайды... Бәрі де түсінікті. Шаруамыз да, қызметіміз де газет кеміру болғандықтан, сенің аты-жөнің маған көптен бері таныс. Шамалауымша алтыншы-жетінші кластан бастап жазып жүрсің. Аяқ алысың қуантады. Осы бағытыңнан тайма. Сөз өнеріне бас ұрған екенсің, ендігі жерде кәкір-шүкірді тізіп шимайлай бермей, кесек те, елең еткізер дүниелер жазуға ұмтыл. Ол үшін түртінектеп іздену керек, көп оқу керек. Бойыңдағы қабілет-дарынды ұдайы шыңдағанда ғана көздеген мақсатыңа қол артасың. Мен оған шүбәсіз сенемін...
Үн-түнсіз басымды изеймін. Мойным салбырап кеткенге ұқсайды. Айтқандары көңіліме қонақтағандай. Қызыл сөзден гөрі, ақыл-кеңеске толы. Күмілжі ойдың ұйығынан шыға алмай отырған менің кейпімді байқаған ол үзілген әңгімені жалғады:
– Жақсы болды жолыққаның. Өзіңмен көзбе-көз тілдескім келді. Ал мына бір қолыма тиген рецензияңды бөлімдегі жігіттер жамырай мақтап жатыр. Турасын айтайын, маған ұнамады. Басынан аяғына дейін жалаң жамандау, ұрда-соқ сынапсың. Табан тірер тиянақты, бұлтақсыз дерегің жоқ. Оның үстіне пәленбай кітап шығарып, мүйізі қарағайдай болмаса да аты белгілі дардай ақынды, өзі дөкей жерде, органда істейтін авторды өлтіре сынапсың. Байқағайсың... Артық айғай-шуға, дабыра дау-дамайға ілініп кетіп жүрмегейсің. Сақ болғайсың... Келешегіңді ойламайсың ба? Ренжіме. Біз әлі кездесеміз.
Қызық! Бұрын-соңды аралас-құралас болсақ бір сәрі, әрнені ойлап шырылдаған қамқор жүректің дауысын естісең, шіркін?! Не көкең емес, не ағаң емес, тіпті жерлес ауылдасың да емес. Әйтеуір, «Абайсызда сүрініп қалып, шоқ басып жүрмесе екен», дейді де. Алғыс жаудырғаннан басқа қолдан келер еш қайран жоқ-ау...
Көп ұзамай, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында журналистер мен жазушылар сарыла күткен он этажды әйдік «Баспасөз үйі» өз есігін айқара ашқан. Озық архитектураның ғажайып үлгісімен асқақтай бой көтерген ғимарат «Көкбазардың» түбіндегі «Жібек жолы» мен «Достық» көшелерінің қиылысында орналасқан. Астананың әр қиырында шашырап жайсыз күй кешкен отыз-отыз бес ірілі-уақты газет-журналдардың еңселері көтеріліп-ақ қалған. Кіріп-шығатыны бір есік болғандықтан қаламгерлер: «Қандай жақсы болды. Айында-жылында зорға көрісуші едік», деп мәз.
Бірде болмаса бірде дегендей түрлі кездесулерде, әрқилы әдеби-мәдени кештерде Сарбас ағамен ұшырасып, хал-жағдай сұрасып жатамыз. Әрине, шығармашылықтағы жетістіктер мен жаңалықтарымызды тілге тиек етеміз... Жақсы адамның жылы қабағының өзі ойыңды семіртіп, бойыңды сергітері сөзсіз. Шапшаң уақыттың қанатында қалай есейгенімізді де бажайламағанбыз? Армандағы, қиялдағы, тек романтиктердің киелі ұясы, қасиетті ұстаханасы саналатын «Лениншіл жас» газетіне тұяқ іліндіргеніме де бірер жылдың бедері. Кезекті іссапардан оралып, шығып бара жатқан нөмірге жеделдетіп материалымды жазуға отыруым мұң екен, қол астымдағы қара телефон безілдеп қоя берді. Трубканы көтеруге құлықсызбын. «Қап, әттеген-ай!..» Кешелі бері жол-жөнекей миыма жазып келген сапар сазын ертелетіп ақ қағаз бетіне түсіруге отырғам. Телефон іле-шала қайта шырылдады...
– Жанатжан, өзіңсің бе? Әлгінде хабарлассам... Орныңда жоқсың ғой... Егер қолың босаса дәп қазір маған, екінші қабатқа төменге түсіп кетсең қайтеді...
– ?..
Тұңғыш рет телефондаса да Сарбас ағаның дауысын жазбай таныдым.
Кездесудің картинасын бүге-шігесіне дейін суреттемей басты шаруаның жай-жапсарын баяндайын.
– Күні кеше ғана тәрізді. Бәрі-бәрі есімде. Зымырап уақыт қалай жүйткиді. Институт бітіріп, қаршадайыңнан қалаған кәсібіңнің пұшпағын әріптестеріңмен бірге илеп жүрсің. «Ленжасқа» келгеніңе де біраз боп қалды-ау, деді Сәкең ұзын сонардың желісін тым әріден суыртпақтаған күйі жанарыма жанарын қадап.
– Өзім де сезбей қалыппын. Шамасы жеті-сегіз жыл. Байқайсыз ба, аға? Соңғы кездері «Балақай» демей, есімімізбен атайтынды шығардыңыз...
– Өй , айналайын, солай ма? Көремісің мұртың да қоюланып, жүріс-тұрысың да ауырлағандай ма? Өмір заңы өз дегенін жасайды. Жасындай жарқырап, бойыңдағы қабілетің мен талантыңды сүйікті газетіңе адал тер ғып төктің. Мүмкіндігі оңынан келіп тұрғанда бізге «СҚ»-ға қызметке келсең қайтеді. Ендігі жерде қара шаңырақта қасқайып жүргенің дұрыс. Айлығың да жоғары... Аға басылым деген аты бар.
– Ұсынысыңызды ойланып көрейін, мұрсат беріңіз...
Екіұдай солқылдап тұрғанымды текке жібергісі келмеген Сәкең жөпелдете жетектеп Сапар Байжановқа – редакторға алып барды. Сөз ләмі де, жүзі де ашық. Келешегін күнілгеріден ойлайтын жайдары жан екен. Бірден ұнады. «Сарбас, сен өзің жақсылап тіл табысқанға ұқсайсың. Бұл шаруаны созбай, түстен кейін редколлегияда шешіп тастайық. Сырттай білемін, дәл бізге керек жігіт. Кейінірек асықпай сөйлесерміз. Осы бізден шыққан бойда бастықтарыңа ескертіп, өтінішіңді жазбаша түсіндіріп тастап кет. Бәрінің заңды болғаны жөн. Ертеңнен бастап алаңсыз жұмысыңа кірісе берерсің...»
Қос бастық, қос Сәкең қолымды қысты кезек-кезек.
Мен қуанарымды да, шаттанарымды да білмей үлкен кабинеттен шыға жетінші қабаттағы «Ленжасыма» жаяу тарттым...
Мәселе біз айтқандай оп-оңай шешілген жоқ. Әшейінде жарқ-жұрқ жарқырап отыратын Сейдахмет көкем қолын көңілсіздеу ұсынды. Ойланып-толғанып келген екіауыз сөзімді тіл ұшында тістеп тұра алмай:
– Аға, менің өтінішіме қол қойып беріңізші, «Социалистік Қазақстанға» жұмысқа шақырып жатыр, – дедім сыбырлаңқы бәсең үнмен.
– Аптықпай, әбіржімей жөндеп дұрыстап түсіндірші. Табан астында не боп қалды? Сені біреу қуып жатыр ма? Айдың-күннің аманында астыңнан су шығып... Жасыңа жетпей қартайғың келгені ме, әлде? Е-е ... Сықиған, сұрғылт, сықырлаған «СҚ»-ның шалдарының қатарына қосылуды армандаймын де...
– Жалақысы да, қаламақысы да молдау көрінді...
– Мейлі... Бес-он сомға бола көзіңді сатып... Айтқаным сол, алаңдамай қызметіңді істеп, жазуыңды жазып, өз газетіңде король боп жүре бермейсің бе?!
– Асығыстау уәде беріп қойғаныма өкініп отырмын, – дедім бар жайды зерделеген мен.
– Қысылма, ыңғайсызданатын ештеңе жоқ. «СҚ»-ның шірендеріне өзім жеткізем бәрін де.
Арқамнан зіл батпан жүк түскендей, ыстық ұямның саясында еркін тыныстағандаймын... Шүкір...
«СҚ» бұдан кейін де екі мәрте құда түскен. Алғашқыда «былтыр ғана қозғалған еді ғой» деп өзім бас тарттым. Ал екіншісінде ежелгі ұстазым Сейдағаң бірден батасын қуана-қуана берген еді.
Сонымен адамзаттың ғарышқа тұңғыш рет жол салған тарихи күні, яғни 1979 жылдың 12 сәуірінде қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Социалистік Қазақстанның» қасиетті табалдырығын толқи аттадым.
Қиын-қыстау кезеңдердің небір өткелектерін бастан кешірген Сарбас Ақтаев қызыл империяның адым аштырмаған цензурасы тұсында ширек ғасырға жуық жанкештілікпен тер төкті... Үлкен шығармашылық ұжымның жетекші басшысы ретінде қыруар істер атқарды. Жауапкершілігі зор міндетті абыроймен атқаруды нысаналы мақсат еткен ол өз беделін, жиған-терген тәжірибесімен, білік-ілімімен, парасатты тәлім-тәрбиесімен, ғибаратты өнеге-өрісімен көтеруге ұмтылды. Күнделікті күйбең тіршіліктің соңына түсіп кетпей, сүйікті қаламын ұдайы бабында ұстады. Әріптес журналистермен бірге жарыса жазды. Қаламға құштар өзінің жүрегін жарып шыққан тамаша туындыларымен талғампаз да, талапшыл қалың оқырманның ойынан табыла білді.
Сарбас аға біртуар бас редакторлар Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза секілді алыптардың орынбасары, яғни бейнелеп жеткізсек оң қолы болды. Бір қуантарлығы, өмірден көргені мен түйгені мол, өзіне жүктелген барлық жұмысты зор жауапкершілікпен, үлкен абыроймен атқарғаны баршаға мәшһүр. Кәне, бұл турасында Сәкеңнің сырлы сұхбатына құлақ түрелік:
– Ұзын сөздің қысқасы, сонымен мен еліміздің ең басты басылымында бірін-бірі алмастырған бес бірдей редакторға орынбасар болып, бақандай 17 жыл істедім. Оған астаналық облыста осындай қызметті тоғыз жыл атқарғанымды қоссам, менің орынбасарлық өтілім жиырма алты жылдан да асып кетеді. Орынбасар деген басшы мен ұжымның арасындағы дәнекер ғана емес, екеуін жалғастырып, жарастырып, жағыстырып отыратын мәмілегер де болуға тиіс. Көп мәселелерді бастыққа жеткізбей ол өзі шешуі шарт.
Жүрегімнің жалынын, жүйкемнің сөлін газетке сығып беріп, әдебиет айдынындағы шығармашылық әлеуетіме нұқсан келтіріп алғанымды және жасырмаймын. Күн-түн қайтіп газет шығарамыз деп жүріп кесек көркем туындыға қол арта алмай, деректі дүниелермен шұғылданып, очерк, эсселермен ғана ошарылып қалдым. Қабілеттің бір қырын гүлдендіру үшін бір қырын құрбан қылып, бала досым – өлеңге де мойын бұрмай кеттім. Әйтеуір, аудармадан, көркем аудармадан тізгін тартқаным жоқ.
Иә, Сарбас ағаның дара қолтаңбасы, сара соқпағы, өрісті өнегесі, тағылымды тәрбиесі ғасырлық тарихы бар «Егеменнің» сарғайған беттерінде сайрап жатыр. Әдебиеттегі қадамын өлеңмен бастағанын бүгінгі ұрпақтың дені біле бермейді.
Бүкіл саналы ғұмырын газеттің күнделікті күйбең тірлігіне бағыштаған Сарбас ақын поэзияда сан алуан тақырыпты өзек еткен. Тұшымды жырларын жеке әңгімелеу керек шығар. Оған оның «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген «Оқжетпес» атты жыр жинағы арқау болары даусыз. Тоқсанның мерейлі төрінде отырған Сарбас аға үнемі аузынан тастамай бала досы санайтын өлеңінен ешқашан қол үзген емес:
Келші, өлең, кешір мені, бала досым,
Көңілден күмән кірбің ада болсын.
Қайтадан қанат қағып самғайықшы,
Көтеріп тыңнан жырдың қара қосын.
Сәкеңнің шығармашылығы төңірегінде талай саңлақтар сыр шертіп, ой толғаған.
Біздің Сәкең – мінезге бай, текті тұлға. Кішілігіне кісілігі сай, нағыз кемел адам. Қашанда ақырын жүріп, анық басады-ау. Мен «анадай-мынандаймын», «мен-мен» деп кеуде қағудан әркез аулақ жүреді. «Бетегеден биік, жусаннан аласа» қағидасын берік ұстанған. Осы ойымызды дәлелдейтін оқиғалар баршылық. Үндемей жүріп-ақ, қыруар істі тындыруға машықтанған сырбаз ағамыз сонау қаһарлы желтоқсан оқиғасының ызғарлы демінен жеткізген бір-екі эпизодты қаз-қалпында суреттепті. Өз көзіммен көргенмін. Дәл осылай, кәні сіз де мұқият жанар жүгіртіңізші.
«Кезінде Колбиннің қырына ілінбей, қиғылығынан бұл қалай аман қалған деп таңдануы да мүмкін ғой кейбіреулердің. Желтоқсан толқуы тұсында бастығым демалыста жүрген де, алаңға барып жастарға ақыл айтып, алған бетінен қайтаруымыз керек деп арнайы шақыртқан аупарткомның алдына қаламдастарымды бастап мен барғанмын. Аупартком алды құжынаған қарақұрым халық. Әлекедей жаланған жергілікті ұлтты жек көретіндер беліне ұшы найзадай ұшталған арматура сойылдар қыстырып алыпты. Ол аз дегендей, гүлзарлардың қоршау темірлерін сындырып, тағы да алып жатыр. Мұны көрген біздің жігіттердің түсі бұзылып кетті. Бәрі бір амал таппайсыз ба, дегендей маған қарайды. Бұрыс қылықты көргенде, тұрыс бар ма, аупарткомға кіріп, бірінші хатшыға: «Біз балаларымызды ақыл айтып, сабырға шақырғалы барамыз ба, әлде ұрып-соғып сабауға барамыз ба?», деп көшеде көргенімді баяндадым. Обалы нешік, аупартком басшысы Нұртай Әбіқаев жағдайды бірден түсінді. Кеңсенің алдына менімен бірге шығып, қаруланғандардың қолдан жасатқан жарағын түгел тастатып, оларды автобустарға өз көзімен отырғызып салды. Бәлкім, жатжұрттық жаңа басшыға бұл қарекетіміз жеткен де шығар. Өйткені жаңа редактор іріктегенде менің есімім еш тізімге ілікпеді».
Иә, Сарбас аға – бақытты қаламгер. Журналистиканың шыңына көтерілді. Ұзақ жылдар «Егеменде» шүмектеп тер төккен ол тәуелсіздіктің елең-алаңында азат ойдың жаршысы атанған «Халық кеңесі», «Ақиқат» секілді айбарлы газет-журналдарды абыроймен басқарды. Өзі жанындай құлай сүйген кәсібінің саялы да, мәуелі бағында өсіп-өнген ұрпақтарымен бірге мерей жасын салтанатпен атап өтіп жатыр. Ақтаевтар әулетінің көкке өрлеген бәйтерегі мәңгі жасыл түске шомылғандай. Сарбас ағамыз бен Ғайнижамал апайымыздың бал-бұл жанған жүздеріндегі нұрлы шуақ айнала-төңірегін шаттық күйіне бөлеген. Тіл ұшына оралғаны: ғаламға ғашық, қаламға ғашық жыр жүрегіңіз қартаймасын, Сарбас аға!
Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Астана