Зерде • 18 Қазан, 2024

Билер мұрасы немесе тұлғатанудағы түйткілдер

794 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ақтөбеде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әйтеке би Бәйбек­ұлының 380 жылдығына арналған «ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ елі:­ Әйтеке би заманындағы ұлттық құндылықтар және ұрпақтар сабақ­тастығы» атты халықаралық конференция өтті. Жан-жақтан келген ғалымдар Тәуке хан заманында мемлекетті нығайтуға үлкен үлес қосқан билер институтының зерттелмеген тұстарын талқылады.

Билер мұрасы немесе тұлғатанудағы түйткілдер

Өзбекстандағы елші болып қызмет атқарған жылда­ры Төле би мен Әйтеке би­дің кесенелерін қалпына келтірумен айналысқан Зауытбек Тұрысбеков: «Ташкенттің төрінде Қарлығаш би деген атпен елеусіз қалған Төле би бабамыздың зиратын ХVІІ ғасырдың кірпішімен көтеріп, басына арнайы Ираннан тас алдыртып, оған «Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген» деп жаздырдық. Қазақтың жеті азаматы Науаи облысы Нұрата ауданындағы Ораз қажының ұрпағы Сейітқұл әулие мен Әйтеке Бәйбекұлының үш мың жылдық қорымдағы зиратына үлкен кесене тұрғызды. Бұл – Бұхараның солтүстік дарбазасы. 1370 жылдан Әмір Темірдің бас кеңесшісі болған Ораз қажыдан бас­тап (1299-1385 жылдар) осы әулеттің бес ұрпағы жоғары билікке араласты. Ораздың ұрпағы Сейітқұл әулиенің екі әйелінен Ақша хан, Жалаңтөс баһадүр туды. Жарты ғасырға жуық Самарқандты билеген Жалаңтөс «Тіллә қари» мен «Шердор» медресесін салдырды, Әйтеке биді жас­тайынан тәрбиелеп, оның билікке келуіне ықпал етті. Ұлы билеріміз – Төле би мен Қазыбек би 90-нан асып өмірден өтсе, Әйтеке бидің кейінгі тағдыры белгісіз. Тарихшылар осы мәселені дәйекті түрде зерттеу керек», деді. Ол Түркістанда үш бидің ескерткішін тұрғызу, Өзбекстандағы Әйтеке мен Төле би, Ресейдегі Жәңгір хан, Бөкей, Құрманғазы кесенелерін Қазақстан мемлекетінің қорғауына алу қажет деген ұсыныс білдірді.

 

Үш бидің өмірдеректері нақтылануы қажет

Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин Әйтеке бидің туған, қайтыс болған жылдары нақтыланбағанына назар аударды. Бір деректе биді 1644 жылы дүниеге келді десе, басқа зерттеушілер 1666, 1682, 1683 жылдарға апарады. Дүниеден өткен мерзімі де түрліше жазылып жүр: 1700, 1709, 1722, 1730, 1740-1750-дің арасы, 1766 жыл деп кете береді. Жазушы Әбіш Кекілбайұлы бидің 1709 – 1722 жылдары дүние салғанын болжады. Оған Қожаберген жырау мұрасындағы «Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті, Келгенде елу алты жасқа ажал жетті» деген жолдар негіз болған. Алайда соңғы зерттеулер «Елім-айдың» беріректе жазылғанын анықтады. Антрополог Оразақ Смағұл Әйтеке би зиратынан алынған бас сүйектің 70 жас­тан асқан адамдікі болғанын дәлелдеді», дейді Ж.Исмурзин. Әйтеке би туралы орыс мұрағатындағы әзірше табылған жалғыз дерек – 1803 жылы Орынбордан Бұхара хандығына сапар шеккен поручик Яков Гавердовскийдің жазбасы. 1804 жылы жарыққа шыққан бірінші журналда ол Тәукенің 1680-жылдары билікке келгенін жаза отырып, хандықтың үш биі Төле, Қазыбек, Әйтекені «ақсақалдар» деп көрсеткен. Осы журналда Әйтекені «Атықа» деп жазған. Қазақ хандығының идеологиялық тұғырын бекемдеген үш би 1680-жылдары ақсақалдық жасқа келген жоқ, әрі кетсе 30-40 жаста. Омбы архивінен табылған құжаттар Қазыбек бидің 1667 жылы дүниеге келіп, 1763 жылы көктемде 96 жасында дүниеден озғанын айғақтайды. Ал қытайтанушы Клара Хафизованың деректері бойынша Төле би 1675 жылы дүниеге келіп, 1758 жылдары өмірден озған болуы мүмкін. 1758 жылы қытай елшілерімен кездесе отырып, Төле би өзінің 83 жасқа келгенін айтады. Сонда Төле би Қазыбек биден 7-8 жас кіші. 1733–1734 жылдардағы мұрағат құжаттарында Төле Ұлы жүздің биі ретінде Қойайдар биден кейін тұр.

Мәскеудегі Ресей империясы сырт­қы саясат архивінің 122-қорындағы «қырғыз-қайсақтар» бөлімінде Әйтеке бидің қолы қойылып, мөрі басылған жалғыз құжат бар. Бұл – Сыртқы істер колле­гиясының тілмашы Тевкелевке 1731 жылы Кіші жүздің 28 старшин – рубасылары жазған хаттың түпнұсқасы. Ескі шағатай жазуындағы құжатта 28 старшин «Құран өптім, ант еттім», деп ру таңбасын басады. Сәңкібай би, шөме­кейден Кедей би, Әжібай би, тамадан Есет, табыннан Бөкенбай батыр қол қойған. Арасында «алшын төртқара руының ақ әкесі, Құран өптім, ант еттім, мен Әйтеке би таңбалық салдым» деген Әйтеке бидің таңбасы тұр. Жәнібек Исмурзин көне қазақ жазуындағы осы құжатқа қарап, 1731 жылы Әйтеке бидің өмірде болғанын жоққа шығармайды. 1731 жылдың соңында Сәмеке хан бастаған Орта жүздің 25 рубасы ант берді. Мұнда Сәмеке (Шахмұхаммед) бабасы Шығай­дан бастап, Есім, салқам Жәңгір, Тәуке хан­ды жаза отырып, соңында өзі мен інісі Әбіл­мәмбетті (Әбумұхаммед), Барақ сұлтанды қосады. Осы құжатта «арғын қаракесек руы­ның ақ әкесі Құран өптім, ант еттім. Мен Қазыбек би таңбамды салдым» деп Қазы­бек би де мөрін басқан. 1732 жылдың күзінде Ұлы жүздің билері де Ресей империясына хат жолдайды. Көне қазақ жазу­ындағы аудармасы: «Жырақ жерден жа­рқын көңілмен Ұлы жүздің қырғыз-қайсақ билері ақ хан ұлық падишахына бас салдық. Оң қол қойып Айдар би мен Төле би бас салды және Сатай батыр мен Ханкелді батыр бас салды. Бөлек батыр бас салды. Бөлек батыр өзі елші болып, қара қалмақ төресі хоңтайшы Қалдан Шерен­ге кетті. Қалған сөзді Аралбайдан сұра­саңдар. Елші болып Рыскелді бара жатыр» деп аяқтайды. Аралбай мен Рыскелдіні патша сара­йына жіберген елшілер.

 

Әйтеке бидің ұрпақтары

Әйтеке бидің балалары – Өтебас, Қосыбай, Жалтыр. Өтебастан Ботпай, Шымыр. Қосыбайдан Қаракөбек, Ескене тарайды. 1748 жылы тілмаш Гуляевтің хабарына қарағанда, Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейінгі хан сайлауында Әйтеке бидің балалары Қосыбай мен Жалтыр Батыр сұлтанды қолда­ған. Орынбор генерал-губернаторы Неплюевтің жіберген адамы С.Әбдіразақов 1748 жылдың күзінде Батыр сұлтанды хан көтеру шарасына Әйтеке бидің балалары Қосыбай мен Жалтырдың қатысқанын жазған. «Мәскеудегі көне актілер мұрағатындағы 1889 жылы 15 желтоқ­санда тапсырылған құжатта Кіші жүздегі Өтебас би, Қосыбай би, Жалтыр, Ескене, Қаракөбек, Орманның Қайып ханға қарағандары көрсетілген. Бұлар – Әйтекенің балалары. Осы жыл­дар­дағы әлім руының биі – Өтебас Әйте­кеұлы болса, одан кейін Әйтеке бидің немересі Қаракөбек Қосыбайұлы сай­лан­ған. 1794 жылғы құжаттарда старшын Жаныс Өтебасұлы деп жазылған. Соған қарағанда 1794 жылы Өтебас би өмір­ден өтіп, орнына Жаныс би сайлана­ды. Өтебас бидің зираты Арал ауд­а­нын­дағы Қосым қожа қорымында. Жанында жақайым Сартай батыр, керейт Қосым қожа жерленген», дейді Жәнібек Исмурзин.

        

Билер – халықтан шыққан талант

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унинверситетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Өте­ния­зовтың айтуынша, билер институты тек қазақ жерінде және қазақ хандығы құ­рамында болған қарақалпақ пен қыр­ғызда ғана ішінара кездеседі. «Қазақ билері халықтың арасынан жарып шыққан хас таланттар еді. Егерде, хан биліктің ұшар басындағы ақ сұңқар болса, оның тұғырын қазақ билері ұстап тұрды. Ол заманда ханның билігі шектеулі болды. Билер заң шығарды, мем­лекеттің ішкі-сыртқы саясатын жүр­гізді, ханға қаржы тауып берді, әр рудан әскер жасақтады. Алайда ХVІІІ ғасырдың оқиғаларында Әйтекенің есімі еш жерде кездеспейді. Мұның сыры неде? Осы жағдай шетелдердегі архив құжаттарын терең зерттеуге сұранып тұр», дейді ол.

Башқұртстан Ұлттық ғылым ака­демия­сы стратегиялық зерттеулер инс­титу­тының қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты Закарьянов ІХ ғасырда Арал теңізінің жағалауында, қимақ-қарлұқ әскерінен жеңілген оғыздар Орал тауы бо­йына қоныс тепсе, қалған бөлігі Х ғасырда қазақ халқының құрамына кіргенін айтты. Қазақ пен башқұртқа Алпамыс батыр, Көроғлы, Ер Тарғын, Эдигай, Орақ-Мамай, Көкше батыр, Шора батыр, Ер Қошай батырлар жыры мен «Ләйлі-Мәжнүн», «Боз жігіт», «Жүсіп-Зылиха», «Тахир-Зухра» ғашықтық дастандары, Сыпыра, Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұхар жырау да ортақ. Алайда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосы башқұрттың тек табын руында ғана сақталған. Табындар Оңтүстік Оралда ІХ ғасырда пайда бол­ды. Берірекке дейін қазақтар Орал бойына, ал башқұрттар Жайықтан бері өтіп, жыр айтысына келіп жүрді. Кіндік Азия мен Үндістанға көз тіккен Ресей империясы Орал бойына металлургия зауыттарын сала бастағанда, екі ғасырға созылған көтеріліс басталды. Үкіметтің қудалауынан қашқандар қазақ даласына барғанда, Әбілқайыр хан паналатты. Мәселен, Қарасақал батыр 1735–1740 жылдары көтерілістен соң қазақ даласынан 19 жыл бойы пана тапты. Ол қазақ жерінде жерленді», дейді зерттеуші.

Хиуа музей қорығының аға ғылыми қызметкері Дилмурод Бабоджанов Бекет атаның көне Үргеніш медресесіндегі ұстазы Сайд Мұхаммад Бақыржан сопы, Сырым, Исатай батырлардың Хиуа хандығымен байланысы туралы деректермен бөлісті. Ал Атырау облысындағы Сарайшық музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұхтар Әйтеке бидің 1731 жылдан кейін де ел арасында болғанын жоққа шығармайды. Ол бидің қызметіне қатысты Өзбекстан мұрағатында сақта­луы мүмкін құжаттар қолымызға тимей жатыр деп түйіндеді. Еуропадағы қа­зақ диаспорасының өкілі, Данияның Бел­лунн қаласының тұрғыны Ақбар Аюбей қажы Еуропада ауған қазақтары туралы бірнеше кітап шыққанын айтты. Соның ең алғашқысы 1825–1832 жылда­ры Англия саяхатшыларының жазбалары. «Қазіргі ауған жерінде тұрып жат­қан қазақтар Жошы заманында барды. Одан кейін Қазақ хандығы тұсында барған қазақтардың саны бүгінде 35-40 мыңға жуық. Ең соңғысы 1930 жылдары барған біздің аталарымыз. Олардың көбі 1990 жылдары елге оралып, Алматы, Шымкент, Түркістанға қоныстанды. Қазіргі уақытта 1 332 отбасы (8 159 жан) атаме­кен­ге көшіп баруға дайынбыз деп ста­тис­тикаға есебін беріп отыр. Бұлар­дың арасында он жасқа дейінгі 2 300 бала бар. Олардың ата-анасы балаларын Қазақстанға жеткізуге өте мүдделі. Қа­зақ билігі осы ұсынысты назарға алса» деп ауған қазақтарының тілегін жеткізді. Жиын соңында философия ғылым­дары­ның докторы Алтай Тайжанов іргелі бас­қо­суда қазақ билер институтының рөлі, Сырым мен Исатай батырлардың, Бекет әулие­нің Хиуа хандығымен байланысы туралы мазмұнды баяндамалар заманауи түркі әлемінің байланысына үлес қосады деген ойын жеткізді. Философ ғалым әр кезеңде қоғамда үлкен рөл ат­қар­­ған тұлғалардың қызметін жан-жақты қарас­­­­­­­ты­­руда, тұлғатануға қатысты зерт­теу­­лерде деректанушылар, саясаттану­шы­лар мен философ ғалымдардың тұжы­рым­дары өте маңызды екенін атап өтті.

 

 Ақтөбе облысы