Өнер • 16 Қазан, 2024

Майраның әні

205 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Майра Мұхамедқызы. Сахнада 30 жыл». «Астана Опера» театры сахнасында дәл осындай атаумен өткен керемет концерт тыңдарман үшін атағы жаһанға жеткен әншінің сахнадағы ширек ғасырдан астам өмірінің өнер өрімдерін көрсеткен тамаша тарту болды.

Майраның әні

Бірегей әнші Майра Мұхамед­қызы­ның мансап жолы — тек сахна­дағы 30 жыл ғана емес, өнерге деген адалдықтың 30 жылы. Әншінің шығармашылық жолы – еңбекқорлыққа, кемелденуге деген талпыныс пен музыкаға деген махаббатқа толы жетістіктің тарихы. Сахнадағы алғашқы қадамдардан бастап, халықаралық дең­гей­дегі танымалдылыққа дейін – оның мансабының әрбір сәті жаңа шыңдарды бағындыруымен құнды, бағалы. Әнші төл шығармашылығындағы осы бір атаулы датаны өткен аптада «Астана Опера» театрында мерейтойлық мазмұнды концертпен атап өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен кеште құрметті қонақтардың қатарында министр Аида Балаева да болды.

– 30 жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Мақтанышпен айта алатын жетіс­тігім өте көп. Осынау жылдар ішінде мен 50 опералық қойылымда өнер көрсетіп, жанымның бір бөлшегіне айналған халық әндерін орындадым, қыруар концертке қатыстым. Бұл – кез келген классикалық әншіге бұйыра бер­мейтін бақ. Әрине, мұндай жетістік үлкен еңбек пен зор ізденістің арқасында келеді. Шығармашылық қызметімнің отыз жылдығына өз Отанымда қазығымды қағып, туымды тіктей отырып келдім дей аламын. Армандаған адам мақсатына жетпей қоймайды, сондықтан мен өзім­мен мақтанамын, көп жылғы еңбектің арқасында биікке жеттім деп ойлаймын, – деді Майра Мұхамедқызы концерт алдындағы шағын пікірлесуімізде өнер жолы турасында сыр ашып.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, беделді марапаттардың иегері ретінде ол бірнеше жыл бойы қазақ опера өнерін әлемдік аренада таныстырды. Әнші айрықша шеберлігі, жарқын харизмасы, өз ісіне деген адалдығының арқасында елімізде ғана емес, одан тыс жерлерде де көрермендердің махаббаты мен ықы­ласына ие болды.

Майра Мұхамедқызы – жай ғана орындаушы емес, ол өзінің шығармашылық мансабында жоғары кәсібилігін көрсетіп қана қоймай, көптеген жас вокалисті армандарының соңынан ілесуге шабыттандырды. Әртүрлі сипаттағы партиялар келе беретін оның сопрано дауысы үздік әлемдік сахналардан естілді. Ол Париждегі әйгілі «Гранд Операның» тұңғыш Қазақстан солисі болды. Бейжің, Мәскеу, Вашингтон, Нью-Йорк, Лондон, Ыстанбұл, Дели, Сеул, Вена, Берлин, Будапештің театрларында өнер көрсетті. Десе де сахнагер үшін елдегі сахнаның орны бәрібір ерек. Оның айқын айғағы – Астанадағы концерт әншінің өнерге қызмет еткен көпжылғы еңбегінің рәмізі ғана емес, сондай-ақ қазақтың мәдениеті мен өзінің халқына деген сүйіспеншілігінің де жарқын көрінісі болғаны анық.

– Мен үшін «Астана Опера» театрының орны бөлек. Алматыдағы Абай атындағы театрда жиырма жыл, Францияда жеті жыл, ал елордада алты жылдай еңбек еттім. Ұлттық және әлемдік опералық қойылымдарда басты партиялардың барлығын орындадым деуге болады. Концертте бала күнімнен бастап, бүгінгі күнге дейінгі шырқаған арияларды, сондай-ақ халықаралық байқауларда өзім өнер көрсеткен туындыларды таңдап алдым. П.И.Чайковский атындағы байқаудағы жеңісім – өмірімдегі айтулы оқиға болды, аталған додада мен лауреат атанған едім. Ол жерде концертмейстер ретінде менімен бірге керемет пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазіргі таңда АҚШ-та тұратын Теміржан Ержанов өнер көрсетті. Ескі досымды арнайы шақырып, бірге өнер көрсетуге ұсыныс айттым. Сөйтіп, екеуіміз бірге байқауда шырқаған әндермен сахнаға шықтық. Жалпы, шығармашылық кешімді көрермендер бұрын-соңды тамашаламаған ерекше форматта өткізгім келді. Сол мақсатта режиссер әрі байырғы досым Михаил Панджавидзе, неміс суретшісі Гарри Гуммель және өнердегі басқа да достарыммен бірге іздендік, – деп атап өтті әнші.

Иә, мерейтойға арналған концерттік бағдарламаны әртіс егжей-тегжейіне дейін өзі ойластырыпты. Майра Мұхамедқызы көрермендерге әлемдік және ұлттық репертуардағы туындылардан тұратын бірегей бағдарлама ұсынды. Опера саңлағының орындауында Рихард Штраус, Ференц Лист, Петр Ильич Чайковский сынды ұлы композиторлардың операларынан ариялар, сондай-ақ концертке ерекше ұлттық бояу берген қазақ авторларының шығармалары шырқалды. Олардың қата­рында халық әні «Ағажай Алтай», Эйтор Вила-Лобостың «№5 Бразилиялық бахиана», Петр Чайковскийдің «То было раннею весной», басқа да көптеген туынды бар. Солардың ішінде айрықша атап өтетін нөмір – Майра Мұхамедқызының АҚШ-тағы ескі досы Теміржан Ер­жа­нов­пен бірге орындаған «Olieb, solang duliebenkannst» композициясы көрермендердің зор ықыласына бөленді. Майра Мұхамедқызының Жорж Бизе, Шарль Гуно, Джузеппе Верди сынды композиторлардың операларынан арияларды тебірене орындауы оның эмоциялық тереңдігі мен әртістік шеберлігін айқын көрсетті. Ал симфониялық оркестр мен хордың сүйемелдеуімен орындалған Карл Орфтың «Кармина Бурана» шығармасының «O Fortuna» үзіндісінен кейін көрермен қауым әншіге толассыз қошемет көрсетті.

Тақырып аясы барынша жан-жақты қамтылған мазмұнды концертте театрдың балалар хоры, «Астана Операның» жетекші балет солистері Әнел Рүстемова, Олжас Тарланов, Диас Құрманғазы, әйгілі әртістер Ораз Мұхамедьяр (тенор), Жұмабек Қаңтарбаев (тенор), Айбек Қанатбек (баритон), Рамина Сатыбалды, тағы басқалары өнер көрсетті.

– Сахнадағы 30 жылдық ғұмырымда менімен бірге болып, қолдап келе жатқан көрермендеріме алғысым шексіз. Осы жылдар ішінде менің шығармашылығымды бақылайтын аудитория қалыптасты. Сол шынайы жанкүйерлерімнің арқасында сахнада әнімді шырқап, еркелеп жүрген жайым бар. Осы үшін де Аллаға сансыз шүкір етемін. Мен – шын мәнінде бақытты әншімін, – деп сөзін қорытындылады Майра Мұхамедқызы.

Салтанатты кеш Т.Жармұхаметтің «Домалақ Ана» операсынан той көрі­нісімен аяқталды. Шымылдық жабыл­ғаннан кейін де көрермен қошеметі толастамады. Риясыз ризашылығын білдіріп, құрмет көрсеткен көпшілік қарасында шек жоқ.

«Біз дәстүрлі өнердегі жыршы болсақ, Майра апай – опера өнерінің жыршысы. Себебі операдағы ұзақ мәтіндерді жаттау да біздің жыр жаттағанымызбен бірдей қажырлы еңбек. Майра Мұхамедқызының шығармашылық концертіне келіп керемет кештің куәсі болдық. Майра апаймен 1997 жылы Францияда өткен Қазақстан өнер шеберлерінің концертінде танысқан едік. Ол кезде мен небәрі 20 жастамын. Парижде Айман Мұсақожаева, Қаршыға Ахмедьяров, Теміржан Ержанов, Майра Мұхамедқызымен қатар өнер көрсетіп, «Плейель» (фр. salle Pleyel.– авт.) залын шапалақпен қақ айырған жылым еді. Сонда Париж қаласын автобуспен аралап жүргенде Майра апай әдемі ғимаратты көрсетіп: «Мынау – атақты Париж Опера сарайы. Осында ән салу – менің арманым», деп айтқан еді. Кейін әншінің арманы орындалып, Париж Операсында жұмыс істеді, тіпті сол бір әйгілі сахнада ән салған тұңғыш қазақ әншісі атанды. Бұл – сөзсіз таланттың арқасы», деп ғаламат кештен кейін жыршы Айгүл Елшібаева өнердегі әпкесіне ақеділ лебізін жеткізді.

Иә, Астана кешін көркем еткен бұл тамаша сәт осы бір бірегей мәдени оқиғаның куәсі болғандардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Орайы келгенде айта кетейік, танымал опера әншісі елордадан бастау алған шығармашылық кешін еліміздің барлық қаласында өткізіп, концерт көшін Шымкентте түйіндеуді жоспарлап отыр.