Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
В.Бартольд тауып жарыққа шығарған «Сығанақ грамоталарында» қала маңындағы бірнеше арық пен бұлақ атауы кездеседі, қалада XVII ғасырда да тіршілік жалғасқаны айтылады. Ал қаланың батыс жағына жүргізілген қазба екі құрылыс кезеңін анықтады. Алынған керамикалық материалдар қалада тіршілік XVI-XVIII ғасырларда да жалғасқанын дəлелдейді. 1867 жылы зерттеу жүргізген П.Лерх жазбасына сүйенсек, шаһар ХІХ ғасырдың басына дейін өмірін жалғастырғаны баяндалады.
XVIII ғасырда Қазақ хандығы бірнеше рет жоңғар шапқыншылығына ұшырады. Осы шапқыншылықтар және басқа да түрлі себептерден қала бірте-бірте өмір сүруін тоқтатты. 1801 жылғы «Сібірдің сызба кітабында» да Сығанақ Қазақстанның Сырдария алабындағы қалалардың бірі деп көрсетілген. Қаланың қазіргі аумағы 20 гектар, ал қалашықтың қорғанысы бекем цитадель аумағы 7,2 гектар, қорған биіктігі 7 метр болып, қалашықтың бес бұрышынан үш-үштен шеңберлі шығыңқы мұнара жұмыс істегенін археологиялық деректер растап отыр. Жан-жағында көптеген үйінді, ертеде су жүргізілген құрылыс іздері сақталған.
Сығанаққа зерттеушілер ХІХ ғасырдың екінші жартысынан көңіл бөле бастаған. Алғаш рет 1867 жылы Орыс археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша Түркістан аймағындағы ортағасырлық қалаларды қарап шығуға жіберілген шығыстанушы П.Лерх болып, оның қай жерде орналасқаны туралы ақпарат берген. 1884 жылы Түркістан өңіріне іссапармен келген Н.Веселовский ортағасырлық қала қирандыларын қарап шығып, қазба жұмыстарын жүргізеді. Ол «Описание развалин древних городов по дороге из Казалы в Ташкент» деген 52 беттен тұратын қолжазбасында Сығанақ маңындағы архитектуралық ескерткіштерге сипаттама жасайды. 1892 жылы өлкетанушы Е.Смирнов Сырдария бойына жасаған барлау кезінде Сығанақта болып, Төменарық пен қаланың суландыратын жүйесі туралы жазған. 1899 жылы В.Каллаур барлау жұмыстарын жүргізіп, оның топографиясын сипаттап, шығыс жақ қақпасының алдындағы Һисамиддин Сунақата кесенесінің ішкі, сыртқы бейнесін қағазға түсіреді. Сығанақты А.Якубовский біршама тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топографиясына көңіл бөліп, жанындағы кейбір керегелері сақтаулы тұрған мешіт ғимараттардың суретін түсіріп алған. Үлкен ғылыми мақала жазған. Бұдан 20 жылдан кейін, 1947 жылы ОҚАЭ-ның жетекшісі А.Бернштам қаланың топографиялық жобасын түсірген. ХХ ғасырдың 40-50-жылдары ОҚАЭ-ның жетекшісі Е.Агеева мен Г.Пацевич қаланың V-VІІІ ғасырлар аралығында өмір сүріп, одан кейін құлдырағанын, ХІІ-ХVІ ғасырлар аралығында қайта көтеріліп, Ақ Орданың кезінде қайта жанданғанын жазады. К.Ақышев пен К.Байпақов Сығанаққа ортағасырлық шаһарлардың ішінде Отырардан кейінгі атақты екінші қала деген анықтама берген.
Қала екі бөліктен: шахристаннан және оған үш жағынан жанасып жатқан рабадтан тұрады. Оның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан шахристан кезінде пішімі бесбұрышқа ұқсайтын мықты қамал болған.
1893 жылы Бұхарада орыс ғалымы А.Туманскийге өзінің парсы досы Әбу-л-Фазл Гульпаегани ғылыми мағынасы жағынан өте құнды бір еңбекті тапсырады. Жағрафияға байланысты парсы тілінде жазылған бұл қолжазбадағы (982 жылғы 26 маусымнан 983 жылдың шілдесіне дейін) шығарманың атын «Худуд-ал-алам» («Әлемнің шегі») деп қойған. 1920 жылы В.Бартольд осы еңбекті «Туманскийдің қолжазбасы» деген атпен бастырған. Мұнда тарихта ең бірінші рет Сунақ қаласы жайында «город Сунах» деп өте анық жазылған. Сөз болып отырған осы «Әлемнің шегі» қаланың шағындау екендігі, халықтарының бай тұратындығы, басқа жерлерге жақсы садақтарды шығарып сататындықтары атап көрсетілген. Академик В.Бартольд 1902 жылы Орта Азияға жасаған ғылыми сапарында Ташкенттегі архив материалдарынан Сығанақ қаласына байланысты 4 хан жарлығын (грамота) тауып алады. Бұл табылған бірінші, екінші және төртінші құжаттар – түрік тілінде, ал үшінші құжат парсы тілінде жазылған. Құжаттардың орыс тіліндегі аудармасы 1969 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы шығарған «Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІІІ веков» деген томдыққа (313-319 беттер) енгізілген. Табылған хан жарлықтары Сығанақ тарихын тереңірек тани түсуде маңызы зор.
ХІV ғасырда Сығанақта қыпшақ ақындары Құтып Қыпшақи мен Берке Факих Қыпшақи өмір сүрген. «Хұсрау уа Шырын» («Хұсрау мен Шырын») дастанының авторы Құтба деп есептеледі. Құтба Низамидің парсы тілінде жазылған осы аттас шығармасын өзінше қайта жырлап, жаңа нұсқасын жасаған. Әзербайжанның ұлы ақыны Низами «Хұсрау уа Шырында» Арыстан шахты мақтаса, ал Құтба бұл шығармасында Алтын Орда ханы Өзбек ханның (1312-1342) баласы Тыныбек пен оның әйелі Мәликені мақтайды. Ал Тыныбектің бұл кезде Ақ Орданың ханы болып, Сыр бойындағы Сығанақ қаласында билік құрып тұрған кезі екен. Дастанның негізгі сюжеті Шырын мен Хұсраудың адал махаббатын үлгі ете отырып, Құтба өзінше Тыныбек пен Мәликенің арасындағы оқиғаларды қосып, олардың да махаббаттарын дәріптейді. Демек, Құтбаның «Хұсырау уа Шырын» дастаны Сығанақта жазылған шығарма екенінде дау жоқ. Бұл дастанның қыпшақ Берке Факих көшірген жалғыз ғана қолжазбасы Париж кітапханасында сақтаулы екен. Оны поляк ғалымы А.Чуковский Варшавада бастырады. Кейін 1958-1969 жылдар аралығында Қазанда, 1946 жылы Ташкентте, 1974 жылы Алматыда басылып, зерттеулер жүргізіле бастайды.
Академик В.Бартольд Ыстанбұлға барған сапарында кітапханадан «Миһман – нама-ий Бұхара» («Бұхаралық қонақтың жазбалары») атты еңбекті кездестіреді. Осы қолжазбадан сығанақтық ғұлама ғалым Хұсам ад-Дин әс-Сығнақидің:
«Көрген кісі пейіш екен дер еді,
Құтты білік ұя салған жер еді.
«Нихайаны» жазды мұнда бір бауыр,
«Хидеяны» ұқтырды ері өрелі.
Шыққан мұнда ғұлама да, дана көп,
Айтады жұрт қасиетті қала деп.
Қайта туу нәсіп болса, дүние-ай,
Қайтып осы Сығанақты қалар ек», –
деп жазған өлеңін көшіріп алады. Оны сол кезде Сығанақты зерттеп жүрген А.Якубовскийге әкеліп береді.
Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясында Сырдарияның орта шенінде бозаңды далада көне заманнан, тіпті Шыңғыс хан шабуылынан бұрын көп жылдан бері келе жатқан Сығанақ, Отырар, Ясы, Чайрам атты көне шаһарлардың бар екенін, осылардың маңынан бірнеше қаланың салынғанын, бұған мысал ретінде Сунақ, Жүйнек қалаларын атап көрсеткен.
Соңғы жүргізілген қазба жұмыстарының нəтижесінде, қала өркендеуіне өз əсерін тигізген екі монументалды құрылыс орны аршылды, олар: шахристанның солтүстік-шығыс қақпасы мен қала орталығында орналасқан орталық мешіт. Қалада мұндай архитектуралық құрылыс орындарының ашылуы Сығанақтың астаналық мəртебесін айқындай түскендей. Әбд әл-Қадір ибн Мұхаммад Әменнің «Маджма,әл-ансаб уа-л-ашджар» атты шығармасында «его отправили в Ак-Урду в качестве правителя. Город Сигнак он превратил в стольный город. Территорию между реками Джем, Джайики, Сайхун сделали местом своего владычества» деген жолдар кездеседі.
Сығанақ қаласы тек ірі сауда орталығы ғана емес, сонымен қатар ХІ-ХІІІ ғасырлардағы Қыпшақ хандығының, ХІV-ХV ғасырлардағы Ақ Орда хандығының, ХV ғасырдағы Әбілхайыр хандығының, ХV-ХVІ ғасырлардағы Қазақ хандығының екі мәрте астанасы болғаны туралы мəліметтерді де кездестіруге болады.
Қазба барысында аршылған ғимараттар жəне суармалы жүйелердің іздеріне қарап, қала Х-ХІХ ғасырлар аралығында білім мен ірі өркениет орталығы болғанын ұғамыз. Топырағынан сан қилы ғалымдар, ақындар, қолбасшылар шыққан. Соның бірі әйгілі ғалым, ақын, Һисамиддин Сығанақи, Дәруіш Әли ас-Сығанақи, Хұсам ад-Дин ас-Сығанақи, Молла имам ас-Сығанақи, Камал ад-Дин ас-Сығанақи, Шайдай шайқы Сығанақи сияқты біртуар ұлдар кезінде Сыр бойының мақтанышына айналды. Сығанақ қаласында Һисамиддин Сығанақи (1132-1199) дүниеге келіп, осында өмір сүрген. Отырар қаласындағы кітапхананы басқарған Һисамиддин Сығанақи Сунақата атақты діни шығармалары «Нихайа» мен «Хидея» кітаптарын осы қалада жазған. Бұл еңбектерге оның немересі, мұсылман ілімінің заң ғылымы бойынша маманданған, сонымен қатар хадистанушы, философ, тарих, тіл мен әдебиет саласында сауатты, діннің қылышы атанған Хұсам ад-Дин ас-Сығанақи талдау жасаған. Хұсам ад-Дин еңбектерінің қолжазба нұсқаларын әлемнің түкпір-түкпіріндегі кітапханалардан ұшыратуға болады.
Сығанақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған. Қалаға келетін туристерге ашылған мешіт-медреселерді, діни ғимараттарды, болашақта ашылатын мәдени орындарды көрсеткенде алғашқы астанамызда мәдениеттің қандай жоғары дәрежеде болғандығын мақтанышпен айта аламыз. Келешекте ашық аспан асты мұражай негізінде осы өңірдің көптеген тарихи-мәдени ескерткішін қорғауға алатын, онда зерттеулер жүргізетін археологиялық қорық-музей ашылуға тиіс екенін айтқымыз келеді.
Қазіргі таңда аршылған құрылыстарды сақтап қалу үшін ханака мен мешіт, медресе, Ерзен хан кесене құрылыстары «Қазқайтажаңғырту» мекемесі тарапынан қайта қалпына келтірілуі керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, ол жұмыстар тоқтап қалды. Климаттың өзгеруіне байланысты археологтердің ашқан тарихи орындары жойылып барады. 2014 жылдан бастап Сығанақ қаласының орнында Қызылорда облыстық бюджеті есебінен жүргізілген кешенді қазба жұмыстары бүгінге дейін жалғасын тауып отыр. Бұл бағыттағы жұмысқа мемлекеттік қолдау керек. Қазір ортағасырлық Сығанақта аз қаржымен ауқымды жұмыс атқару мүмкін емес. Сондықтан да Сығанақтың сырларын әзиз халқымызға ашу және қазақ тарихындағы орнын тиянақтау үшін мемлекет тарапынан жүйелі әрі қомақты қаржы бөлінсе, ескерткіш аймағында басқа да құрылыс нысандарын аршып, зерттеуге зор мүмкіншілік берер еді. Бүгінгі таңда қазақ халқының өткен тарихынан сыр шертер Сығанақ қалашығына қатысты талай тарихи деректер мен құнды жәдігерлер жинақталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Туризмді дамытуға айрықша мән беріледі. Туристердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің табиғатына аудару керек», деген еді. Осы орайда айтпағымыз, Сығанақ қаласында туристерге жасалып жатқан құрылыс нысандары жоқтың қасы. Алдағы күндері туристерге арнап сапар орталығы салынып, онда заманауи экспозициялық залдар мен қор қоймасы, зертханалық және реставрациялық бөлмелер, кітапхана мен конференц зал ашылса дейміз.
Сығанақтың тарихы тым тереңде. Оны зерттеп, зерделеу жаңа серпіліске жол ашады.
Рысбек АМАНДЫҚОВ,
мәдениет саласының үздігі