Өнер • 17 Қазан, 2024

Атақты хореограф – Абай театрында

73 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Британия империясы» орденінің кавалері, әлемге әйгілі биші, хорео­граф Акрам Хан елімізге келіп, Абай атындағы Қазақ ұлттық ­опера және балет театрында бірнеше күн шеберлік сабағын өткізді. Жаңалығы мол қойылымдарымен би әлеміне жаңа серпін берген өнерпаз қазақ елі әртістерінің тәжірибесін толықтырып, тереңдете түсті.

Атақты хореограф – Абай театрында

Абай атындағы театрдың балет труппасы үшін хореографияның заманауи – дүниежүзі мойындаған бірегей стилін меңгерген Акрам Ханның би арқылы тілдесу, сезімді жеткізу әдісін, төл тәсілдерін жеке өзінен үйренгені маңызды. Толассыз шығармашылық шабыт пен ізденісте жүретін шебердің дербес сабағы екі аптаға созылды. Британ­дық хореограф Абай атындағы опера және балет театры әртістерінің би өне­ріне көзқарасын, педагогтерінің ашық-жарқын, дос пейілін ерекше атап өтті.

– Театрдың балет труппасы педагог­терінің шеберлігіне тәнтімін. Негізі басқа елге келгенде өз тәжірибемді ғана алға тартып, талап-тілегімді орынсыз таңуға емес, бірінші кезекте өзімді өзге бишілер арқылы танып-білуге ұмтыламын. Балет әртісі жалпыға ортақ классикалық туын­дылардың кейіпкерлерін бейнелесе де, оның денесі, қимылы – мәдени құндылық іспеттес ұлттық ерекшеліктен сыр шертетін жаны бар тірі қазына. Сондықтан маған қазақ театрының биге деген көзқарасы, қарым-қатынасы ұнады. Маған бастысы, балет труппасының биіндегі рухты сезіну, – дейді биші һәм қоюшы-хореограф Акрам Хан.

«Жұмыс істегенді» емес, билегенді ұнататын адамды таңдайтын хас шебер әлемді көп аралайтынын, тәжірибе бөлісуге барған театрдың көңілінен шыққан әртістерін Лондондағы өз компаниясына шақыратынын, Абай теат­рында да бірқатар балет әртісінің өнерін жоғары бағалайтынын жасырмады. Қазақ өнерінің қара шаңырағына, жалпы Қазақстанға алғаш келген хореограф тілшілермен тілдескен мәслихатта: «алдағы жоспарды уақыт көрсетеді» деп сөзін қысқа қайырды.

пр

Тек-тамыры – мұсылман, әлемге әйгілі биші Қазақстанның киелі мекені Түркіс­танды рухани игіліктің ордасы санайды. Қазақ еліне келе сала, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне баруды парыз сана­ғаны да сондықтан. Осы орайда Абай теат­рының басшылығы қадірлі қо­нақ­қа арнайы сапар ұйымдастырғаны бар.

– Мен мұсылман отбасында дүниеге келгендіктен, Қазақстанмен ерекше жақын байланысты сезінемін. Анам рухани тұрғыда терең адам еді, анам сіңірген сол қазынаны Қазақстаннан – мәдениетке деген рухани көзқарастан таптым. Бидің өзегіндегі рухани қуатты сөзбен жеткізіп түсіндіре алмайсың. Би – бір қимылдан кейін көлеңкесі де қалмайтын ғайып тектес қозғалыс қана. Ал сол қозғалғанға дейінгі ұмтылыс – ол сенің тілің, айтайын деген сөзің. Әлемде жүздеген тіл бар, сол секілді бидің де тілі мен түрі көп. Мені қызықтыратыны, дене тілінің өзі емес, айтқың келген ой мен қимыл арасындағы үзіліс, сәйкесінше, бір қозғалыс пен келесі қоғалыстың арасындағы тыныштық кезінде өз жаныңның үнін есту – рухани құндылық дегеніміз осы, меніңше. Дәл осы сәт – менің өмірімнің философиясы, – дейді Акрам Хан.

Дүниежүзі театрлары алдын ала кезекке тұрып, таласа шақырса да, жан-жақты танысып, таңдап-талғап барып келісімшартқа отыратын креа­тивті хореографтің «Арыстандар ұйықтап жатқанда» («Until the Lions»), «Kaash», «iTMOi», «DESH», «Тіке жол» («Vertical Road»), «Білім» («Gnosis»),  «Нөл белгісі» (Zero degrees) сияқты қойылымдары бар. Ғаламның атақты әртістерін ғажа­йып биімен баурап алатын сахнаның сайып­қыраны Англияның, Қытайдың ұлт­тық балетімен, танымал балерина Сильви Гиллеммен, хореография сала­сы­нан өзге, әлемге әйгілі актриса Джульет Бинош, әнші Кайли Миноуг, басқа да танымал әртістермен жұмыс істе­ген. Акрам Ханның қоржынында Лоренс Оливье атындағы сыйлық, ISPA, Фред пен Адель Астер, басқа марапаттар бар.

 

АЛМАТЫ