Дәстүрге сай «Күзгі әуен» кеші биыл да ұйымдастырылды. «Жеңіс» саябағына ағылған жұрт Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы бастаған бекзат өнер иелерінің даусын сағынып-ақ қалған сияқты. Кім білсін, солай да шығар. Әйтеуір өнер кешін тамашалауға келгендердің көбісін жыға танымасақ та, шырамытатын болыппыз. Бәлкім олар дәл осы кешке жыл сайын келетін болар.
Күздің салқын самалы кекіліңді тарайтын іңірде басталған өнер кешінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы халық әні «Бүлдірген» мен «Гүлдерайым» әнін шырқап, жергілікті жұртшылықтың жанын жылытты. Майраның мың құбылта құйқылжытып шырқаған алтын даусы саябаққа жиналған жұртшылықты елітіп жіберсе керек, олардың қошеметі ұзаққа созылды.
Бекзат өнер салтанат құрған кеш барысында Сүндет Байғожин орындаған «Ироданың ариясы», «Kazakh Quartet» ұжымы жұрттың жүрегіне жеткізген Вивальди мен Моцарттың әйгілі туындылары да өнерсүйер қауымды бейжай қалдырған жоқ. Сондай-ақ әулиеаталық әлеумет Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Жәмилә» шығармасының желісімен жазылған Илья Жақановтың «Даниярдың әні» туындысына да айрықша қошемет көрсетті. Жұмабек Қаңтарбаев өз деңгейінде орындап шыққанын айта кеткен жөн.
Күздің салқын самалындай адам жанын баураған «Күзгі әуен» классикалық әндер кешін әулиеаталық әлеуметпен бірге облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бастап өзге де шенеуніктер тамашалады. Өнер әлемінде өз биігін бағындырған белгілі әншілердің шеберлігіне жергілікті жұртпен бірге құрмет көрсетті.
Тараз