Жансарай • 12 Қазан, 2024

Роза Мұқанова: Әдебиет жаны таза адамға ғана қонақтайды

748 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Роза Мұқанова есімі әдебиетсүйер қауымға кеңінен таныс. Сезімтал, сырлы, дара шығармалар иесімен әңгімелесіп, сыр сандығын ашуға ұмтылған едік.

Роза Мұқанова: Әдебиет жаны таза адамға ғана қонақтайды

– Роза апай, алғашқы шығар­маңыз баспасөзде жарық көрген сәт есіңізде ме? Қандай көңіл күйде болдыңыз?

– Ең алғашқы әңгімелер жинағым шыққан кезде түсініксіз сезім болды. Фотосуретімді бірінші бетіне табақтай етіп шығарыпты, қатты ұялдым. Әуелі айтудың өзі қиын. Ешкімге көрсеткім келмей, жасыра қойдым. Біреу-міреу кітабымды көрсе қайтем деп, фотосуретім­нен ұялып тұрғаным есімде.

– Бір сұхбатыңызда: «Адам бәрінен безініп, ақиқат жолын іздейтін, өзіне-өзі тыйым салып, өзін-өзі тұтқын­дай­тын, есейіп, бәрінен бас тартатын кезеңі болады» дегеніңіз бар. Сіз осы бір шым-шытырық халге түскен кезіңіз қай тұс?

– Білмеймін... Менің сыртым көңілді, мейірімді... Ішім – көңілсіз, қатал, бәлкім мейірімсіз де... Бұл сонау бала кезден бергі халім, бәлкім жаратылысым. Осындай қатаң ұстаным, талабым болмаса шашылып қалған болар ма едім.

– Бірнеше жыл бұрын Мұхтар Әуезов драма театрынан «Фаризаны» тама­ша­ла­дым. Ақынның сыртқы өмірі­нен гөрі жан құзарына терең үңілген туынды екенін ұғынып, әсер алдым. Фариза ақынмен жақын сырласқан шағыңыз есіңізде ме?

– Ол кісіге мен аса қатты жақындауға тырыспайтынмын, алшақтау жүретінмін. Фариза апай «Мәңгілік бала бейнені» қатты ұнатты, ол кезде Парламент депутаты еді. Спектакльге арнайы келіп, сахнаға көтеріліп, гүл ұсынғаны әлі есімде. «Шығармаң ұнады, бірақ бізді оңдырмапсың!» деді құлағыма сыбырлап. Мұнан кейін «Тұмар» журналына ақын Оңайгүл Тұржан арқылы бір шығармамды сұратып алды. Ұлы суретші С.Калмыков туралы «Сен» деген әңгі­мемді ұсындым. «Розаның мына әңгі­месі – классика. Осы нөмірге сал!» деп­ті. Біздің байланысымыз осындай дәс­түр­де жалғасын тауып жүрді. Менің «Мы­сық­­тар патшалығы» деген трагикомедиям «Тәуел­сіз драматургия» аталымы бо­йын­ша Гран-при алды. Бірақ барлық театр бұл шығарманы қоюға жүрексінді ғой деймін, ысырылып қала берді. Сол шы­ғар­маны Фариза апай сұратып алып, оқып шықты. Үндемеді. Тек қайтыс бо­ларының алдында ғана: «Сенің «Мы­сық­тар патшалығыңды» ешкім қой­мады ма?» деп сұрады. Жазыл­ғанына жиыр­ма жыл болғанын, енді қойыл­май­­­ты­нын айт­тым. Ол кісі телефонның әр жа­ғын­­да бі­раз үнсіз қалды. Ауырып жүр­ген кезі бо­ла­тын.

 – Қояды! – деді жұлып алғандай. – Тек тақырыбын өзгертсең болар еді...

– «Мяу...у...», деп пе дедім. Фариза апай күлді.

Апай ойда-жоқта телефон шалды, кешкі мезгіл еді. Мен Парламенттегі мемлекеттік қызметтен өз еркіммен кетіп, жұмыссыз қалғам. «Сені елге алып барсам, Бекет атаның басына барып қайтайық, Әбіш пен Клара да болады» – деді. Сөйтіп, алғаш рет Маңғыстауға табаным тиген. Бес күн жанында болдым, өмірімде Фариза ақынды жақыннан көргенім, танығаным, жан дүниесін ұққаным, құсалығын сезінгенім, жалғыздығын баққаным сол күндер шығар. Біз Каспий теңізінің жағасында ұзақ жүрдік. Апай Германиядан емделіп келген беті. Үнсіз тұрмыз. Қарт Каспий тереңнен демін ішке тартып, тұңғиығына жібермей, толқындарын құлаштап кері лақтырып жатты. Сол жолы асау да емес, жұмсақ та емес, күрсінген толқындарды жағада бірге естіп тұрдық. Қазір ойлаймын, ақын Фаризаның Каспийімен де, менімен де қоштасқан сәті ме екен деп...

– «Мәңгілік бала бейне», «Сарра», «Ешкім де кінәлі емес», «Фариза» сынды туындыларыңыз көрермен көңі­лінен жоғары орын алды. Ең алғаш­қы жүрек отын берген, пәк жалы­ныңыз төгілген, өзіңізге ыстық тартып тұратын шығармаңыз бар ма?

– Барлық шығармамның артық-кемі өзіме ғана белгілі. Мықты, кесек тұстары да – мен, әлсіз, нәзік иірімдері де – мен. Олар менен жаралған, менен басқа ешбір жазушы дәл мендей жарата алмаған болар еді. Сондықтан бірін биіктетіп, бірінің қадірін түсірсем, өзіме сатқындық жасағаным да. Барлық шығармамда менің тынысымның, жүрек лүпілімнің қағысы естіліп тұрады.

– Егер ғайыптан сиқырлы құс келіп, бір тілегіңізді орындар болса, нені айтар едіңіз?

– Қарапайым ғана тілек бар, балаларымыз Алпамыстың үйленгенін, Аруза­ның тұрмысқа шыққан қызығын көру, ұрпақ­тар жалғастығын көру бақытын тілер едім.

– Көзге жиі жас аласыз ба?

– Кей сәтте...

– Тұтас өміріңізге әсер еткен немесе сабақ болған елеулі оқиға туралы айтып бересіз бе?

– Анаммен қоштасқан сәтім. Анамның есімі – Фарида еді, 61 жасында қайтыс болды. Анам нашарлап жатқанда көңілін сұрап елге бардым. Бұл соңғы кездесу екенін сездім, бұдан былай ол кісіні көре алмайтынымды да біліп тұрдым. Арыздасып, қоштастым. Екеуміз ұзақ жыладық. Мұңлы-шерлі жылау еді. Бала-шағама алаңдап кетіп бара жатқан мені қимады, мен анамды қимадым. Кешірім сұрадым. Сол сәтте әйел адамның терең­дігін, алып күшін, шыдамдылығын, қайрат-жігерін, рухын сезіндім. Ол жылап, жүресінен отырған қалпы артымда қала берді, мен жылап, алға оза бердім... Содан Үржардан Алматыға жеткенше жылап келдім. Жолда келе жатып, өзіме серт бердім, осы күнге дейін шығар­маларымда әйел кейіпкерлерге өшім кеткендей шүйлігетін едім, әйел бол­мы­сына тым қатал, сыңаржақ қараған екен­­мін. Күнә да, күнәһар да тек әйел бо­лыпты. Анаммен қоштасқан сәттен бас­­тап, менің шығармаларымда үлкен бет­­бұрыс бас­талды. Әйел бейнесі басқа көрініс тапты. Әйел – ұлы жаратылыс, әйел – қаһарман, әйел – мейірім, әйел – серік­тес, әйел – ұрпақ сабақтастығының үлгі­сі. Әйел – Ана. Менің 39 жастан ке­йінгі шығар­маларымда «Сен», «Үркек ке­рім», «Сарра», «Ешкімде кінәлі емес», «Фа­ри­за», «Бопай ханым» бәрі әйелді тәу ете­­ді. Әйелдің тереңдігіне әлі де үңіле түсу керек.

– Толстой «Тәңірі тектес сезім шырағы алғаш рет көкірегіңде жарқ етіп тұтанған киелі шақтағы, әу бас­та­ғы, адал шақтағы мына өзіңе сен» дей­ді. Алғаш «Мәңгілік бала бейнені» жа­зып жарқ еткен Роза Мұқанованың арман-тілегі, сенімі қандай еді? Сол Роза Мұқанова мен қазіргі Роза Мұқа­нова­­ның арасында қаншалықты айыр­ма­шылық бар?

– Айырмашылық бәлендей жоқ. Әдебиет жаны таза адамға ғана қонақ­тай­ды. Жазу алдында Құдай алдында отырғандай сезіну бар. Жазу күнәдан өзіңді де, өзгені де арылтуға міндет­тейді. Осы қағидаға сай келмей қалған күні Әдебиет сенен көшеді, аулақ­тайды. Суреткер ғұмырының соңына дейін әде­биет­пен некелескендей бірге өмір сүре алады, тек адалдық керек!

– Фолкнер «Нобельдік лекциясында» жазудың мұраты жөнінде «Адам­зат­тың өткен тарихтағы бар қазына – даңқ, сес-айбарын қайта оятып, адам­ның тізе бүкпеуіне қолұшын беру» дей­ді. Сізге қолға қалам ұстауға түрткі бол­ған мұрат қандай?

– Өзімді іздеу, өзімді есту үшін қалам ұстаймын. Жаным не дейді, не қалайды менен... Оқырман да, көрермен менен алған жауа­бына қанағаттана алуы шарт. Мен де өзіме дейінгілермен үндесе алдым, олар­­ды естідім, солардың қатарынан табыл­­дым, сөйтіп өзімді, жан қалауымды тауып алдым. Қалам менен қалған кезде дүние­нің қызығы аяқталатын болар. Қалам қалған күн – қабығынан шығып, ұя­сы­нан адасып қалған ұлу тәрізді – табан­ның астында жаншылатын болады.

– «Әуезовті жақсы көргенім сонша­лық, басылымдарға шыққан сурет­терін, фотосуреттерін жинайтынмын, оқулықтардағы суреттерін қиып алып, сақтап қоятынмын» дейсіз бір сөзіңізде. Сізді ерекше баураған Әуезов прозасының қандай қыры?

– Бала кезімнен М.Әуезов туралы әкемнен көп еститінмін. Әкем әдебиетші адам, сол кісінің әсері болса керек. Бала кезі­мізден Абайды, Әуезовті пір тұттық. Жасө­с­пірім кезден-ақ Әуезов прозасын түсіну қиын болмады. М.Әуезовті оқы­ған оқырман өзге жазушыларға аса талғам­паздықпен қарайды. Әуезов әдебиетке талғаммен қарауды үйреткен болар.

– Көрнекті жазушы Әкім Тарази ту­ра­­сында сізге көптеген сұрақ қо­йыл­ды. Мен сұрақты өзгеше қойғым ке­леді. Әкім Таразиге ренжіген, сол ре­ні­шіңіз үшін өкінген кезіңіз болды ма?

– Ренжіген кезім болған жоқ, ол кісі мені ренжіткен емес. Бірақ қатал адам, көңілі қаламағанды жасамайды, көңілжықпастыққа бармайды, бір беткей. Көндіру қиын. Біз сондықтан да әдемі ғұмыр кешкен болармыз. Бір-бірімізге міндет жүктемедік, тең өмір сүрдік.

– Сіз туған жер, Үржар ауданында бол­­ға­нымда, қазақылықтың қайнарын көр­­гендей болдым. Ұлттық тәрбиеге қа­­нып өскен жазушы ретінде, бүгінгі қа­зақ мінезі, әдеп-ибасы өзінің табиғи бол­­мы­сынан қаншалықты өзгергенін ба­­ғ­­ам­дап айта аласыз ба? Қазіргі қазақ­тың­ ұлттық қалыбына көңіліңіз тола ма?

– Үржар ғажап өлке. Үржарда менің сағынышым жатыр, бейкүнә балалық шағым жатыр. Үржарға соны көруге, сол кезеңмен қауышуға барамын. Құмға сіңген ізді адам таба ала ма?.. Таба алмайды, мен де сол... Біз алған тәрбиені ендігі ата-ана бере алмайды. Қазіргі қазақ бұдан 60 жыл бұрынғы қазақ емес, басқа қазақ! Бізден кейінгі ұрпақ, бізге – бөтен. Біз де оларға бөтенбіз. Сондықтан жаңа толқын ескінің бәрін тоғытып жұта салмайды, өзіне керегін, қажеттісін ғана таңдайды, жаңалыққа, жасампаздыққа бой ұрады. Сол сияқты салт-дәстүріміз де таңдауға түседі.

– Сіз адам бойындағы ең жоғары бағалайтын және төмен бағалайтын қасиеттер қандай?

– Жоғары қасиет – адамгершілік! Ең төменгі дәреже – қызғаныш пен іштарлық.

– Толстой «төзе алмайтын», Гёте оны оқығанда «анадан соқыр боп туып көзі ашылғандай» болған, Пушкин «тұңғиыққа қарап тұрғандай» күй кешкен алып Шекспир мұхитына алғаш сүңгіген кезіңіз есіңізде ме? Қандай әсерде болдыңыз?

– Прозада – Толстойды, драматур­гияда – Шекспирді ұстаз тұтпаған сурет­кер некен-саяқ болар. Шекспир сюжет­тер­ді негізінен фольклордан, мифтен, анти­калық әдебиеттен, тарихи-шежірелік дерек­­терден ала отырып, асылды жасық­тан таза­лағандай қайта қорытып, өнер туын­­дысы етіп, қайта жаратып ұсынып оты­р­­ды. Маған ерекше әсер ете беретін те­ң­­дес­сіз шығармасы – «Макбет» пен «Кориолан».

– Ерекше әсерленіп оқыған соңғы кіта­бы­ңыз қандай? Сізді әсерге бөлей­тін шығармалар көп пе?

– Кейде мақталып жатқан шығарма­ларды тапсырыспен алғызып оқимын, біраз оқығаннан кейін тартпайды, аяқ­тал­маған күйде қалған біршама кітап бар. Сондықтан әркім мақтаған кітапты оқуға ынтызар болған жөн емес екен. Бірде Л.Толстой сөз арасында А.Чехов­қа «Душечка» деген әңгімесін ұнат­қанын айтады. Бұл әңгімені оқымаған екем, аталған әңгімені оқып шыққаннан кейін оқырман Толстойдың жаны қандай нәзік болған деген ойға қалдым. «Отец Сергийді» ­ерекше әсермен оқимын. Күнделігінде: «Начал Отца Сергия и вдумался в него. Весь инте­рес – психологические стадии, которые он проходит» деп жазыпты. Осы повесін жазу барысында көп қиналған сыңайлы, он жылға жуық жазған. 1898 жылы 12 маусымда «Сергийді аяқтадым» дейді. Шығарманың мазмұнын М. Горькийге айтып береді. Екі жылдан кейін Толстой да Ясная Полянадан қашып, Отец Сергий сияқты бас сауғалауға ұмтылады. Екі жылдан соң қайтыс болған.

– Толстой мен Достоевскийдің бірін атау керек болса, таңдауыңыз кімге түсер еді?

– Лев Николаевичке!

– Жалпы, сіз туралы жоғары баға бер­­ген пікірлер аз емес. Осының бәрі жеке өмі­ріңізге қалай әсер етті? Ең алғаш сіз туралы мақала жазып, баға­ңыз­­­ды бер­ген автор жөнінде айта ала­сыз ба?

– Әдебиет табалдырығын аттағанда үлкен ағаларым Әзілхан Нұршайықов пен Дулат Исабеков «Аида» әңгімемді мақтады. Әзілхан аға «Қазақ әдебиетіне» мақала жазды. Фариза Оңғарсынова «Дружба» (Мәскеу) журналында сұх­бат беріп, шығармаларымды атап баға­сын берді. Мұрат Әуезов, Дидахмет Әшімханов, Әшірбек Сығай тағы бас­қаларды айтуға болар. Менің жанымды ерекше толқытқан Ильфа Ілиясқызы Жансүгірованың жолдаған хаты. Ол ерекше хат болды, әсері де ерекше деп бағалар едім. Әдебиет зерттеушілері Бақытжан Майтанов, Рафғат Әбдіғұлов екеуінің шығармаларымды терең зерттеген мақа­ла­ларына құрметпен қараймын.

– Бейтаныс аралға өзіңізбен үш кітап ала кетуге рұқсат берсе, қандай кітаптар ала кетер едіңіз?

– Әкім Таразидің «Болашаққа шегі­нісі», соғыс жылдарындағы балалық ша­ғын, сол кездегі қазақ халқының ахуалын тағы бір қайтара оқыған болар едім. Алғаш рет 2007 жылы оқығанымда жылап қала беретінмін. Содан соң Юрий Казаковтың «Никишкины тайны» деген әңгімесі. Осы әңгіменің астына Әкім Тарази: «Бұл әңгімені екінің бірі оқи алмас. Оқыса да түсіне алмас. Түсінетін, ұғатын мен ғана, Әкім Тарази ғана (орыс­та да, қазақта да.) 08.01.2015, 12 сағат, 19 минут» депті. Таразиді тану үшін «Никишкины тайны» әңгімесін ала кетер едім. Үшінші, Таразидің күнделіктерін алып барар едім. Бұларды оқу өте қиын. Мойныңа тас салып, өз еркіңмен теңіздің тереңіне батып кетуге бел байлаумен тең.

– Өмірден түйген үлкен тұжырым­дарыңыздың бірін айтасыз ба?

– Адамды сүйе алмаған Алланы сүйе алмайды.

– Қазір қандай іспен шұғылданып жүрсіз? Жоспаларыңыз жөнінде айта кетсеңіз?

– Жазуға тиіс тақырыптарым көп, өте көп. Кейінгі кезде драматургияға ғана әуес­тендім. Жақында ғана бір әңгіме жазып бітірген жайым бар. Ол сюжеттің жадымда жүргеніне жеті-сегіз жылдай болған еді. Оқырманмен ойнап көргім келді, ойнап отырып жылатып алғым келді.

 

Әңгімелескен –  

Батырхан СӘРСЕНХАН,

«Egemen Qazaqstan»