Коллаждарды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Еліміз халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болу мақсатында, адами ресурстарды (HR) басқаруды қоса алғанда, өзінің бизнес-үдерістерін жаңғыртуға белсенді ұмтылып келеді. Технологиялық мүмкіндіктерді біртіндеп нығайту барысында жасанды интеллект ірі, орта компаниялардың HR-үдерістерінен ойып орын алды. Бұл түйіндемелерді сұрыптау, жұмысқа үміткерлерді алдын ала іріктеу, сондай-ақ таланттарды басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында компания қызметкерлері ұсынған деректерді талдау сияқты күнделікті тапсырмаларды автоматтандырудың қарқынынан байқалады.
ЖИ енгізу отандық компанияларға жалдау жұмыстарын жеделдетуге, кадрларды іріктеп алу шығындарын азайтуға көмектеседі. ЖИ алгоритмі көмегімен ұйымдар үлкен көлемдегі деректерді талдай алады, қызметкерлердің өнімділік үдерістерін анықтап, мансаптық дамуын болжайды. Бұл әсіресе кадрлық резервтің шектеулі жағдайында, еңбек өнімділігін арттыру барысында өте маңызды. Сонымен қатар ЖИ қызметкерлерді оқыту мен дамытудың дербестендірілген бағдарламаларын құру барысында да қолданылады. Бұл жұмыс берушілердің қызметкер дағдыларын тиімді дамытуына, нарықтың тез өзгеретін талаптарына икемді бейімделуіне оң ықпал етеді.
ЖИ өнімділікті арттыруда, қызметкерлердің біліктілігіне қатысты олқылықтарды жоюда айтарлықтай артықшылық ұсынып отыр. Әсіресе халықаралық деңгейде жұмыс істейтін отандық компаниялар адам ресурстарына ЖИ-ті қолдануда жаһандық стандарттарға сай болуға ұмтылады. Осы саладағы сарапшылардың айтуынша, ел нарығындағы адам ресурсы үдерістеріне ЖИ енгізу әлі ерте сатыда, дегенмен қазірдің өзінде елеулі даму келешегіне ие. Бұл ретте компаниялар озық технологияларды дамытуға инвестиция салуды жалғастырып, HR саласындағы ЖИ әлеуетін барынша пайдалану жолында жергілікті жағдайды жаһандық тәжірибеге бейімдеу қажет. Технологиялық дайындық пен мәдени-құқықтық аспектілерге байланысты қиындыққа қарамастан, ЖИ бізде маман басқару үдерістерін айтарлықтай жақсарта алады.
Бүгінде кадр резервінің жаһандық қысқаруы, жұмыстан босау толқыны мен демографиялық өзгерістен туындаған жұмыс күші тапшылығының артуына қарамастан, жаңа мүмкіндіктер көкжиегі де пайда болды. Жасанды интеллект қызметкерді жалдау кезінде біржақтылықпен күресуге, бұрын қамтылмаған таланттар қорын тарту арқылы жалдау үдерістерінің қолжетімділігі мен инклюзивтілігін арттыру мақсатына жетуге септігін тигізеді. Технология рекрутерлер (кадр таңдаушы) мен жалдау менеджерлеріне демографиялық немесе білім деңгейіне емес, дағдыларға негізделген стратегияларды әзірлеуге мүмкіндік беріп, кемсітушілік қаупін азайтады. Дей тұрғанмен, ЖИ енгізу қадамы мұқият әрі салмақты тәсілді қажет етеді. Жасанды сана өзін үйреткен деректерге тән теріс түсінікті де жадыда сақтайтынын ескерген жөн.
Мысалы, әлемнің 715 жоғары буын басшыларын сауалнамаға тартып, бизнес көшбасшыларымен, таланттарды тарту саласындағы халықаралық сарапшылармен сұхбат жүргізген Дүниежүзілік еңбек конфедерациясының (WEC) зерттеулеріне қарағанда, жасанды интеллектіні бизнес-үдерістерге сәтті енгізгіңіз келсе қызметкерлердің дағдылары мен ресурстарын түбегейлі қайта қарау қажет. Жасанды интеллект таланттарды іздеу мен жалдау әдістерін айтарлықтай өзгерте алатын ерекше әлеуетке ие десек те, адамның шешім қабылдауға қосатын үлесін сақтау маңызды. Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ITUC) бас хатшысы Люк Трианглдың пікірінше, ЖИ әлеуеті зор, бірақ оған жұмысшыларды жалдау, бағалау туралы шешім қабылдауға рұқсат етуге болмайды. Яғни түбінде кадрлық басқару шешімдері адамның қолында қалуы керек.
Бұл мәлімдеме WEC әзірлеген Жасанды интеллект пайдаланудың этикалық қағидалары кодексінің негізінде жатқан адамға бағдарланған тәсілді білдіреді. Кодексте ЖИ тек бизнеске ғана емес, жалпы қоғамға да пайда әкелетін дәрежеде қолданылуы керектігі баяндалған. Заңнама сонымен қатар ЖИ қолдануда құқықтық базаны қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Еуропалық одақ қабылдаған Жасанды интеллект туралы заң білім беруде, кәсіптік оқытуда, маман басқаруда жасанды интеллектіні қолданудың тәуекелі жоғары қадам деп жіктейді. Бұл бағалау ЖИ-ді этикалық қолданудың маңыздылығын толық көрсетпесе де, кадр индустриясының этикалық стандарттарын белгілеп, сақтауда ұйым шешуші рөл атқаратынын мойындау қажет. WEC бизнес адамға бағдарланған тәсілді басшылыққа алуы, жасанды интеллектіні жүзеге асыратын адамдар үдерісті толығымен бақылап, қауіпсіз тәжірибе арқылы ықтимал зиянның алдын алуы, сонымен бірге жеке адамдардың да, жалпы қоғамның да өмірін жақсартуға ұмтылуы керектігін алға тартады. Тұтастай алғанда, жасанды интеллект дұрыс, жауапкершілікпен пайдаланылған жерде бизнес-үдерістерді ғана емес, жалпы қоғамды да айтарлықтай өзгерте алатын қуатты құрал бола алады. Бұл ретте маман басқару саласында жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі тиімді енгізуді қамтамасыз ету барысында этикалық тәсілдер мен қатаң стандарттарды терең меңгеру өзекті.