Сенат • 09 Қазан, 2024

Сенат Төрағасы Дүниежүзілік ислам лигасының арнайы өкілімен кездесті

83 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік ислам лигасының арнайы өкілі Абдул Азиз бен Ахмад Сарханмен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенат Төрағасы Дүниежүзілік ислам лигасының арнайы өкілімен кездесті

Фото: Н.Байбулин

Сенаттың баспасөз қызметінің мәлім етуінше, кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік ислам лигасы Съезд мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосқанын атап өтіп, мейманға Хатшылықтың XXII отырысына қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы доктор Мұхаммед бен Абдель Карим Әл-Исаның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде сөйлеген сөзі Форумның беделін арттыра түскенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар тараптар Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясындағы міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, құжат аясындағы бірлескен жұмыстың басым бағыттары және келесі жылы «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбымен өтетін VIII Съезге қатысты мәселелер сөз болды.

Өз кезегінде мәртебелі мейман Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевқа ауқымды іс-шараға шақырғаны үшін алғыс білдіріп, Форумның әлемдік қоғамдастықтағы маңызы зор екенін айтты. Одан бөлек, Дүниежүзілік ислам лигасының арнайы өкілі әлемде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделі екенін танытты.