Оқиға • 15 Қазан, 2024

Полиция Шерзат Болаттың өлімі бейнеленген кадрларды жариялады

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігінің өкілдері 16 жастағы Шерзат Болат қаза тапқан қайғылы оқиға бейнеленген видеоны көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Полиция Шерзат Болаттың өлімі бейнеленген кадрларды жариялады

Фото: Видеодан алынған кадр

Видеоға түсірілген әрекеттер 4 қазанға қараған түні Талғар қаласындағы «Қамажай» дүкенінде болған.

Кадрларда Шерзатты өлтірді деген күдіктінің екі бөтелке сыра мен төрт қорап темекіні сатып алып жатқаны көрсетілген. Мәміле аяқталғаннан кейін ер адам тағы бір бөтелке сыра сатып алып, ақшаны төлеген. Кейін күдікті дүкенге қайта кіріп, телефонын зарядтауды сұраған. Бірнеше минуттан кейін телефонды алу үшін қайта оралған. Оқиға көшеде өрбіп, сол жерде төбелес басталған.

Еске сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда бір топ адам жасөспірімді қатігездікпен өлтіріп кеткен еді. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат дүкенде әкесіне көмектесіп жүрген кезде агрессивті тұтынушыға тап болып, жанжал басталған. Сатып алушы достарына қоңырау шалып, бір топ болып Шерзатты, оның әкесі мен ағасын пышақ және мылтықпен ұрып-соға бастаған.

Кісі өлтіру фактісін тергеуді Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қолға алды.