Ғылым • 08 Қазан, 2024

Қазақстанда америкалық Penn State University-дің филиалы ашылады

98 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Penn State University деканы Стивен Гордон Барнспен кездесті. Кездесу аясында американдық жоғары оқу орнының қазақстандық серіктестерімен ынтымақтастығы туралы бірқатар маңызды мәселелер талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда америкалық Penn State University-дің филиалы ашылады

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық пен студенттермен алмасу үшін Қазақстан аумағында Penn State University кампусын ашу перспективасын, америкалық оқу орнының филиалында мамандар даярлау үшін басым білім беру бағдарламаларын айқындауды, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен технологияларды дамыту саласындағы әлеуетті ұзақ мерзімді халықаралық әріптестіктерді қарастырды.

«Мемлекет басшысы Ғылым және жоғары білім министрлігіне Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу міндеттерін қойып отыр. Біз халықаралық студенттерді тарту үшін Қазақстанды жаһандық академиялық хабқа айналдырғымыз келеді, бұл әлемнің жетекші университеттерімен ынтымақтастықты едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді», деді Саясат Нұрбек.

Министр қолайлы білім беру ортасын құрудың маңыздылығына тоқталды. Ол ағылшын тілінде өтетін бағдарламалар, халықаралық зерттеу бастамалары мен алмасу бағдарламаларын қамтуы тиіс. Ол Қазақстандағы білім сапасын арттырып қана қоймай, шетелдік әріптестермен білім мен тәжірибе алмасуды қамтамасыз ететіні атап өтілді.

Penn State University деканы Қазақстанның аумағында шетелдік университеттердің филиалдарын жобалау және орналастыру тәжірибесін жоғары бағалап, еліміздің әріптестік өзара іс-қимылды жүзеге асырудағы оң үрдісін атап өтті.

«Мұндай жағдайлар Penn State University-дың болашақтағы ынтымақтастықты жалғастыруға және тереңдетуге деген сенімін айтарлықтай арттырады»,  деді Стивен Гордон Барнс.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Penn State University 2022 жылдан бастап Қазақстандық студенттер мен оқытушыларды оқытуға 3 млн. АҚШ долларынан астам гранттық қаржыландыру бөлді.