Президент • 09 Қазан, 2024

Ынтымақтастық пен даму үдерісіндегі ТМД

117 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Ынтымақтастық пен даму үдерісіндегі ТМД

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Мемлекет басшысы ТМД мем­ле­кеттері басшылары кеңесінің ша­ғын құрамдағы отырысында сөз сөй­леп, дәстүрлі қонақжайлығы және Ресейдің ТМД-ға төрағалық ету барысында нәтижелі жұмыс атқарғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.

Президент 1991 жылы Алматы Дек­ларациясының негізінде құрыл­ған ТМД-ның әлеуетін беделді халық­аралық ұйым ретінде одан әрі ны­ғайту Қазақстан үшін басты басым­дықтың бірі екеніне назар аударды.

– Өткен ғасырдың 90-жылдарында Балқан түбегіндегі секілді күрделі жағдайларға посткеңестік аумақта жол берілген жоқ. Мұнда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үлесі зор деуге болады. Сондықтан Достас­тықты сақтау керек деп ойлаймын. Осы мақсатта өзара сенімді нығайтудың ең тиімді шараларын қабылдап, мемлекеттер басшылары деңгейінде бір-бірімізді негізсіз сынап-мінеуден аулақ болып, ұстамдылық пен парасаттылық танытқанымыз жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, геосаяси тұрақсыздық пен аумалы-төкпелі халықаралық ахуал жағдайында өтіп жатқан бүгінгі кездесу Ұйым жұмысына тың серпін беруге тиіс.

ва

– Біздің ел Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жасауға деген ұмтылыстарын құптайды. Сонымен қатар Орталық Азия аймағындағы мемлекетаралық шекаралардың жекелеген бөліктерін заңдық тұрғыдан ресімдеуді аяқтау ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығы жаһандық ынтымақ­тастық пен даму үдерісіне елеулі үлес қо­сып келе жатқан тиімді өңір­лік ұйым ретінде халықаралық дең­гейде ке­ңінен мойындалғанына тоқталды.

– Достастық БҰҰ-ның түрлі құрылымымен, сондай-ақ басқа да көптеген халықаралық және өңірлік ұйыммен ұтымды байланыс орнатты. ТМД-ның әлемдік аренадағы беделі артып келеді. Былтыр ТМД жанындағы Бақылаушы және Серіктес мәртебесі бекітілді. Бұл шешім ұйымның кемеліне келгенін және ашықтығын көрсетеді. Осы жүйелі жұмысты жалғастырып, «ТМД +» форматын құру туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Мұндай алаң Достастықтың өңірлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, әлем экономикасында тұрақсыздық белең алып тұрған жағдайда сауда-эко­номикалық ықпалдастық мәселелері ұдайы назарда болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін ТМД нарықтары қашанда маңызды екенін жеткізді. Еліміздің сыртқы тауар айналымының төрттен бір бөлігінен астамы – осы нарықтың еншісінде.

– 2023 жылы қабылданған Көр­се­тілетін қызметтердің еркін сауда­сы және инвестицияларды жүзе­ге асыру туралы келісім сауда-эконо­микалық байланыстарды жан-жақты тереңдетуге ықпал ететі­ніне сенімдімін. Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация, кеден­дік реттеуді оңтайландыру, жаңа логистика тізбектерін қалып­тастыру, цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша ық­пал­дастықты күшейту жұмыс­тарын жалғастырудың маңызы зор. Бүгінде жәрмеңке саудасына сұраныс жоғары. Осыған орай «Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ТМД елдерінің түрлі қалаларында жыл сайын сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізуге болады. Оған бүкіл Еуразия өңіріндегі шеберлер мен шаруаларды да шақырған жөн. Алғашқы көрмені Қазақ­станның ең көне қалаларының бірі Таразда ұйымдастыруға дайынбыз. Бұл шаһар ежелде Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды торап болғандықтан, «керуеншілер қала­сы» деп те аталған, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сауда-эко­но­микалық кооперацияның тиімділігі көлік дәліздерінің дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан негізгі халықаралық бағыттардағы теміржол инфрақұрылымын жаппай кеңейтуге кіріскенін айтты.

– Былтыр ТМД-ға мүше мемлекет­тердің аумағы арқылы өтетін күре жол­дарды өзара ұштастыру тұжы­рым­дамасын әзірлеуді ұсынған едім. Бұл жұмысты мейлінше тезірек аяқтауымыз керек. Жалпы, «Бір белдеу, бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий бағыты сияқты жаһандық жобаларды өзара үйлестіру Еуразия құрлығындағы экономикалық, институционалдық және көлік-логистикалық дамудың бірыңғай тұжырымдамасын құруға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент цифрландыру сала­сындағы ынтымақтастықты жандандыруды маңызды міндеттің бірі деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД халықтарының мәдени және рухани байланыстарын нығайту мәселесіне баса назар аударды.

– Мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тас­тығымыздың салалары мен бағыттарын үнемі кеңейтіп отырғаны­мыз жөн. Таяуда Астана қаласын­да өткен Дүниежүзілік көшпелі­лер ойындарына 85 елден 2 мың­нан аса спортшы келді. Бұл әлемде этно­спорт қозғалысына, бұрынғы көш­пелі халықтардың мәдени мұ­расына қызығушылық зор екенін көрсетті, – деді Қазақстан Президенті.

Жоғары оқу орындары мен жас­тар арасындағы қарым-қатынасты дамыту – бірлескен жұмыстың маңызды бағыты. Мемлекет басшысы студент алмасу және ғылыми тағылымдамадан өту ісін жандандыру үшін «Достастықтың академиялық астанасы» атты жаңа бағдарламаны іске қосуды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікі­рінше, Еуразиялық қауіпсіздік тұжы­рым­­дамасын бірлесіп әзірлеу­дің де ай­рықша мәні бар. Президент мұн­дай тағдыршешті мәселенің ТМД ел­де­рінде талқылануы орынды деп санайды.

Қазақстан Президенті келесі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты ойын жеткізді.

– Бұл – Достастық елдерінің барлық халқын біріктіретін айтулы дата. Еркіндік пен әділдік салтана­ты­ның нышанына баланатын мазмұ­нды мереке. Біз әкелеріміз бен аналары­мыздың, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің адамзат тарихындағы өшпес ерлігін әрдайым есте сақтауға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ТМД-ға Тәжікстан Респуб­ликасынының төрағалық ету және кезекті саммитті Душанбеде өткізу туралы шешімді қолдайтынын жеткізді.

Жиында Ресей Президенті Влади­мир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Бұл басқосуда Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев болды.

Мемлекеттер басшылары Ұйым қызметінің басым бағыт­тарын, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақ­тастықты одан әрі дамыту жөніндегі жоспарды талқылады.

Отырыста Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Прези­денті Александр Лукашенко, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламент­аралық Ассамблеясының төрағасы, Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко сөз сөйледі.

Жиында ТМД Бас хатшысының орынбасары Ильхом Нематовқа «Достық» ордені, ал ТАСС ақпарат­тық агенттігінің бас директоры Андрей Кондрашовқа ТМД грамотасы табысталды.

ТМД саммитінің қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.