Әйгілі ғалым апамызды бала күнімнен көріп өстім. Олай болатын себебі, Рабиға апай әке-шешемнің әріптесі әрі сыйлас досы ретінде жақын араласты. Мектепте оқып жүргенімде апайды үйден жиі көретінмін. Бұл уақытта әкем (Мүсілім Базарбаев) Әдебиет және өнер институтының директоры болатын. Үйден ғалымдар мен қаламгерлер еш арылмайды. Солардың ортасында жамалы жарқырап Рабиға Сыздық отырады. Біз, әпкем екеуміз анамызға көмектесіп, қонақтарға шай тасимыз. Сондағы бала санамызда жатталып қалған бір жайт, Рабиға апай өте әдемі болатын. Мейірім нұры төгілген жарқын жүзі кісіні өзіне магниттей тартып тұратын. Әсіресе бізді, балаларды көргенде көркем бір күйге енеді. Көкірек көзімізге үңіледі. Сабағымызды, не оқып жатқанымызды сұрайды. Мұндай үнсіз ұғынысуды, сүйіспеншілік сезімін сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес-ау. Бірде Рабиға апай Жаңа жыл мерекесіне орай институтта істейтін адамдардың балаларына арнап іс-шара өткізді. Анамның бізді қар қызындай киіндіріп, өз қолымен ақ көйлек тігіп бергені, академия ғимаратының Шевченко жағындағы фойеде шыршаны айнала би билеп, өлең айтып жүргеніміз, Рабиға апайдың сонда әр балаға кітап сыйлаған сәті әлі күнге санамда сайрап тұр. Кейін Мәскеуден оқу бітіріп келіп, Тіл білімі институтына қызметке орналасқанымда, апайды мықты ғалым ретінде тани бастадым. Ғалымның еңбектерін, ғылыми шығармашылығын зерттеп, талдаған бірнеше мақалам жарық көрді.
Академик Р.Сыздықтың замандастары апайдың еңбекқорлығы мен адамгершілігі, парасаттылығы мен рухани тазалығы жөнінде жиі айтады. Белгілі ақындар, жазушылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері апай туралы әдемі өлеңдер, жақсы дүниелер жазды. Көрнекті ақынымыз Қасым Аманжоловтың 1946 жылы Рабиға Ғалиқызына арнап өлең жазғанын біреу білсе, біреу білмес.
«Тіліңіз тәтті, ойыңыз қандай!
Тыңдадым, ұқтым жан күйіңізді.
Болар ем күнде бір жасарғандай,
Көп туса қазақ дәл сіздей қызды!...» Ғажап емес пе! Қасым ақынның жырына арқау болған аруда арман бар ма, сірә? Заманымыздың көрнекті ғалым-феноменінің ұзақ және жарқын өмірін бақылай отырып, осы сөздер оның бүкіл өмірі мен жұмысының лейтмотиві болып, тұлғаның дұрыс әрі дәл бағаланғанына тағы бір мәрте көз жеткізеді.
Рабиға Ғалиқызының жүріп өткен жолдарына үңілсек, оның балалық, жастық шақтары еліміздің тарихындағы ең қиын кезеңдерге тұспа-тұс келді: әкесі сол кездегі зиялы тұлғалар қатарында репрессияға ұшырап, 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылды. Бұл оқиға туралы Рабиға апай өзінің естелігінде былай деп жазады: «Жазда, бір күні анамыз Роза екеумізді қаладағы нанға жіберді. Түс кезі болатын. Екеуміз нан алып қорадан кіре берсек, ат арба шығып келе жатыр екен. Алдында көшір отыр, артында 3 адам, екі жағында екі адам, ортасында әкем отыр. Бізді көрді де басын изеді. Сөйткенше болмай, зулатып алып кетті. Үйге кірсек, үйдің іші тас-талқан. Сандық ашылып, ішіндегі киім-кешектің барлығы жерде жатыр. Азын-аулақ кітап-қағаздар да жерде жатыр, ыдыс-аяқтар да жерде. Анамыз жылап, бүк түсіп отыр. Хамит ағам сұп-сұр болып үйдің ортасында тұр. Әкелеріңді ұстап алып кетті», деді. Сол сәттен бастап үй шаруасындағы барлық қиындық анасының мойнына түседі. Қуғын-сүргіннен қасірет шеккен отбасындағы балалар ерте есейіп, үлкендер атқаратын істерге буыны қатпай жатып араласады. Он алты жасында Рабиға Ғалиқызы мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен және басқа да мұғалім болмай биология, зоология сияқты пәндерден сабақ береді.
1945 жылы хакім Абайдың 100 жылдығына арналған конференцияға қатысуға Қазақстанның барлық аймағынан мұғалімдер Алматыда бас қосты. Олардың арасында Рабиға Ғалиқызы да бар еді. Сол конференция туралы апайдың өзі бүй дейді: «Бір секцияда басқа облыстардан келгендерден кім сөйлейтінін сұрады. Қарап отырмай, қол көтердім. Бір есімде қалғаны, оқулықтарда кететін емле қателерінің бар екенін айттым. Сонда орта жастан аса берген бір адам келіп: «Қарағым, қайдан келдің, жақсы сөйледің, дұрыс сөйледің», деді. Сөйтсем, бұл кісі академик Ісмет Кеңесбаев екен. Келесі бір үзілісте әдемі бір «орыс» келді қасыма. Келді де, тап-таза қазақша: «Өзің бір пысық қыз екенсің, қайдан келдің?», деді. Бұл кісі – Мәулен Балақаев екен». Жас, жігерлі қыздың сөйлеген сөзі назардан тыс қалған жоқ. Сол кездегі Қазақ педагогикалық институтын басқарған профессор Ахмеди Ысқақов жалындаған жанның ерекше қабілеті мен тілінің өткірлігін байқап, оны бірден филология факультетінің үшінші курсына шақырады.
60-жылдардан бастап Рабиға Ғалиқызы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында жұмыс істейді. Ол қатысқан ғылыми конференциялардың біріне Мұхтар Әуезовтің өзі келеді. Конференцияға қатысушылардың барлығын тыңдағаннан кейін М.Омарханұлы жас ғалымды сөз сөйлегені үшін мақтайды, оның баяндамасында көтерілген проблема лингвистер мен әдебиеттанушылар үшін маңызды екенін атап өтіп, талантын жоғары бағалайды. М.Әуезовтің кеңесі бойынша Р.Сыздық Абай шығармашылығын лингвистикалық тұрғыдан зерттей бастайды. Ұлы жазушының өсиеті өз жемісін береді. Республикалық ғылыми және қоғамдық ортада жоғары бағаланған «Абай шығармаларының тілі», «Абайдың сөз өрнегі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» сияқты күрделі еңбектер дүниеге келеді. Абай өлеңдері тілінің синтаксистік ерекшеліктеріне арналған еңбегінде автор: «Поэзиялық шығармалардың өзіне тән заңдары болады. Бұл заңдар ырғақ, ұйқас, шумақталу, интонациялық-мелодиялық құбылыс тәрізді өлең белгілеріне қарай пайда болады», дейді. Поэзия тілінің синтаксистік ерекшеліктерін танып-білу үшін ол күрделі синтаксистік тұтастық, шумақ категорияларын, бір-бірімен байланысын, инверсия, ықшамдау, тармақ ұғымдарын жан-жақты талдап, Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысын, композициялық құрамы мен өлшем түрлерін анықтап сипаттайды.
Рабиға Сыздықтың «Сөз сазы» деген еңбегі 1995 жылы екінші рет басылып шықты (бірінші басылымы 1983 жылы жарық көрді). Көмекші құрал ретіндегі жұмыстың негізгі мақсаты – сөйлеу үстінде сөздерді дұрыс дыбыстау заңдылықтарын айқындап, мұны қалың жұртшылыққа, әсіресе жастарға үйрету. Ғалымның айтуынша, «сөз сазы – сөйлеу үстінде (актісінде) сөздердің дұрыс айтылып, құлаққа жағымды естілуі. Ал сөздерді дұрыс айту дегеніміз – тілдің табиғи дыбыс заңдылықтарын сақтау», дейді ғалым. Автор осы еңбекті «орфоэпиялық анықтағыш» деп атаса да, мұнда теориялық тұжырымдар баршылық және бұл қазақ тіл білімінің жаңа бағыты – интонология саласының негізгі мәселелерімен үндесіп, оны әрі қарай дамытуға негізделеді.
Тілдің жазбаша түрі әр қырынан жете зерттеліп, соған байланысты тиісті оқулықтар да жарық көргені мәлім. Ал ауызекі сөйлеу тілін алар болсақ, сөйлеу мәдениетінің білік-танымын кеңейтуге арналған оқулықтар, оқу құралдары әлі де жеткіліксіз. Адамды дұрыс мәнерлеп сөйлету үшін ауызша тілдің заңдылықтарын білу шарт. Ал ауызекі сөйлеу тілінің бірден-бір көрсеткіші – интонация. Тұтынушылардың қатынас құралы ретіндегі суперсегментті фонетика туралы білімін қалың жұртшылыққа таныстыру негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Сөйлеуге үйретуде материал ретінде лексикалық және грамматикалық бірліктер жете қолданылса, просодикалық элементтерге ерекше назар аударылмаған. Сөйлеу барысында көрініс табатын просодикалық тәсілдердің қызметі сөз ағымында жүзеге асуы ауызекі сөздің әуезділігінде, әсерлілігінде көрінеді. Р.Сыздық өзінің еңбегінде: «сөзді дыбыстау, яғни дұрыс айту нормалары барлық сәтте бірдей, ешбір бұлжымайтын нәрсе емес», дейді. Автордың құнды тұжырымдамалары сөйлеу интонациясының қағидаларымен сәйкес келеді. Бұл тұста тіл үйренушінің сөйлеу актісін түсінуін дәлелдейтін просодикалық тәсілдердің орны ерекше. Тіл үйренушінің сөйлей білу қабілетін дамытуда суперсегментті фонетика заңдылықтарын меңгерудің маңызы зор.
Ғұлама ғалымның түркі және қазақ тіл білімі саласындағы бірқатар бағыттағы, ең алдымен, қазақ әдеби тілі тарихының мәселелері бойынша зерттеулері – лингвистика ғылымының дамуына қосылған өлшеусіз еңбек. Академик Р.Сыздық еңбектерінде қазақ тіл білімінің әртүрлі саласы қамтылған. Көрнекті ғалым-филолог көп жыл бойы жалпы түркологиялық зерттеулермен, қазақ әдеби тілінің проблемаларымен, сөйлеу мәдениеті, қолданбалы лингвистика және басқа да мәселелермен жан-жақты, байыпты айналысты.
1993 жылы «XV-XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы» монографиясы қайта басылып, толықтырылды. 60-жылдардан бастап тілші ғалым қазақ әдеби тілінің қалыптасу, даму кезеңдерін зерттеді. Әдеби тілдің мәртебесін айқындау қағидасы туралы ғалымның өзіндік пікірі бар, соған сәйкес, XV-XVII ғасырлардағы ақындар мен жыраулар шығармаларының тілі – қашанда әдеби тілдің үлгісі. Тарихи ескерткіштерді жан-жақты, кешенді түрде зерделеудің негізінде зерттеуші әдеби тілдің нормативтік негіздерін біріктіру мен дамыту тек жазбаша түрде емес, ауызша түрде де жүреді деген қорытындыға келеді. Қазақ әдеби тілінің дамуы мен тарихы мәселелері ғалымның түркологиялық зерттеулерімен тығыз байланысты. Ортағасырлық «Жамиат-тауарих» ескерткіші тілінің лексикалық және грамматикалық ерекшеліктеріне (XVI ғасыр) талдау жасайды. Түркі тілдерінің оғыз және қыпшақ элементтерін салыстыру нәтижесінде зерттеуші жазба ескерткіш қазақ халқының рухани мәдениетінің тарихи мұрасы екенін дәлелдейді. Ғалымның Қожа Ахмет Ясауидің (ХІІ ғасыр) хикмет тіліндегі мәтіндік зерттеулері – ғылыми қызығушылық тудыратын үлкен еңбек. Бұл ретте Р.Сыздықтың шығармашылығы проблемаларды терең зерттеуімен және тілдік деректердің кеңдігімен ерекшеленетінін айта кетуіміз керек.
Әйгілі ғалымның ғылыми зерттеулерінде сөйлеу мәдениетіне қатысты теориялық және қолданбалы мәселелер маңызды орын алады. Қазақ әдеби тілінің теориясы оның әлеуметтік функциялары мен нормативті үдерістерінің дамуы тұрғысынан қарастырылады. Ол өз еңбектерінде норма, кодификация, сөйлеу, т.б. сияқты лингвистикалық ұғымдарды терең талдап ашып береді. Тілдік норма мен оның кодификациясының мәселелері, қазақ орфографиясы мен пунктуациясының негізгі ережелері, қазіргі қазақ тілінің лексикографиялық байлығы, стилистика мен шешендік мәселелері көптеген монографияда, анықтамалық кітапта, оқулықта, т.б. оқу құралдарында көрініс тауып анықталады.
Қазіргі уақытта қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруде Р.Сыздықтың орфография, орфоэпия жөніндегі еңбектері ерекше өзекті болып саналады. Ғалым апамыз өткен ғасырдың 60-жылдарынан бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтпаған қазақ тілінің орфографиялық ережелері мен анықтамалықтарын жасады. Орфографиялық анықтама – қазақ емле ережелеріне жүгінетін барша қауымның күнделікті жазу барысында пайдаланатын ең басты құнды құралы.
Тағы бір айта кететін жайт, ғалым апамыз көрнекті ғалымдар, қазақ тіл ілімінің негізін салушылар А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұбановтардың еңбектерін насихаттауға елеулі үлес қосты. Олардың өміріне және еңбек жолына арналған монографиялар, кітаптар, брошюралар мен мақалалар жарық көрді.
Ізгі ниеті мен жан дүниесінің сұлулығына қарай ол кісінің жанына жастар жағы көбірек үйіріліп тұратын. Ол қамқор, мейірімді тәлімгер ретінде жас әріптестеріне тек ғылымда ғана емес, күнделікті өмірдің түрлі белесінде көмек қолын созудан тартынбады. Рабиға апайдың шәкірттері – ғылым докторлары мен кандидаттары танымал мамандарға айналды, университеттерде және еліміздің басқа да ғылыми, мемлекеттік мекемелерінде жұмыс істейді.
Ғалымның терең даналығына, еңбекке деген үлкен қабілетіне, кең дүниетанымына, сонымен қатар тіл білімінің тағдырына деген азаматтық ұстанымына үлкен де, кіші де тәнті. Ғибратты тұлға ғылымға ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханиятына да баға жетпес үлес қосып кетті. Осыншама еңбегі бар академик Р.Сыздық ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметі үшін «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен марапатталды. Мемлекеттік сыйлықтың, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, еңбек сіңірген ғылым қайраткері атанды.
Ендігі кезекте ғұлама ғалымның ғылыми-мәдени мұрасын көз қарашығындай сақтап, кешенді зерттеу жұмыстарын кешіктірмей қолға алуымыз керек. Оның асқан кәсіби шеберлігі, рухани байлығы, жауапкершілігі біз үшін зор мәртебе десек, ал ғылымға кейін келіп қосылып жатқан жастар үшін тағылымы мол жарық мектеп.
Зейнеп БАЗАРБАЕВА,
ҰҒА академигі