Сурет: ru.freepik.com
Жақында болған бірнеше резонансты оқиға мәселенің күрделеніп бара жатқанын көрсетеді. Өңірлердің бірінде 16 жастағы жасөспірімнің топтасқан тұрғындардың соққысынан қаза табуы көпшілікті дүр сілкіндірді. Ақтауда бір топ қыз бала мектеп оқушысын ұрып, соның салдарынан ол ауыр жарақат алды. Астана қаласында тапа-тал түсте, адамдардың көз алдында бір жігітті өлімші етіп сабап кеткен.
Осындай оқиғалар кейбір азаматтарымыздың оқу мен даму орнына зорлық-зомбылық пен қылмысқа бой ұрып, қате жолды таңдағанын көрсетеді. Мұндай жағдайлар қоғамның болашағы саналатын жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеудің маңызын тағы бір мәрте көрсетіп отыр.
Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың артуына бірнеше себеп бар деп ойлаймыз. Ең алдымен, отбасылық тәрбиенің жетіспеушілігі мен эмоционалдық қолдаудың жоқтығы. Әсіресе ата-ананың назарынан тыс қалған балалар мен жасөспірімдер қиын жағдайларға жиі ұшырайды. Тәрбиенің негізі отбасында қаланатыны сөзсіз. Сол себепті отбасылық қарым-қатынастың үйлесімсіздігі жастардың мінез-құлқына едәуір әсер етеді. Эмоционалдық қолдаусыз қалған бала өз сезімін дұрыс басқара алмай, агрессивті әрекеттерге бой ұрады.
Екіншіден, әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың әсерін жоққа шығаруға болмайды. Қаржылық қиындықтар, бос уақыттың көптігі және әлеуметтік теңсіздік секілді мәселелер жасөспірімдерді құқық бұзушылыққа итермелейді. Әлеуметтік әділетсіздік жағдайында балалар мен жасөспірімдер заңсыз әрекеттер арқылы өз мәселелерін шешуге ұмтылуы мүмкін. Бұған қоса қоршаған ортаның, яғни достар мен әлеуметтік топтардың ықпалы да бар. Жасөспірімдер өз ортасында беделге ие болуға тырысып, кейде заңсыз әрекеттерге барады.
Үшіншіден, білім жүйесіндегі олқылықтар жастар арасындағы құқық бұзушылықтың өсуіне әсер етеді. Мектептерде психологиялық қолдаудың жетіспеушілігі, оқушылар арасындағы буллингтің ерте анықталмауы, балалардың эмоционалдық қажеттіліктеріне мән берілмеуі – осының барлығы агрессия мен құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін. Құқық қорғау органдары мен білім мекемелері арасындағы тығыз қарым-қатынас орнатып, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту қажеттігі туындап отыр.
Төртіншісі әрі маңыздысы – заманауи медиа мен технологиялардың әсері. Интернет пен әлеуметтік желілерде агрессивті контенттің таралуы, виртуалды кеңістіктегі қудалаулар мен қысым көрсету сияқты жағдайлар балалардың психологиялық жағдайына теріс әсер етеді. Әсіресе әлеуметтік желілерде танымал болу үшін жастар заңсыз әрекеттерге жиі барып жатыр.
Кейінгі уақытта интернетте кең танылған «Слова пацана» сияқты контенттер – жастарды теріс жолға бағыттайтын мысалдардың бірі. Бұл контенттерде агрессия және заңсыз әрекеттер романтика ретінде көрсетіліп, жасөспірімдердің санасын бұрмалауға әсер етеді. Мұндай материалдар жастар арасында құқық бұзушылықтың жағымды әрекет ретінде қабылдануына ықпал етеді. Бұл орайда мәселенің шешімді жолы ретінде медиа сауаттылық сынды дағдыны дамыту аса маңызға ие. Жастарға ғаламторда дұрыс контентті таңдай білуді үйрету – буллинг пен құқық бұзушылықтың алдын алудағы маңызды қадам.
Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жан-жақты, кешенді шаралар қажет. Отбасылық тәрбиені күшейтуден бастап, мектептерде психологиялық қолдауды жақсарту, құқық қорғау органдарының рөлін арттыру арқылы ғана қоғамда құқықтық тәртіп орната аламыз.
Ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, ұлттық және жалпы адами құндылықтарды бойларына сіңіру арқылы жастарды дұрыс бағытқа жетелеу – кемел келешекке деген басты мақсат.
Нұрбол ТӨЛЕБАЕВ,
Бас редакторлар клубының вице-президенті