Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Облыстағы 492 380 дауыс берушінің алдыңғы легінде учаскеге 103 жастағы соғыс ардагері Яхия Тасыров ақсақал жетіп, таңдау жасап, батасын беріп кетті.
«Алға тартқан озады, кейін тартқан тозады» дегенді бұрынғылар тегін айтпаған. Елдің алға жылжуы бірлікке байланысты. Ал бірлік осындайда байқалады. Сондықтан да осындай науқанда таңдауымызды жасап, ортақ іске үн қосуымыз керек», дейді ғасыр ғұмыр иесі.
Таңертеңнен басталған дауыс беру түс ауа қыза түсті. Сағат 16.00-дегі көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы ел өңірлерінен көп ілгері тұрды. Осы жолғы дауыс беруде азаматтық ұстанымын танытуға жасы жеткен 7 038 азамат алғаш рет таңдау жасады. Қай науқанда да береке-бірлігімен ерекшеленетін өңір жұрты бұл жолы да жолдан тайған жоқ.
«Біз жастардың бойына болашаққа деген сенім қалыптастыруымыз керек. Ондайда үлгі болып жұрт алдында жүрмесек, үлкендігіміз қайда қалады. Мен ел ертеңінің бұдан да нұрлы боларына кәміл сенемін», дейді Жаңақорған ауданы Жайылма ауылындағы «Жайылма жауһарлары» ансамблінің мүшесі Сырғалы Тұрабаев.
Өнер ұжымы да жұбын жазбай келіп таңдау жасап, елді өнерімен сүйсінтіп кетті.
«Бүгінгі референдум келелі есті кеңесін шешетін дәстүрімізді тағы бір танытты. Ел пікірін екшейтін сәттен сырт қалу бәрімізге сын болар еді. Әр тұрғын осы дауыс берудің ел үшін маңызын түсінуі керек», дейді белгілі қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев.
Облыстағы барлық учаске талапқа сай жабдықталды. Дауыс беру күні Қызылорда қаласында – 16, аудандарда 29 инватакси жұмыс істеді. Қажеттілікке қарай учаскелерде 48 ым тілінің маманы қызмет атқарды. Сондай-ақ 72 учаскеде 105 азаматқа Брайль қарпімен жазылған трафарет қолжетімді болды.
Қызылорда