Мирас • 03 Қазан, 2024

Ұлық ұлысты ұлықтау жорығы

73 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осы аптаның сейсенбісінде елорда төрінде орналасқан Ұлттық музейде Қарағанды облыс әкімдігі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты салалас мекеме тарихи-өлке­тану музейінің ұйымдастыруымен 20 қыркүйек – 1 қазан арала­ғында Ұлық ұлыс – Жошы хандығының 800 жылдық меже­лі датасына орай атқарылған республикалық дәргейдегі «Талас – Ұлытау – Сарайшық» атты тарихи-этнографиялық экспе­ди­ция­сының қорытындысына арналған дөңгелек үстел өтті.

Ұлық ұлысты ұлықтау жорығы

Экспедиция мүшелері Атырауда

Жеті мың шақырымдық танымдық жол

Қоңыр күздің алғашқы айының соңғы онкүндігінде Қарағанды қаласынан атқа қонып, Тараз – Түркістан – Қызылорда – Арал – Атырау – Ақтөбе – Ұлытау – Жезқазған – Астана бағытымен жол жүріп, 11 күнде 7 мың шақырымды артта тастап, қазан айының алғашқы күні Астанаға ат басын тіреген экспедиция ұжымы жолай «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, Ежелгі Тараз қалашығы, Қарахан кесенесі, Жәнібек-Керей хандары ескерткіші, Айша бибі кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және оның айналасындағы киелі ескерткіштер, Керуен сарайы, Сығанақ қалашығы, Қорқыт Ата кешені, Сарайшық пантеон туристік орталығы, Сарайшық қалашығы, Абат-Байтақ кесенесі, Жошы хан тарихи-мәдени кешені, Домбауыл кесенесі, Алаша хан кесенесі қатарлы тарихи нысандарға тоқталып, сондағы жергілікті әкімшілік ұйымдармен бірлесіп мәдени жиындар өткізген екен.

Бұл іске отандық тарихшы ғалым­дардан бөлек Түркия елінен келген археолог маман Чобан Гүлшах пен Ресей Федерациясы М.К.Аммосов атындағы Солтүстік – Шығыс федералды университетінің зерттеушісі Саина Михайлова сынды меймандардан сырт елімізге танымал археолог, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков, археолог-ғалым Дөкей Талеев және шетелдік журна­лис­термен қатар, музей қызметкерлері ­атсалысыпты.

ен

Экспедиция мүшелері Сыр елінде

«Экспедиция барысында Жошы ұлы­сының тарихымен байланыс­ты архео­логиялық, архитектуралық, мемо­­риалдық нысандардың қазіргі жағ­дайына бақылау жүргізіледі, аталған өңір­лерде туристік бағытты дамыту бойынша ұсыныстар әзірленеді, фото, бейне, аудио форматта таным­дық ақпараттық өнімдерді да­йын­дала­ды. Жорыққа қатысқан тарихшы мамандардың сұхбаты негізінде дерек­ті фильм түсіріліп алдағы күндері халық­қа ұсынылатынын болады» дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлке­тану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов.

 

Өңірлердегі ерекше кездесу

Осылай ірі мақсатты көздеп жорыққа шыққан топ – әуелгі қыркүйек айының 21 күні ат басын тарихы терең Тараз қаласына бұрған екен. Экспедицияның қасиетті Тараз жерінен басталуы тегін емес. Себебі бұл – Жошы ұлысының қалыптасуына тікелей байланысы бар өлке. Оған дәлел – 1269 жылы көктемде өткен Талас құрыл­тайы. Бұл жиынның нәтижесінде, Ұлық ұлыс алғаш рет дара билік құру құқына ие болды. Мұның ұлт тарихында орны зор оқиға екенін жорықшылар жергілікті тарихшы-ғалымдармен пікір алмасу барсында аңғарды. Сонымен қатар қос облыстың тарих-өлкетану музейлері ғылыми-мәдени шараларды, әсіресе Жошы ұлысының тарихи мұраларын зерттеуде бірлесіп жұмыс жүргізуге негізделген меморандумға қол қойды.

Келесі кезекте қасиеті Түркістанға табаны тиген жорықшылар Отырар қалашығы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы тарихи ескерткіштерді аралап, шаһардың келбетіне айналған «Керуен сарай» кешенін тамашалады. Одан кейін Қызылорда өңіріне табан тіреген экспедиция мүшелері Қазақ хандығының астанасы болған Сыға­нақ қалашығына тоқайласып, өлке тарихымен, соның ішінде жаңадан архео­логия­лық қазба жұмысы жүргізіліп жатқан өңірдегі зерттеу жұмысымен танысты.

Ұлытау өңіріне келген жорықшылар Жошы хан мен Алаша хан кесенеле­рін аралап, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы мен «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Басқосу барысында тарихшы-ғалымдар Ұлытау өңірінің Жошы ұлысы тарихындағы орны мен маңыздылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ ол жерде ұлыс тарихын зерттеу, насихаттау жөнінде бірқатар тың ұсыныс айтылды.

Кезекті нысана Атырауға аялдаған экспедиция мүшелері алдын ала жос­парланған тақырып бойынша облыс­аралық мекемелердің қатысуымен дөң­гелек үстел мәжілісін өткізді. Шара барысында ғалымдар баяндама жасап, жиын соңында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейлері арасындағы меморандумға қол қойылды. Іс-шара соңында Жошы ханның қызы Болған анаға арналған экспозициялық көшпелі көрменің таныстырылымы өтті.

 

Елорда төрінде тоқайласу

Жоғарыда айтқанымыздай, алты облыстың жеті мың шақырым жолын 11 күнде басып өткен жорықшылар 1 қазан күні елорда төріндегі Ұлттық му­зейде тоқайласып, баспасөз жиынын өткізді. Мұндағы мақсат – экспедиция мүшелері жорық кезінде не көрді, қан­дай ой түйді, осыны көпшілік назарына ұсыну екені анық. Сонымен қатар тарихи сапар қортындысында, Қазақстан қоғамына Президентіміз тарапынан ұсынылып отырған «Жошы ұлысының 800 жылдық тарихы» тақырыбы аясында ғылыми сараптама жасалып, Ұлық ұлыс руханияты кейінгі Қазақ хандығының әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына қалай әсер етке­нін ғылыми-сараптамалық тұрғыдан пайымдау қажет екен даусыз.

Маңызды жиынды ашып кіріспе сөз алған Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов: «Бұл экспедиция Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуіріндегі Қазақстан тарихи ескерт­кіш­терін насихат­тауға мүмкіндік бергенін ерекше атап өтуіміз керек. Бүгін Астана төріндегі Ұлттық музейде тарихи ұлы сапарды қорытындылауға жиналып отырмыз», десе, экспедиция мүшесі танымал археолог, профессор Мадияр Елеуов: «Әйгілі Жошы ұлысының құрылған жерінен бас­тап, аралап көрдік. Жалпы ортағасырлық ескерт­кіштердің тарихи маңызын зерттеу арқылы көптеген ақтаңдақтардың бетін аша­мыз. Экспедицияның басты идеясы да осы еді. Демек бұл тұрғыдан экспедиция мақсатына жетті» дей отырып, өз тара­пы­нан жиналған көпшілікке жеке ұсы­ныс­та­рын жеткізді.

Мадияр Елеуұлы: «Біріншіден, экспедицияны тек ел аумағына ғана емес, алыс-жақын шетелдерді де қамтитын халықаралық дәрежедегі іс-шараға айналдыру керек. Екіншіден, экспедиция құрамына әр сала бойынша маманданған өкілдер, мысалы, этнография, мәдениет, өнер саласындағы білікті мамандарды да тартқан дұрыс» деген пікір білдірді.

Сондай-ақ Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас маманы, белгілі археолог Дөкей Талеев: «Жошы ұлысының тарихы жайында сөз болғанда Жібек жолының бойында тұрған ортағасырлық қалаларды айналып өте алмаймыз. Мәселен, біз ат басын тіреген Қышқала кенті Жошы ұлысы заманында теңге соғатын шеберханасы бар, сауда-экономикалық қатынастары дамыған мәдени орталықтардың бірі болған. Осы қатарға Сыр бойында тұрған Сығанақ, Жент, Жанкент сынды тарихи нысандарды қосуға болады. Ендігі жерде осы ескерткіштерді кешенді зерттеуді, оны туристік нысан ретінде дамытудың жолдарын жетілдіруді ұсынамын» десе, қарағандылық өлкетанушы Асылбек Алтынов аталған экспе­дицияның ұйым­дас­тырылуы мен жоспарлы іс атқаруы өте жоғары деңгейде өткеніне риза­шы­лы­ғын білдіріп, барлық қаты­су­­шыға һәм же­тек­ші­лік еткен мамандарға, қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысын жеткізді.

Маңызды басқосудың мәртебелі мейманы бауырлас Түркия елінен келген археолог Чобан Гүлшах: «Мен Қазақстан аумағында Жошы ұлысына қатысты осынша көлемдегі тарихи нысандар бар екенін оқып, біліп жүрсем де оны көзбен көріп, жаныңмен түйсінудің жөні бөлек екен. Қазақ ағайындардың Жошы ұлысының тарихын ұлықтау жолындағы қажырлы еңбектеріне жеміс тілеймін» ­деген жүрекжарды лебізін жеткізді.

Жиын соңында арнайы уақыт шыға­рып, экспедицияға қатысқан мамандар жорық жолынан алған әсерімен, сырлы естеліктерімен бөлісе отырып, Жошы ұлысының тарихына қатысты тың мәліметтерді ортаға салып, пікір алмасты.