Сұхбат • 08 Қазан, 2024

Тимур Бектұр, ІТ сарапшысы: Жаңалықты жатырқамау керек

102 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жасанды интеллектінің қарқыны күннен-күнге күшейіп келеді. Мүмкіндігі молайып, барлық салада басымдық алғанына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі» деп атап көрсетті. Осы орайда белгілі IT сарапшы Тимур Бектұрмен аталған технологияның игілігі мен қиындығын сараптап, аз-кем әңгіме өрбіттік.

Тимур Бектұр, ІТ сарапшысы: Жаңалықты жатырқамау керек

– Жасанды интеллект пен адам интеллектісінің ара­­сын­да қандай негізгі айырма­шы­лықтар бар?

– Адам интеллектісі эмоциялар мен интуицияға негізделген, тәжірибелер мен сезімдерді ес­кере отырып шешім қабыл­дай­ды. Ал жасанды интеллект (ЖИ) ­тек мәліметтерге сүйенеді, ол эмо­­цияны, этиканы түсінбейді және жаңа нәрсені тек бұрынғы мәліметтер негізінде үйренеді. Сосын жалпы қазір «Интеллект деген не?» дейтін де сұрақ бар. Сондай-ақ «Тек құр интеллект пайда бере ме?» деген де сауал жиі қойылады. Енді мен түсін­дірейін. Соғыс ашатындар кім? Гитлер кім? Ол да – интеллект иесі. Ал ол интеллектісін дұрыс ба­ғытта қолданды ма? Жауабын білесіз. Ендеше, жасанды зерде адам интеллектісін толықтай көшіріп алғаны қажет пе, жоқ па деген тағы бір сұрақ туындайды. Одан бөлек, менің ойымша, адам интеллектісі шексіз. Ал жасанды зерде әрдайым шектеулі болмақ. Өйткені ол өзін қалай үйретті, солай әрекет етеді. Адам болса, әрдайым тың идеяларды өмірге әкеле алады. Сондық­тан адам баласы мен жасалған дүниені төтесінен салыстыру мүмкін емес. Мысалы, бұл туралы «ЖИ өкіл әкесі» аталатын, Мета компаниясының ЖИ бойынша басшысы Ян Лекун мырза «Қазіргі ЖИ (яғни үлкен тілдік модельдер) логикалық шешім қабылдай алмайды. Айнала дүниеде не болып жатқанын білмейді. Сондай-ақ, адам интеллектісіне жетпеді» деген пікір айтады.

– Бұл технологияның күн­делікті өмірімізге ықпалы қан­дай болады.

– ЖИ біздің күнделікті өмі­рімізді жеңілдетеді деп ойлаймын. Ықпалы жоғары болады. Осыдан 10 жыл бұрын ғана адамдарды смартфон ұстауға көн­діре алмаушы едік. «ІТ маманы емеспін. Ешкіммен сөйлеспей­­мін. Интернетте жұмысым жоқ. ­Ма­­ған осы батырма телефон жа­рай­ды» деуші еді. Ал қазір ең­бек­те­ген баладан еңкейген қа­рия­ға де­йін «WһatsApp» арқылы құда-құдағи­мен, көрші-қолаң­мен сөй­ле­седі. Банк қызметін қол­да­нады. Аударма жасайды. ЖИ де сон­дай болады деген сенім­де­мін. Мысалы, ол сіздің кәсіби жұ­мысыңызды автоматтандыра­ды. Денсаулық сақтау саласын жақ­сартады, оқу үдерісін тиімді ете­ді. Айталық, мұғалім бол­са­ңыз, сабақ жос­парын жасай ала­сыз. Ата-ана болсаңыз, бала­ңыз­дың үй жұмысын бірге отырып істеуге көмектесе алады. Тұп-ту­ра көшіріп алу мағынасында емес, сол сабақты түсіндіру мағы­на­сында. Бірақ оның теріс жақ­та­ры да бар. Мысалы, адамның же­ке де­рек­терін қорғауға қатыс­ты. Өйт­кені адамдар ЖИ арқылы жұ­мыс істеген кезде адамдар­дың дербес ақпаратын да жүктеп жі­беріп жатады. Сондай-ақ жұмыс орын­дары­ның қысқаруы секілді мәсе­лелер туындауы мүм­кін. Деген­мен басқа бір жаңа жұмыс орын­дары ашылатынына толық сенім­дімін. Олай дейтінім, мен ІТ ма­ман болсам да осы­дан 10 жыл бұрын бір күні «Промпт инженер» деген мамандық шығатыны үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді.

– Сонда қандай мамандықтар жойылуы мүмкін?

– Кейбір мамандықтар, әсіресе, қайталанатын жұмыстарды орындайтын салаларда, яғни өнді­ріс, әкімшілік қызметтер жойылып кетуі мүмкін. Бірақ сонымен қа­тар, жаңа мамандықтар пайда болады. Атап айтсақ, ЖИ әзір­­леу­шілері, деректер талдаушы­лары сияқты мамандықтар жоғары сұранысқа ие болады. Жақында ғана қызық ақпаратқа тап болдым. «McKinsey» деген зерттеу институты бар. Солардың есе­біне жүгінсек, 2025 жылға қарай әлемде 85 млн жұмыс орны жо­йылып, есесіне 97 млн жаңа жұ­мыс орны пайда болады екен. Сон­дықтан бұл сұрақ бойынша мен тек қана позитив және оптимист көзқарастамын.

– Сіздің ойыңызша, жасанды зерде журналистика саласына қалай әсер етеді?

– ЖИ журналистикада ақпа­рат жинау мен талдау үдерісін жылдамдатады, жаңалықтар жазуды автоматтандырады. Бірақ ол адамның шығармашылық қа­бі­летін алмастыра алмайды. Со­нымен қатар жалған ақ­па­рат тарату қаупі де арта тү­седі. Жал­ған ақпарат қайдан шы­ға­ды? Ол журналист жасанды ин­теллект құралына көзсіз се­ніп, тұп-тура көшіріп алып жария­лаудан шығады. Алайда этика­лық тұрғыдан, заңды һәм сауат­ты тұрғыдан әдеп сақтай оты­рып қолданса, күнбе-күнгі жұ­мыс­тарды тапсыруға болады. Айта­лық, семантикалық талдау жа­сау немесе жаңалықтарға классификация жасау деген сияқ­ты. Бұл – шексіз тақырып. Бас­тысы, жасанды интеллектіні жатыр­қамай, қолдана бастау қажет.

– Жасанды интеллектіні дамыту бойынша қандай елдер мен компаниялар көш бастап тұр? Қазақстанның бұл саладан алар орны қандай?

– АҚШ, Қытай, Оңтүстік Ко­рея­ сияқты елдер ЖИ дамыту­дың көшбасында. Еуропада, әсі­ресе Фран­цияда да жақсы бас­тамалар бар. Компаниялар арасында «Google», «Microsoft», «OpenAI» се­кілді ірі технологиялық корпо­ра­циялар бар. Олар енді генера­тив ЖИ бағытында әзірге көш бас­­тап келеді. Қазақстан ЖИ сала­сын­да әлі бастапқы кезеңде, бі­рақ біз­де болашағы зор, тек қана дұ­рыс саясат пен инфрақұрылым қа­жет. Тек ЖИ емес, бүкіл салада елі­­міз қандай, бұл салада да сон­дай­­мыз. Миллиардтаған доллар қар­­­жы жұмсалған, 40-50 жылдан бері ЖИ зерттеумен, дамытумен ай­на­­лысып келе жатқан, әлемдік дең­­гейдегі университеттері бар ­елмен Қазақстанды салыстыру, оның орнын іздеу ыңғайсыздау сияқты.

– Жасанды интеллектіні дамыту барысында қандай заңнамалық және құқықтық мәселелерді шешу қажет?

– Ең бастысы, деректерді қор­ғау және этика мәселелерін шешу қажет. Өйткені ол басқа бір адам­ға жеке деректерім жазылған мәліметті бермеу керек. ЖИ қолдану барысында адам­ның жеке мәліметтерін дұрыс пайдалану, ЖИ шешім қабылда­ған кезде әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету маңызды. Бала­ғат сөз, дискриминация, фашизм, діни және ұлттық алауыздық туғы­затын мәлімет шығармау керек. Өйткені біз көпұлтты мем­лекетпіз. Өзге ұлт өкілдері отандық ЖИ қолданған кез­де біздің мемлекет жасаған ЖИ оларды шеттететін ақпарат шы­ға­рмау керек. Бұл – үзілді-ке­сілді мәселе. Дегенмен айта кетер болсам, біздің ел кез келген заң немесе нормативтік құжат қабылдар кезде, міндетті түрде, халықаралық тәжірибелерді ескереді. Сондықтан заманауи құжат қабылданды деп сенемін.

– Жасанды интеллект технологиясын күнделікті сабақ барысында қалай қолдануға болады?

– ЖИ сабақта оқушылардың жеке қажеттіліктеріне бейімдел­ген материалдар ұсына алады, тап­сырмаларды автоматты түрде тек­серіп, оқушылардың үлгері­мін бақылап отырады. Соны­мен қатар ол мұғалімдерге көмек­ші құрал ретінде қолданыла­ды, мы­салы, күрделі материал­дар­ды түсіндіруде. Өз басым ұл­да­­­рыма сабақ орындауда қол­да­­­намын. «Үй тапсырмасы 2+2 не­ше болатынын анықтау керек. Ма­ған бір­ден жауабын айтпа. Өйт­кені, мен балаларымның құр кө­шіріп алғанын қаламаймын. Маған 2+2 дегенге ұқсас есеп құ­растырып, неліктен солай шық­қа­­нын түсіндір» деп жазамын. Сол кезде ол маған 3+3 неше бола­тынын, оны қалай есептегенін жа­зып береді. Сосын «Осыған ұқ­сас тағы екі есепті тест ретінде таң­дау жауаптарымен ұсын», дей­мін. Таңдау жауаптарын бала­ла­рыма көрсетемін. Сол арқы­лы ол ерінбейтін, ұрыспай­тын, жа­лықпайтын ЖИ ассистент ар­қылы жаңа технологияны өз пайдасына жаратады. Осы секілді бірнеше мысалды шексіз ұсынуға болады.

– Жасанды зерде қазақшаға сауатты болу үшін қайтпек керек?

– Қазақ тіліндегі мәліметтер ба­засын кеңейту қажет. ЖИ қа­зақ тілін сауатты түсініп, дұрыс қол­дануы үшін көп мәтін, әсі­ресе, ресми және әдеби тілдер жи­нақталуы керек. Сондай-ақ ЖИ қазақ тіліне бейімделген ал­го­ритмдер мен үлгілерді әзір­леу маңызды. Қазіргі таңда біз­дің елімізде Ғылым және жо­ғары білім министрлігі тарапы­нан ұлттық жасанды интеллект моделін жасау жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Сол үшін Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-Қазына» орталығы қазақ тіліндегі мәтіндер мен сөздердің сауатты талдануында айтарлықтай жұмыс атқарып отыр. Ол жерде лингвистер ана тіліміздегі мәліметтер қорын са­уатты сұрыптаумен айналысады. Сондай-ақ Ғылым және жо­­ғары білім министрі Саясат Нұр­бек мырзаның бастамасымен елі­міздің бірнеше өңірінде жасанды интеллект саласында маман даярлау мақсатында жаңа білім бағдарламалары және шетел­дік беделді университеттердің филиал­дары ашылып, маман­дар даяр­лауда біраз әрекет жасалып жатыр. Осының барлығы қазақша жасанды интеллекті­нің сауатты дайындалуына өз үле­сін қоса түседі. Дегенмен бірден ес­керте кетейін, бұл – тоқтамай­тын үдеріс. Жасанды интеллект бір рет жасалып қоймайды. Ол жаңа­лануы қажет, ол түрленуі керек, қателессе түзетілуге тиіс. Осы се­бепті Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі тарапынан мамандар даярлауға көп көңіл бөлініп отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Бекзат ҚҰЛШАР,

«Egemen Qazaqstan»