Мектеп • 17 Қазан, 2024

Тоқашы тәтті мектеп

280 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Оқушылардың дұрыс һәм сапалы тамақтануы олардың денсаулығы мен біліміне тікелей әсер етеді. Бірақ осы күні мектеп асханаларына қатысты мәселелер оқу жүйесінің бітеу жарасына айналғандай. Астан уланған қаншама бала ауруханаға түсіп жатады, енді бірде тағамдардың сапасына көңілі толмай, кейістік білдіретіндер де бой көрсетеді. Осы мәселенің мән-жайын білмекке Астанадағы №84 мектепке арнайы барып, асхана жұмысымен танысып қайтқан едік.

Тоқашы тәтті мектеп

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұл білім ошағында 98 сынып бар екен. Бізге қызық болғаны – 2794 баланың асханаға қалай сы­йып, қандай реттілікпен тамақтана­тыны. Сондықтан мектепті көп араламай, бірден асханаға қарай тарттық. Екінші сабақтың аяқталған кезі болу керек. Қаз-қатар тізілген бастауыш сынып оқушылары улап-шулап дастарқанға жайғасты. Оларды анадайда сынып же­тек­­шілері қадағалап тұр. Әр үстелде қай сыныптың отыратыны, сондай-ақ қанша бала тамақтанатыны тайға таңба басқандай жазылған. «Бұл оқушылар мен даяшылардың шатаспауына жақсы екен» деп түйдік ішімізден.

Содан не керек, аспаз апайлармен амандасып, жұмыстарымен таныса бастадық. Мектептегі асхананың меңгерушісі Жанар Уәлиеваның айтуынша, былтырдан бастап 1-4 сынып оқушылары тегін тамақтанып келеді.

«Жоғары сыныптың балалары қала­ған тамағын өздері сатып алып ішеді. Біздің мектепте 5-11 сынып арасында тек 9 оқушы әлеуметтік осал топқа жататыны себепті тегін тамақтанады. Әрине, олардың қасындағы достарынан ыңғайсызданатыны рас. Бірақ біз сол балалардың түрін жаттап алдық. Төлем жаса деп тықылдап тұрмаймыз, кезектегі келесі баланы шақыра береміз. Тағы бір айта кетерлігі, биыл өткен жылға қарағанда тамақтану бағасы көтерілді. Сәйкесінше, ас мәзірі де толыға түсті. Оқушылар 650 теңгеге тойып тамақ іше алады. Ас мәзірі де күн сайын ауысып­ отырады», деп асхана меңгерушісі тағам­дар мәзірін қолымызға ұстатты.

Құжаттан көргеніміз – әр күннің өз кестесі бар. Мәселен, дүйсенбі күні балаларға сүтке пісірілген тары ботқасы, бутерброд, алма, жеміс шырыны берілсе, сейсенбі күні сүтке пісіріл­ген күріш ботқасы, ванильді тоқаш, кеп­ті­рілген жемістен қайнатылған кам­пот, қара бидай наны беріледі. Ал түс­тен кейінгі сыныптардың барлығына ет қосылған тағамдар, салаттар мен же­міс­тер, су­сын­ның түр-түрі ұсынылады. Мәзір­дің мән-жайына қаныққан соң, асхана меңгерушісінен санитарлық талап­та­рының қаншалықты сақталатынын сұрадық.

«Біздің асханадағы қызметкер саны – 14. Бұл – аспаз, еден жуушы, дая­шы, ыдыс жуушы, бәрін қосқандағы жалпы есеп. Мектептегі медбике күн сайын таңертең осы аталған мамандардың денсаулығын тексеріп кетеді. Сырқат­танып тұрған­дарды жұмысқа қоспайды. Одан бөлек, бракераждық комиссия асхананың сапасы мен тазалығын ай са­йын қадағалап отырады. Бұл тексерістен кыркүйекте сәтті өттік. Аспаздардың барлығы сертифика­тпен шектелмеген, дипломы бар мамандар», деп Жанар Уәлиева ойын түйіндей бер­генде, бас­тауыш сынып балалары да тамақ­та­нып бол­ған еді. Олардың пікірі бәрінен м­а­ңыз­ды. Сондықтан асханадан шығып, үшін­ші сабаққа жылдамдатып бара жат­қан оқу­шы­лардың ойын білуге біз де асық­тық.

4 «А» сыныбында оқитын төрт құрбы­ның пікірі бір жерден шықты. Айсана мен Шәрбәт алма шырыны көбірек ұнайды десе, Кәусар мен Айтолқын тоқаштың дәмі тіл үйіреді десті. «Ал ұнамайтын тағамдарың қандай?» дей беріп едік, бағанадан осы сұрақты күткендей, төртеуі де хормен «ботқа» деп жауап берді. Бесеуіміз қосылып күлдік. Дегенмен «негізгі тағамдары осы емес пе еді?» деп қынжылғанымыз рас. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» деген осы ғой. Бұл – тегін тамақтанатын бастауыш сыныптағы оқушылардың пікірі.

Ал жоғары сыныпта оқитын, былайша айтқанда тамақты өздері сатып алып ішетін 11-сыныптың білім алушысы не дейді екен? Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық қызу болды ма, кім білсін, оларды асханадан оңайшылықпен кездестіре қоймадық. Сол себепті «жоғары сынып оқушысымен жолықтырсаңыз» деп мектеп басшылығына өтініш жасадық. Көп ұзамай кабинетке Әлихан Құттыбек есімді 11-сынып оқушысы келді. Ол экономист болғысы келетінін, емтиханға дайын­далып жатқанын айтты. Содан соң әңгіменің төтесіне көштік. «Қаржы саласына қызығатын азамат түскі асқа қанша қаржы жұмсайды екен?» дедік әзіл-шынын араластырып. Ол жылы жымиып, шынайы жауап берді.

«Екінші сабақтан соң балалар асханаға қарай ағылады. Сол уақытта біз де самса жеп, шай ішіп, жүрек жалғап аламыз. Егер таңғы ас ішпесек, осы жақтан тамақтанамыз. Жалпы сомасы әрі кетсе 650-700 теңгедей шығады (Бас аспаздың айтқаны рас екен). Тамақ дәмді. Бұған сөз жоқ. Бірақ биыл бағасы қымбаттаған сияқты. Мәселен, өткен жылы бәліш 150 теңге болса, биыл 200 теңге», деді ол.

Үзіліс кезінде мұғалімдердің де мектеп асханасынан тамақтанатынын көрдік. «Үш ұлым да осында білім алады. Мектеп екінші үйіміз секілді. Бағасы жағынан қалтаға салмақ түсірмейді, қолжетімді. Балық пісіретін бейсенбі күнді асыға күтеміз. Сабақтан тыс уақытта оқушылардың да қос қолына қос алма ұстап жүргенін жиі байқаймыз. Демек дәмді деген сөз. Қызметкерлер де сыпайы, елгезек», деді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұржан Қайыпхан.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Батима Айтбаеваның ай­туынша, биыл осы тамақтануға қатыс­т­ы Үкіметтің 320-қаулысына өзгеріс енгізілген.

«Былтырғы оқу жылынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1-4 сынып оқушыларының барлығы тегін тамақпен қамтылып келеді. Биыл 1,7 миллион оқушы тегін тамақтанады. Соның ішінде 1,4 миллионы бастауыш сыныптың оқушысы, ал 300 мыңнан астамы – 5-11 сыныптарда оқитын халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалар. Бұл үдеріс Үкіметтің 64-қаулысына сай жүзеге асып жатыр. Айта кетейік, күніне бір реттік тегін тамақтанудың орташа құны 631 теңгені құрайды. Сондай-ақ, мектеп тамағының сапасына мониторинг жүргізетін бракераждық комиссия бар. Оның құрамына ата-аналар, мектеп әкімшілігі, медицина қызметкерлері кіреді. Биыл осы тамақтануға қатысты Үкіметтің 320-қаулысына өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, балалардың рационында көкөніс пен жемістердің мөлшері артып, сәйкесінше картоп, қант және тұз мөлшері азайтылды. Күнделікті рационға А, Д, Е дәрумендерімен байытылған сүт өнімдері енгізілді. Астын сызып атап өтерлік бір жайт, құрамында тұз мөлшері жоғары, бояғыштары бар тағамдар, соның ішінде шұжықтар балалардың рационынан толығымен алынып тасталды. Мұның орнына ет өнімдері көбейіп, кептірілген жемістердің мөлшері артты», деді Б.Айтбаева.

Қош, бәліштің бағасын білдік-ау. Ендігі жерде балалардың сол бәлішті қай тілде саудаласып алып жүргені қызық. Ресми дерекке сүйенсек, аталған мектепте барлығы 2794 бала білім алады. Олардың 1582-сі орыс сыныбында оқыса, қазақ сыныбында 1212 ғана оқушы бар. Күн ұзағына асханада жүрсек те, қарнымызды аштырған жайт – осы.