22 Маусым, 2010

ЕЛБАСЫ ҚЫРҒЫЗСТАНҒА ЭКОНОМИКАНЫ КӨТЕРУДІ ТІЛЕДІ

540 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Хабар” агенттігіне сұхбатында Қырғызстандағы ахуалға түсініктеме берді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Сұхбат барысында Президент Қа­зақстанның Қырғызстандағы ахуал­дың жедел тұрақтануын жақ­тай­тынын және көрші мемлекетке қажетті көмек көрсетуге әзір екенін атап өтті. Қазақстан – Қырғызстанға тұрақтылық тілейтін мемлекет. Мен ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мем­ле­кет­тің басшысы ретінде гумани­тар­лық және басқа көмек көрсетуді топ­тастыру үшін бәрін де істеуде­мін. Қырғызстанға ҰҚШҰ арнасы бойынша қазірдің өзінде Ресей, Қазақстан және Өзбекстан көмек көрсетуде. Мен Өзбекстанға да қа­зір бұдан да кем емес қиындықтар түсіп отыр деп санаймын. Сон­дық­тан да біз өз мойнына ең ауыр сал­мақ­ты артқан Президент Ислам Ка­римовке де, Өзбекстанға да риза­шылық білдіруге тиіспіз. Бір күннің ішінде 100 мың дерлік адам келген, ал олардың бәрін орналастыру, той­ындыру, шөлдерін басу және қажет­ті ем-доммен қамтамасыз ету қажет. Бұл Өзбекстан үшін қандайлық қиын екенін, оған қандай проб­ле­маларды шешуге тура келгенін көз алдыма келтіре аламын. Біз көрші­лес мемлекеттер – Қазақстан, Ре­сей және Өзбекстан бірлесіп кө­мек­тесіп, қажетті мәселелерді шешу­де­міз. Бірақ та мен басқа мәселе тура­лы айтқым келеді. Қырғызстан – кедей ел, ойдағыдай мемлекет бола алмайды дейтін пікір бар. Мен олай деп санамаймын. Қырғызстанның жер қойнауы алтынға, темірге, кү­міске, мысқа және басқа ресурс­тар­ға бай. Тау өзендерінің әлеуеті зор. Туризм саласының мүмкіндіктері орасан. Мұның бәрін көтеру керек. Басқа мемлекеттердің бірде-бір гуманитарлық көмегі ешқашан елді көтерген емес. Бірінші мәселе, мемлекет экономикасын көтеріп, адамдарға жұмыс беріп, өз халқын тойындыра ала ма. Міне, сонда ғана ол тұрақты болады. Сондықтан да Қырғызстанның экономикалық өрлеу бағдарламасын жасау қажет және Қазақстан оны жасауға көмек көрсетуге әзір. Мен Қырғызстанда эко­номиканы өрлету және көтерудің стратегиялық саясаты болғанын өте тілеймін.