Digital • 15 Қазан, 2024

Жүйелі стартаптар анықталды

53 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз Орталық Азиядағы «Google for Startups» жаһандық компаниясымен бірге акселератор жүргізетін алғашқы және жал­ғыз мемлекет мәртебесінде қала бермек. Биылғы «Silkway Accelerator 2024» бағдарламасына елімізден бөлек, Өзбекстан, Қырғыз­стан, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Пәкістан, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және БАӘ елдерінен 238 стартап қатысуға ниет білдірген еді. Солардың 13-і ғана қатаң іріктеуден өтіп, жобаны сәтті аяқтады.

Жүйелі стартаптар анықталды

Он екі апта бойы қатысушылар ха­лықаралық сарапшылармен тә­­жірибе алмасып, масштабтау стра­­тегияларын әзірледі. Олар­ға тегін тұрғын үй мен кеңсе бөл­ме­­лері ұсынылды. Нарық­тағы бе­­дел­дерін нығайту үшін вор­кшоп­­тар, менторлық қолдау мүм­кін­діктері беріліп, стартап­тардың инно­вациялық бизнес модельдерін дамытуға ықпал етті. Сонымен қа­тар бағдарлама аясында ірі ха­лық­аралық компаниялармен маңызды келісімдер жасалды.

«Google for Startups»-пен ынты­мақ­тастық орнатқан 3 жыл ішінде Орталық Азия елдерінен 62 стартап акселерация бағдарламасынан сүрінбей өтті. Алдыңғы лек түлек­тері 26 млн доллардан астам инвестиция тартты, ал бұл компаниялардың жал­пы бағасы 425 млн долларды құрады. Олар БАӘ, Түркия, АҚШ және басқа елдердің нарығына шыға алды. Бұл серіктестік стартаптарымыз үшін халықаралық алаңға жол ашып, жаһандық нарықты бағындыруға берік негіз болатынына сенімдіміз. Біз стартап-экожүйесін дамыту мақсатында әлемдік жетекші компаниялармен ынтымақтастықты нығайта береміз», деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Бесінші лек қатысушылары өз жобалары мен жетістіктерін «Demo Day» іс-шарасында таныс­тырды. Бағдарламаның жарқын же­тістігінің бірі шағын және ор­та бизнесті цифр­ландырумен айна­­лыса­тын «Beksar» стартабы бол­­ды. Акселератор барысында ком­па­ния кірісін 3 есе арттырып, MRR көрсеткішін 75 000 долларға жеткізген.

«Silkway Accelerator» бағдар­ла­ма­сына қатысқанымыз қаржылық көрсеткішімізді және операциялық үдерісімізді едәуір жақсартты. Сон­дай-ақ тұтынушылардың ке­туін 70%-ға қысқарттық, бұл сапаны бақылау жүйесін енгізу арқылы жүзеге асты. Бағдарлама ая­сында масштабтау стратегия­сын нақтылап, Өзбекстан мен Қырғызстанда өкілдіктер аштық. Бұған қоса Орталық Азия, Әзер­байжан және Грузия нарық­тарын әрі қарайғы даму бағыты ретін­де таңдадық», деді  «Beksar» компа­ниясының негізін тең қалау­шы Мақсат Бектібаев.

Ал «Checkdoc.kz» стартабы ай сайынғы кірісін 20 есе арттырып, 46 миллион теңгеге келісімшарттар жасасты. «Біз команда құрамын қайта жасақтап, оны негізгі мамандармен бекіте түстік. B2B нарығына шығып, медицина мен сақтандыру саласында ірі келісімдерге қол қойдық. Сондай-ақ жақын арада «Checkdoc Digital Insurance» атты жаңа өнімді іске қосуды жоспарлап отырмыз, бұл қызметкерлерге сақтандыру қызметтерін жедел басқаруға мүмкіндік береді», деді жобаның  бас директоры Ақтоты Сматова.

Акселерацияны сәтті тәмамда­ған­дар қатарында бірнеше отан­дық жоба бар. Атап айтсақ, мектеп оқушыларына арналған оқыту платформасы  «ab.ai»;  алақанның көмегімен авторизациядан өтуге, кез келген жерге кіруге және түрлі затқа төлем жасауға мүмкіндік беретін «Alaqan» жобасы; жүк тасымалдауды экспедиторлау бойынша ең ірі онлайн-платформа «biny.co»; жасанды интеллектіні қолдана отырып, онлайн курстар ұсынатын «Courstore SaaS»; маркетплейстерде сату үдерісін автоматтандыруға арналған «Prometei»; кәсіптік бағдар беруге және университетке түсуге арналған ЖИ негізіндегі «WeGlobal.ai» платформасы; сондай-ақ мей­рамханаға арналған тапсырыс­тар мен төлемдерді басқаратын «kook» жобасы бар.

Халықаралық қатысушылар қатарында Моңғолия мемлекетінің жобасы көш бастады. Атап айтсақ, «Lambda Global» компаниясы қашықта жұмыс істейтін мамандармен ынтымақтастық орнатуға арналған платформа құрды. Сондай-ақ Қырғызстанның ЖИ негізіндегі бағдарламашыларға арналған жұмыс симуляторы «Neobis» болды. Бұдан бөлек, өзбек­стандық екі стартап ерекше көзге түсті. Соның бірі – «AL-Chiroq». Бұл  – ұялы байланыс операторының бағдарламаларына арналған платформа. Екіншісі – жылжымайтын мүлік индустриясына бағытталған цифрлық экожүйені ұсынатын «UYSOT» компаниясы.

Жүзден жүйрік деп танылған стартап иелері өз жобаларын таныстырып, алдағы жоспарларын талқылаған дәстүрлі «Opening Day» іс-шарасына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қатысқан еді.

«Кәсіпкерлер мен стартаптарға арналған мұндай ауқымды әрі маңызды бастама үшін серіктес­теріміз бен «Google for Startups» компаниясына алғыс айтқым ке­леді. Бағдарламаның жетістіктері бар­шылық. Атап айтсақ, 1 300-ден астам жедел іске қосылған жоба, 400 миллион доллардан астам сомаға бағаланған 50-ге жуық стар­тап, сондай-ақ қатысушылар тарт­қан 26 миллион доллар көлеміндегі ортақ инвес­тиция. Бұл – аталған бағдар­ламаның ауыз толтырып айтар­лықтай үлкен нәтижесі әрі бастамасы ғана. Министрлік тарапынан мұндай жобаларға қолдау көрсетіп, ұйымдастыруға қажетті барлық инфрақұрылымды қамтамасыз етуге дайынбыз», деді министр.

«Silkway Accelerator» бірлескен бағдарламасының тиімділігі мен өнім­ділігін ескере отырып, «Google for Startups Astana Hub»-пен серік­тестігін жалғастырады. Айта ке­тейік, «Google for Startups» –  2011 жылы «Google» корпорациясы іске қос­қан стартап бағдарламасы. Бұл  125 елдегі 50-ден астам акселератор­ды қамтып, технологиялық кәсіп­кер­лерге тәжірибе сабақтарын ұсынады.