Спорт • 10 Қазан, 2024

Жарыстар күнделігі

58 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) орта салмақтағы WBO мен IBF нұс­қасы чемпиондық тәжінің иегері Жәні­бек Әлімханұлын (16-0, 11 КО) Ұлыбри­танияның дүлдүлі Хамза Шираз­бен жұ­дырықтасуды міндеттеді. Қазіргі кезде Лондонның іргесіндегі Илфорт қаласының тумасы EBU European мен WBC Silver деп аталатын ортаңқол нұсқалардың алтын белбеуіне ие. Бірақ Ширазбен санаспауға болмайды. 21 кездесудің барлығын жеңіспен аяқтап, 17 қарсыласын нокаутқа жіберген Хамза – өте қарулы жігіт.

Жарыстар күнделігі
  • Халықаралық теннис федерациясы (ITF) 2025 жылы өтетін Дэвис кубогінің жеребесін тартты. Бірінші әлемдік топтың плей-оффында өнер көрсететін Қазақстан құ­рамасы Пәкстанмен күш сынасады. Бұл бәсеке келесі жылдың 31 қаң­тары мен 2 ақпаны аралығында ұйымдастырылады.
  • Биылғы жылы Халықаралық бокс даң­қы залына енуге үмітті тарландардың тізімі жарияланды. Солардың қатарында әр дәуірде шаршы алаңда жарқырай көрінген Юрий Арбачаков, Артур Абрахам, Хорхе Арсе, Хоэль Касамайор, Поли Айяла, Найджел Бенн, Вуяни Бунгу, Лучиан Буте, Сот Читалада, Крис Юбэнк, Аселину Фрейтас, Лео Гамес, Майки Гарсия, Артур Григорян, Хе­наро Эрнандес, Крис Джон, Миккель Кесслер, Сантос Ласьяр, Рокки Локридж, Мигель Лора, Генри Маске, Дариуш Михальчевски, Мун Сон Гиль, Омар Нарваэс, Орзубек Назаров, Майкл Нанн, Свен Оттке, Мэнни Пакьяо, Винни Паз, Шон Портер, Хильберто Ро­ман, Джанфранко Рози, Вирапхол Са­хапром, Самуэль Серрано, Антонио Тарвер, Мелдрик Тейлор, Фернандо Варгас, Исраэль Васкес, Вильфредо Васкес, Ратанапол Сор Ворапин, Пхонгсаклек Ванчонгкхам, Синсукэ Яманака сынды саңлақтар бар. Өкіншіке қарай, бұл тізімнен еліміздің мақтанышы Геннадий Головкинді кезіктіре алмадық.
  • 14 қазанда Ташкентте дзюдодан әскерилер арасындағы әлем чемпио­натының жалауы желбірейді. Бір аптаға созылатын бәсекелер барысында Қазақ елі намысын жеті спортшы қорғайды. Олар – Ғалия Тынбаева (48 кг), Шерзод Давлатов (60 кг), Жанарыс Рахметқали, Нұрқанат Серікбаев (66 кг), Ека­терина Токарева (70 кг), Бақытжан Әбдурахманов (73 кг), Кәмила Берліқаш (+78 кг).
  • Қазақстан теннисшісі Юлия Путинцева Қытайдың Ухань қала­сында өтіп жатқан турнирдің тұсау­кесер кездесуінде Чжан Шуайға 6:4, 6:4 есебімен шаң қаптырды. Енді ол әлем­нің 18-ракеткасы, хорватиялық Донна Векичпен шеберлік байқасады. Ал Шанхайдағы жарыста бірде-бір жерле­сіміз қалмады. Алғашқы екі айналымда ресейлік Роман Сафиуллин Бейбіт Жұқаев пен Александр Бубликтен басым түссе, үшінші кезеңде Александр Шевченко чехиялық Якуб Менщикке есе жіберді – 1:6, 7:6, 2:6.
  • БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Аус­трияның «Ферст» клубының сапындағы немістің жартылай қорғаушысы Филипп Окс Қазақстан құрамасында ойнауға ниетті екенін айтты. Негізі бұл жігіт бізге бөтен емес. Филлиптің әке-шешесі Солтүстік Қазақстанда дүниеге келген. Кейіннен отбасы тарихи отанына оралды. Ал футболшының өзі «Хоффенхайм» футбол мектебінде тәлім алды. 2011-2019 жылдар аралығында Ост Германияның жасөспірімдер мен жастар құрамасы сапында өнер көрсетті.
  • Ыстанбұлда өткен кәсіпқой бокс кешінде Еділ Қожам­бердиев (13-2, 13 КО) Танзанияның өкілі Паскаль Абель Ндом­бамен (27-14-2, 25 КО) жұдырықтасып, оны екінші раунд­та ұрып жықты. Осының алдындағы жекпе-жегін Еділ биыл мамыр айында Алматыда индонезиялық Александра Баджавуға қарсы өткізіп, оны да нокаутпен ұтқан еді.
  • Ұлттық баскетбол қауымдас­тығында (ҰБҚ) бұрын-соңды болмаған оқиға тіркелді. Маусым алдындағы «Финикс Санзға» қарсы кездесуде «Лос-Анджелес Лейкерс» клубы сапында Ле­брон Джеймс пен Бронни Джеймс өнер көр­сетті. 39 жастағы Лебонның спорт­тың бұл түрінде бағындырмаған белесі жоқ. Ол – әлемдік баскетболдың шоқ жұлдыздарының бірі әрі бірегейі. Ал 20 жас­тағы Бронни аталған команданың жей­десін биыл ғана киді. Бұған дейін ҰБҚ тари­хында әкесі мен баласы иық тіресіп, бірде-бір рет бірге ойнамаған еді.