Digital • 11 Қазан, 2024

ЖИ: Ақырғы шешім – адамның қолында

127 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі ұшқыр уақытта серпінді технология түрлі салаға дендеп еніп жатыр. Адам ресурстарын басқаруда жасанды зерде мүмкіндігін пайдалану маман тиімділігін арттырудың, бизнес үдерістерін оңтайландырудың негізгі факторына айнала бастады.

ЖИ: Ақырғы шешім – адамның қолында

Коллаждарды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Еліміз халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болу мақсатын­да, адами ресурстарды (HR) бас­қару­ды қоса алғанда, өзінің биз­нес-үдерістерін жаңғыртуға бел­сенді ұмтылып келеді. Техно­ло­гиялық мүмкіндіктерді біртін­деп нығайту барысында жасанды интеллект ірі, орта компаниялар­дың HR-үдерістерінен ойып орын алды. Бұл түйіндемелерді сұрыптау, жұ­мысқа үміткерлер­ді алдын ала іріктеу, сондай-ақ та­ланттар­ды басқарудың тиім­ді­лігін арттыру мақсатында компа­ния қыз­меткерлері ұсынған дерек­тер­ді талдау сияқты күнде­лікті тап­сырмаларды автомат­тан­­­дыру­дың қарқынынан байқалады.

ЖИ енгізу отандық компа­ния­ларға жалдау жұмыстарын же­­дел­детуге, кадрларды іріктеп алу шығындарын азайтуға кө­мек­­теседі. ЖИ алгоритмі кө­ме­­гі­мен ұйымдар үлкен кө­лем­­­дегі деректерді талдай ала­ды, қыз­меткерлердің өнім­ді­лік үдеріс­терін анықтап, мансап­тық дамуын болжайды. Бұл әсі­ре­се кадрлық резервтің шектеулі жағдайында, еңбек өнім­ді­лігін арттыру барысында өте ма­ңызды. Сонымен қатар ЖИ қызметкерлерді оқыту мен да­мытудың дербестендірілген бағ­дарламаларын құру бары­сын­­да да қолданылады. Бұл жұ­мыс бе­ру­шілердің қызметкер дағ­­­ды­­ла­рын тиімді дамытуына, нарық­­­­­тың тез өзгеретін талаптарына ­­икемді бейімделуіне оң ықпал етеді.

ЖИ өнімділікті арттыруда, қызметкерлердің біліктілігіне қатысты олқылықтарды жоюда айтарлықтай артықшылық ұсынып отыр. Әсіресе халық­ара­лық деңгейде жұмыс істейтін отандық компаниялар адам ресурстарына ЖИ-ті қолдануда жаһандық стандарттарға сай болуға ұмтылады. Осы саладағы сарапшылардың айтуынша, ел нарығындағы адам ресурсы үдерістеріне ЖИ енгізу әлі ерте сатыда, дегенмен қазірдің өзінде елеулі даму келешегіне ие. Бұл ретте компаниялар озық технологияларды дамытуға инвес­тиция салуды жалғастырып, HR саласындағы ЖИ әлеуетін барынша пайдалану жолында жер­гілікті жағдайды жаһандық тәжірибеге бейімдеу қажет. Технологиялық дайындық пен мәдени-құқықтық аспектілер­ге байланысты қиындыққа қа­рамастан, ЖИ бізде маман бас­қару үдерістерін айтарлықтай жақсарта алады.

Бүгінде кадр резервінің жа­һандық қысқаруы, жұмыстан босау толқыны мен демогра­фия­лық өзгерістен туындаған жұмыс күші тапшылығының артуына қарамастан, жаңа мүмкіндік­тер көкжиегі де пайда болды. Жасанды интеллект қызметкер­ді жалдау кезінде біржақтылық­пен күресуге, бұрын қамтылмаған таланттар қорын тарту арқылы жалдау үдерістерінің қолжетім­ді­лігі мен инклюзивтілігін арттыру мақсатына жетуге септі­гін тигізеді. Технология рекру­терлер (кадр таңдаушы) мен жал­дау менеджерлеріне демография­лық немесе білім деңгейіне емес, дағ­дыларға негізделген стра­тегия­ларды әзірлеуге мүм­кін­­дік беріп, кемсітушілік қау­пін азайтады. Дей тұрғанмен, ЖИ енгізу қада­мы мұқият әрі сал­мақты тәсілді қа­жет етеді. Жасан­ды сана өзін үйреткен деректерге тән теріс түсі­нікті де жадыда сақ­тайтынын ескерген жөн.

Мысалы, әлемнің 715 жо­ғары буын басшыларын сауал­­намаға тартып, бизнес көш­бас­шылары­мен, таланттарды тарту саласын­дағы халықаралық са­рап­шылар­мен сұхбат жүргіз­ген Дүниежүзі­лік еңбек кон­фе­­дерациясы­ның (WEC) зерт­теулеріне қараған­да, жасан­ды интеллектіні биз­нес-үде­ріс­терге сәтті енгізгіңіз келсе қыз­­меткерлердің дағдылары мен ре­сурстарын түбегейлі қайта қа­рау қажет. Жасанды интеллект таланттарды іздеу мен жалдау әдістерін айтарлықтай өзгерте алатын ерекше әлеуетке ие десек те, адамның шешім қабылдауға қосатын үлесін сақтау маңызды. Ха­лықаралық кәсіподақтар кон­федерациясының (ITUC) бас хатшысы Люк Трианглдың пікі­рінше, ЖИ әлеуеті зор, бірақ оған жұмысшыларды жалдау, баға­лау туралы шешім қабылдауға рұқ­сат етуге болмайды. Яғни түбін­де кадр­лық басқару шешім­дері адамның қолында қалуы керек.

Бұл мәлімдеме WEC әзір­ле­ген Жасанды интеллект пай­да­ланудың этикалық қағида­лары ко­дек­сінің негізінде жат­қан адам­ға бағдарланған тәсіл­ді біл­діреді. Кодексте ЖИ тек биз­­неске ғана емес, жалпы қо­ғам­ға да пайда әкелетін дәре­же­де қол­данылуы керектігі баян­дал­ған. Заңнама сонымен қатар ЖИ қол­дануда құқықтық базаны қа­лыптастыруда маңызды рөл ат­қарады. Еуропалық одақ қа­был­даған Жасанды интел­лект туралы заң білім беру­де, кә­сіп­тік оқытуда, маман бас­қа­ру­да жасанды интеллектіні қол­дану­дың тәуекелі жоғары қадам деп жік­тейді. Бұл бағалау ЖИ-ді эти­калық қолданудың ма­ңыз­ды­лы­ғын толық көрсетпесе де, кадр ин­дустриясының этикалық стандарттарын белгілеп, сақтауда ұйым шешуші рөл атқараты­нын мойындау қажет. WEC бизнес адамға бағдарланған тәсіл­ді бас­­шылыққа алуы, жасанды ин­­тел­­лектіні жүзеге асыратын адам­­дар үдерісті толығымен ба­қы­­лап, қауіпсіз тәжірибе ар­қы­лы ықтимал зиянның алдын алуы, сонымен бірге жеке адам­дар­дың да, жалпы қоғамның да өмі­рін жақсартуға ұмтылуы ке­рек­тігін алға тартады. Тұтастай ал­ғанда, жасанды интеллект дұ­рыс, жауапкершілікпен пай­да­ланылған жерде бизнес-үде­ріс­терді ғана емес, жалпы қоғам­ды да айтарлықтай өзгерте алатын қуатты құрал бола алады. Бұл рет­­те маман басқару саласын­да жа­санды интеллектіні қауіпсіз әрі тиімді енгізуді қамтамасыз ету барысында этикалық тәсілдер мен қатаң стандарттарды терең меңгеру өзекті.