Сурет: arnapress.kz
Бүгінде «Семей орманы» резерватында 2021–2027 жылдарға арналған орманды молықтыру, орман өсіру алаңдарын ұлғайту жөніндегі кешенді жоспар ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы 11 млн 248 мың дана көшет отырғызылған. Ал биыл кешенді жоспарды орындауға сәйкес мемлекеттік орман қоры аумағында 5139,0 га алқапқа 24 млн 462 мың қарапайым қарағай көшеті отырғызылды. Жыл сайын күзде қарағай конусын жинау, қыста резерват питомниктеріне себу мақсатында қарағай конусын қайта өңдеу жұмысы тұрақты атқарылады.
«Семей орманы» аумағында көшеттердің өсуін қадағалайтын арнайы тұқым бақтар, оның ішінде көшет материалдарымен резерватты қамтамасыз ететін 8 орман тұқым бағы мен 1 үлкен кешен жұмыс істейді. Мұнда кәдімгі қарағай өсіріледі. Қолданыстағы орман тұқым бақтарының жалпы ауданы 109,45 гектарды қамтиды. Жыл сайын қарағайдың екі жылдық көшеттері қазылып, орман аумағына егіледі. Бүгінге дейін 2025 жылдың көктем айларында отырғызуға 18 млн 759 мың дана қарағай көшеті дайындалды», дейді «Семей орманы» мемлекеттік мекемесінің табиғи кешендерді қалпына келтіру бөлімінің басшысы Зарина Насырова.
Орман шаруашылығы мамандарының дерегінше, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына орай жас көшеттерді отырғызу мен көгалдандыру жұмыстары ерекше қарқын алған. Акция аясында 2024 жылы көктемгі көшет отырғызу жұмыстарына облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Семей қаласындағы жоғары, арнайы оқу орындарының студенттері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен биологиялық орталықтардың мамандары, әскери саланың қызметкерлері тартылған. Бұған қоса «Елімай» футбол клубының футболшылары, банк қызметкерлері мен өнер адамдары да шет қалмай, орманды көркейту мен көбейту жұмыстарына жұмылған.
Облыстағы Бородулиха ауданы колледждерінің студенттері мен мектеп оқушылары ормандағы өсімтал ағаштардың санын арттырудан бөлек, бірнеше мәрте «Семей орманы» аумағын қоқыстан тазарту, гүлдер егу мен көгалдандыру жұмысын ерікті түрде атқарған.
Орталық Азиядағы халықаралық озық талаптарға сай көшет өсіретін бірден-бір кешеннің көші ілгері жылжып, жыл сайын ауқымды жобаларды іске асырып жатқаны басқа да орманды аймақтарда жүзеге асуға тиісті тың бастама екені айтпаса да түсінікті. Орман-тоғайды көбейту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуын ескерткен Президент ұсынысы да алдағы күндерде бірегей бастамаларға серпін берері сөзсіз.
Тұқым баққа қатысты қатты бір ескеретін мәселе – орман өрті. Орман өртінің алдын алу төккен тердің бекерге кетпеуіне септігін тигізеді. Биыл ірілі-ұсақты оқиғалардың барлығын қоса есептегенде 97 өрт оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 90 жағдайда найзағайдың түсуі себеп болса, орман ішіндегі қауіпсіздікті сақтамаудың кесірінен 3 келеңсіз жайт орын алған. Ал төрт бірдей орман өртінің себеп-салдары белгісіз күйінде қалған.
«Семей орманы» резерваты табиғи кешендер мен объектілерді қорғау қызметі бөлімінің маманы Аяулым Тоғаеваның айтуынша, жыл сайын резерватты орман өрттерінен сақтау мен алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарлы түрде орындалады.
Мекеме қызметкерлерінің мәліметінше, орманды заңсыз кесуге, орман өрттеріне қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. БАҚ арқылы танымдық хабарлар мен мектептер, оқу орындарында арнаулы дәрістер өткізіліп, халықтың орман өртіне бейжай қарамауы түсіндіріледі.
Өрт сөндірушілердің біліктілігін арттыру да – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Биыл мамыр айында «Семей орманы» резерватының Бородулихадағы филиалында республикалық маңызға ие «Өрт–2024» ауқымды оқу-жаттығуы өтті. Қазірде орман өртімен күресте 17 бірінші, 13 екінші типті 30 орман өртін сөндіру стансасы жұмыс істейді. 35 өртті бақылау мұнарасы, 80 өрт сөндіру машинасы сақадай сай дайын. Президент тапсырмасына сәйкес таяу уақытта техниканы біртіндеп жаңарту, атап айтқанда, 40 өрт сөндіру автомашинасын сатып алу жоспарда бар. Сондай-ақ «Семей орманы» мемлекеттік мекемесінің орман қорын толық қамтитын орман өрттерін ерте анықтау жүйесін жаңарту жұмыстары қолға алынып жатыр.
Абай облысы