Сараптама • 02 Қазан, 2024

Академиялық ұтқырлық

222 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білім саласы кеңістігін интернационалдандыру үдерісінің маңызы зор. Бұл ретте шетелге оқуға кеткендердің қайта оралмау қаупінің жоғары болуы мемлекет тарапынан «стратегиялық серіктестік» сипатында шетелдік университеттердің филиалдарын ашуға себеп болды. Әзірге шекара аспай-ақ 8 шетелдік жоғары оқу орнының еліміздегі филиалына оқуға түсуге мүмкіндік туып отыр.

Академиялық ұтқырлық

Әлемдегі студенттер алмасу «Erasmus» орталығының көзқарасына сәйкес шетелде уақытша білім алып, бірақ қалып қоюға мүмкіндік бермейтін бірден-бір бастама – Академиялық ұтқырлық бағдарламасы. Бұл бағдарлама серіктес университеттер келісімімен ізденушінің білім деңгейін көтеру, ой-өрісін кеңейту мақсатында өткізіледі. Екі серіктес университет арасындағы келісімшарт негізінде студент алмасудың уақыты 3 айдан кем, 1 жылдан артық болмауы керек.

Әлемдегі Болон жүйесінің бағалау өлшемін қабылдаған университеттер арасында оқытушылар мен студенттердің білім алмасу көрсеткіші жоғарылай түсті. Болон жүйесіне мүше мемлекеттер академиялық мәселелерді талқылау мақсатында кездесулер ұйымдастырып, студенттердің пән таңдау еркіндігін, жаңа ғылыми салалардың басқа мәдениетке бейімделуін көздейтін келісімдер жасау­ды қолға алды. ЖОО-лар арасында әртүрлі мәдениеттерге, тілдерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарау, университеттік автономия мен академиялық еркіндіктерді дамыту сияқты бағдарлама жүзеге асырыла бастады.

Академиялық ұтқырлық – мемлекетке, жоғары оқу орындарына, студенттерге тиімді бағдарлама. Студенттер арқылы мәдениеттерді таныстыру, мемлекеттің ғылыми тәжірибе алмасуы жүзеге асады. Мысалы, Халықаралық ынтымақтастық департаменттері өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, Ақтөбедегі Қ.Жұбанов университеті – шетелдік 13 университетке, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ – 59 университетке, М.Қозыбаев атындағы СҚУ – 15 университетке, Семей қаласындағы Шәкәрім университеті 16 университетке академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде 3 айдан 1 жылға дейін студенттер жібереді.

Қазіргі кезде академиялық білім алмасу бағдарламаларының түрі өте көп. Мысалы, «Erasmus», «Orhun», «Aiesec», «UGrad Program», «ISEP» және «AUF». 2024 жылы Eurostat жариялаған есепте Еуропа құрлығында орналасқан 27 мемлекеттің ішінде Азиядан келетін студенттердің көпшілігі Түркия, Латвия, Кипр мемлекеттерінде оқитыны көрсетілген. Ал Қазақстан университеттеріне қатысты сауалнамаға зер салсақ, Түркия, Польша, Латвия мемлекеттерінде академиялық ұтқырлық арқылы білім алатын студенттер саны басым. Халықаралық ынтымақтастық департаменттерінің мамандары елімізге Еуропа мемлекеттерінен гөрі Қырғызстан мен Ресейден келіп оқитын студенттердің саны көбірек екенін мәлімдеді.

ап

Дереккөз: Eurostat Statistics Explained. Learning mobility statistics 2024

 

Жоғары білімді дамыту орталығының есебіне сәйкес педагогика бағытында шетелге тәжірибе алмасуға кететін студенттердің саны ветеринарлық медицина бойынша сырттан білім алуға шығатын студенттермен салыстырғанда 30 есеге көп. Бұл статистика арқылы ветеринарлық медицина бағдарламасы бар ЖОО-лар танымал емес екенін көруге болады.

 

рп

 Дереккөз: Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы, Академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асыру жөніндегі әдістемелік ұстанымдар enic-kazakhstan.edu.kz

Бүгінде елімізде халықаралық білім бағдарламалары мен жобалар көптеп қолға алынып жатыр. Бұл қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлаудың мақсаты ретінде қарастырылады.

 

Айдана ҚҰЛМАН,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы