Қызылорда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дінмұхамбет Сырлыбаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыс орталығында саябақтарды, аллеялар мен скверлерді қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс атқарылғанын айтады. Қолайлы климат пен тұрғындарға жайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында жаңа демалыс аймақтары мен алаңдар салынып жатыр.
Кейінгі екі жылда қала көшелері кеңейіп, жаяу жүргіншілер жолы салынып, тұрғындар тынығатын орындарда субұрқақтар көбейді. Қаланың орталық алаңы кәсіпкерлердің демеушілігімен абаттандырылды.
Тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан тазалық акциялары арқасында Б.Шөкенов атындағы саябақ пен Тұңғыш Президент паркі сияқты қызылордалықтар көп баратын демалыс орындарының жағдайы айтарлықтай жақсарды. «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталғалы бері оған облыстың 548 299-дан астам тұрғыны қатысып, 21360 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бес жүзден асатын алаң мен саябақ, 791 әлеуметтік, 1130 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, 294 су айдыны, 47 451 аула мен көше тазартылды. Президент бастамасымен қолға алынған республикалық акция аясында 225 тарихи ескерткіш айналасы да күл-қоқыстан арылып қалды. Акция басталғалы бері өңірде 129 358 тал көшеті егілді.
Қаладағы Мұратбаев көшесіндегі №15, 17 көпқабатты үйлер тұрғындары өзара келісіп, сенбілікке шықты. ПИК жұмысшыларымен бірлесіп, өзгеге үлгі боларлық іс бастаған 50 тұрғын ауланы тазалады. «Біз бұл бастама арқылы қоршаған ортаға қамқорлық өзімізден басталатынын көрсеткіміз келді. Біреудің келіп істеп бергенін күтпей, әркім ортақ іске үлес қосса, қаламыз да көркейе түседі», дейді белсенді тұрғындар.
Осы күні мұндай акция Абай даңғылындағы қасбеті қайта жаңартылған 47 үйдің ауласында жалғасын тапты. Бұл тұрғын үйлердің ауласын өткен жылы «Қыран» ЖШС абаттандырып, ойын алаңдарын салып берген болатын.
Аймақ экологиясын қорғау бағытындағы жобаның бірі Қызылорда қаласында жақында ғана іске қосылған экотакси қызметі болып отыр. Электрмен жұмыс істейтін көлік қуаты 460 шақырымға жетеді. Қалада оларды қуаттайтын 8 құрылғы бар. Қазір 52 экотакси қалалықтарға қызмет көрсетуге кірісіп кетті. Олардың қатарына көп кешікпей тағы 48 көлік қосылады. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жоба бойынша көліктерді алуға 1 млрд 100 млн теңге жұмсалып отыр.
«Қаламызда осындай таксидің пайда болғаны қуантады. Үнемді, жайлы көліктердің тиімділігіне ешкімнің таласы жоқ. Ең алдымен бұл таксилер қала экологиясын сақтауға оң әсерін тигізері сөзсіз», дейді Қызылорда автобус паркінің директоры Әбдібәкір Маштаев.
Қаланы абаттандырып, тазалау жұмысын үздіксіз жүргізетін мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту да – назарда тұрған мәселенің бірі. Осы мақсатта жуырда ғана «Қызылорда тазалығы», «Қызылорда су жүйесі», «Жасыл Қызылорда» мекемелеріне 52 арнайы техника табысталды. Аймақтағы тың жоба – «Үлгілі елді мекен» байқауы өткізілгелі бері жеңімпаз болып танылған елді мекендерге 48 көлік берілді. Осының бәрі экологиялық жобаның жүйелі түрде жүзеге асуына сеп болып отыр.
ҚЫЗЫЛОРДА