Ендігі жерде алматылықтарға көлемі үлкен тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін мамандандырылған ұйымдарға хабарласуға немесе өздері қалдықтарды тиісті жерге апаруына тура келеді. Өйткені мегаполисте көлемі үлкен, ескі жиһаздар, сынған тұрмыстық техника, құрылыс қалдықтары, сондай-ақ қаптамалар, пластикалық бөтелкелер сияқты қоқыстардың көбейе түсуі кәдімгідей мәселеге айналып келеді.
Тұрмыстық қалдықтарды оңды-солды лақтыру тек контейнерлік алаңдарға ғана тән емес, сонымен қатар қоғамдық орындардың да сәнін кетіріп, қаланың санитарлық жағдайына кесірін тигізіп отыр. Сондықтан құзырлы мекемелер осы мәселені шындап қолға алып, биыл 16 қыркүйектен бастап Алматыда абаттандыру саласындағы келеңсіздікпен күресті күшейтуге кірісті.
Қысқасы, көлемді қоқыстарды, бөтелке, қаптама сияқты қалдықтарды көшенің кез келген жеріне лақтырғаны үшін айыппұл салынады. Осы орайда қалалық Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы Полиция департаментімен бірлесіп, тәртіп бұзушыларды анықтауға бағытталған бірлескен рейдтер жүргізбек.
Бұған қоса тұрмыстық қалдықтар заңсыз жиі төгілетін жерлерге бейнебақылау камералары орнатылады. Сонымен қатар тәртіп сақшылары стихиялық орындарда рұқсатсыз сыртқы жарнаманы орналастыру жағдайына баса назар аудармақ. Мәселен, биылғы қыркүйек айынан бері Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы жүргізген тексеру нәтижелері мегаполис көшелеріндегі қосымша құрал-жабдықтар мен ресурстарды қажет ететін, қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан шығып жатқан 52 аумақты анықтады. Сондықтан санитарлық тазалықты күшейту мақсатында дизайн-код бойынша жаңа кең қоқыс жәшіктерін сатып алу, сондай-ақ қосымша тазарту, патрульдік маршруттарын іске қосу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда қалада 33 мыңға жуық қоқыс жәшіктері болса, тазалық жұмыстарына 1 300-дей адам тартылып, мыңнан аса техника жұмылдырылған. Қалай десек те, ірі көлемді көше қалдықтарын тиісті орынға тастамау жұрт көп жиналатын орындардың ластануына ғана емес, қоқыс жинайтын компаниялардың жұмыс ырғағына да кесірін тигізеді. Мысалы, көше қоқыстары тротуарлар мен жолдарды шашып қана қоймай, арықтарды да бітейді, ескі жиһаз, сынған техника қоқыс таситын нығыздағыштардың жұмысын қиындатады.
Ендігі жерде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 505-бабына сәйкес, абаттандыру ережелерін бұзған жеке тұлғаларға – 20, шағын бизнес және коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК көлемінде айыппұл салынбақ.
Бұған қоса қаланың санитарлық жағдайы мен сәнін қашырмау мақсатында 2024-2025 жылдары 2 мыңнан аса жаңа контейнер орнату жоспарланған. Қаланың дизайн кодына сәйкес келетін көлемді контейнерлер аумақтың жағымсыз иістерін азайтып, құстар мен қаңғыбас хайуандардың кіруіне кедергі келтіреді.
Осы орайда Алматыда толып тұратын қоқыс жәшіктерін тазалау үшін қосымша патруль енгізілгеніне тоқтала кету керек. Осылайша, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны мен «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қоқыс жәшіктерін тазалауды бақылаудың жаңа амалдары жасалып жатыр.
АЛМАТЫ