Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2024

Ізгі амалдың қайыры

68 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымкенттегі А.Байтұрсынұлы көшесі бойындағы «киоскінің» алдын­да кезекте­­­ тұрмын. Алдымда он шақты адам бар. Кезек жыл­­жыр емес. Бір кезде суағар бетон арықтың ішінде қып-қы­зыл бо­лып бес мың теңге жатқанын көзім шалды. Арық құр­ғақ. Ауада аз­да­ған желтең бар. Көзді арбаған жарық­тық­ бес мыңдық әлсіз жел­теңмен дір-дір етеді. Ол кезде бұл банкнот теңге атаулының ішіндегі төресі еді. Он мың тең­ге­лік шыға қой­маған.

Ізгі амалдың қайыры

Қалта жұқа. Үйдегі кісі­нің айлығы жеті жарым мың, менікі он бес мың. Доллар деп ойлап қал­маңыз, теңге ғой. Үйіміздің бар­лық ақшалай қоры – қалтаның бұ­рыш-бұрышында жүретін тиын-те­бенді қоспағанда он мың – бүтін екі бес мың теңгелік. Бұл қос банкнот жүрек тұстағы төс қалтада. Оң қолмен сыртынан жиі-жиі сипап қоясың, Құдайға шүкір деп.

Бес мың теңгелікке ешкімнің көзі түсер емес. Ой бұзылды... Қалтаға сүңгітіп жібермесе тағы біреу қағып кетуі тіптен оңай. Бірінші көрген мен. Демек, ақша менікі. «Қалтаңа түскелі тұрған ақшадан айырылып жын ұрды ма сені? Қане қимылда», дейді нәпсім айтақтап. «Мүмкіндікті» қолдан шығармауға тиіспін. Содан асқан жылдамдықпен, ешкімге бай­­қатпағансып әлгі қып-қызыл «отты» іліп алдым да шалбардың қалтасына сүңгітіп жібердім. Қалта тұсым ысып барады. Жанға жайлы тиеді. Осынау әбжіл қимылмен өткен секундтарымда санам дүр сілкініп, ішкі сарайымнан әлде бір үн дүние тауып алсаң, сол маңдағы көпшілікке қарай дауыс­тап: «Мынадай дүние тауып алдым, бұл кімдікі, иесі бар ма?» деген мазмұнда үш рет айқайлау мұсылмандық міндет-жол екенін, бұлай етпесең әлгі мүкамал арам болатынын қатаң ескертті. Бәрі санаулы секундтарда болып жатыр. Екі оттың ортасында қалдым. Нәпсіме ауыр сынақ түсті. Әлгі бес мың теңгелікті қалтадан қайта шығаруға қолым барар емес, «ақша тауып алдым, бұл кімдікі екен?» деп дауыстап айтуға нәпсі жібермейді. Көп ойлануға уақыт жоқ. Нәпсі иектеп тырп еткізер емес. Ішкі сарайымда, дәлірегі санамда қайшылықты екі үн қызылкеңірдек болып айтысып жатыр. Басым мәңгіп кетті. Құдай мені өлтірсін бе, жанымның мұсылманға тән дауысы зорая берді. Бұл үн әлгі тауып алған ақшаны негізгі шартты – жұртқа жариялау амалынсыз иемденіп кетіп, оған отбасыңның қажетіне не сатып алсаң да арам болатынын бұрыннан білетін мені дегеніне көндірді. Бірақ әлі де болса сасық нәпсі шырылдап мені бес мың теңгеліктен ажыратқысы жоқ. Содан барлық ерік-жіге­рімді жинап, қалтамда жатқан әлгі ақшаны суырып алдым да, сол маңайдағыларға: «Мына бес мың теңгелік кімдікі? Осы қазір тауып алдым. Кім түсіріп алды?» деп дауыстап, асықпай үш рет қайталадым. Ешкім үн қатпады. Мен мұсылмандық шартты толық орындадым, енді әлгіні иемдене беруге болады. Арқам кеңіп сала берді, адалдық шарты да орындалды, ақша да қалтада қалатын болды. Бұған сенімді едім. Сол сәтте ешкім менікі демеген соң еріккендей болып төртінші рет тағы дауыстап, «Сонымен мына ақша бұл жердегі ешкімдікі емес қой?» деп қайталап сұрай салдым. Сол сәтте «киоскіге» жақындау тұр­­ған, ақша жатқан жерге ма­ңай­­­ламаған да, бұйралаған ша­шын сап-сары қылып бояған бір кемпір, «Ойбай, мынау менің ақ­шам ғой, жаңа қолымда тұр еді, сөмкемнен асығыс бірдеме іздеймін деп әуреленіп жатқанда түсіп қалған ғой деп», маған қарай жүрді. «Сіз бұл жерге маңайлаған да жоқсыз ғой» дегім келсе де, үнім шығар емес. Жасы келген қария. Үлкенді сыйлап қалған буынның өкіліміз. Анамдай адам. «Менікі» деп тұрған соң бере салдым. Ақшаны ұсынып жатқанда екеуміздің көзіміз түйісіп қалды. Қария көзін тез тайдырып әкетті. Күн шалмаған аппақ жүзінде қызыл ойнады. Іші қуыс қой, қайтсін енді. Кезек күтіп тұрған адамдар қарияға жақтырмай, көз аларта қарады, кемпір кезегін күтпестен жылыстап барды да, өз бетімен кетті. Осылайша, қып-қызыл бес мың теңгелік қолдан сусып шығып кете барды. Көңілде өкініш қалды. Қайтіп өкінбейсің, ол кездегі бес мың теңгелік пен бүгінгісінің айырмасы жер мен көктей. Бұрынғысы құнды еді.

Бірақ сәлден кейін әлгі өкініш бойымнан үшті-күйлі жоғалып, денем жеңілдеп, тынысым ашылып сала бермесі бар ма? Енді мына қызықты қараңыз...

Әлгі оқиғаға куә бол­ған­дар­­дың ешқайсысы қал­маған. Шаруам бітті де жөніммен кетуге бұрыла бергенімде, бір жас жігіттің әлдене іздеп, көзімен жер сүзіп жүргенін байқап қалмасым бар ма? Ішім қылп етті. Оған «не іздеп жүрсің?» дедім. Ол «бағана бүтін бес мың теңгемді түсіріп алдым. Ойлана келіп, ақшамды осы маңда жоғалтқанымды білдім. Мамам біреуден қарыз алып, тамақ пен жол кіреге жарата тұр деп берген еді», деді. Студент екені анық. Ол үшін бес мың – көп ақша. Көзі жасаураңқырап тұр. Мен не дерімді білмедім. Бәрін айтып жатудың пайдасы жоқ. Кемпірді қайдан табасың? Тапқаныңмен «мә, ала ғой» деп бере салмасы тағы анық. Сол сәтте студентке жаным ашып кетті де, төс қалтамдағы екі бес мың теңгеліктің бірін суырып алып: «Мынау емес пе, дәл осы жерден тауып алдым», дедім. Жігіттің көзі жанып кетті. Қуанышын жасыра алмай: «Аға, рахмет! Дәл осы бүтін бес мың теңгелік», деді екпіндей сөйлеп. Ол маған алғыс жаудырып өз жолымен кетті. Ұзап бара жатса да, маған қайта-қайта қараумен болды. Ақшаға деген мұқтаждығым әжептәуір асқынып жүрген мен мына мырзалығыма аздап өкінгендей күй кешіп қала бердім. Бірақ аздан кейін жүрегім алып-ұшып, көңілім желпініп әлгі өкініштің табын да қалдырмады.

А.Байтұрсынов көшесі. Осынау тұлғаның атындағы көшеде таза, адал жүріп-тұрмасаң бола ма? Ұқыпты жүруге тырысасың. Өйткені жүріп келе жатқан көшең ардақты ұлдың атында. Бұл да бір жауапкершілік.

Редакцияға келдім. Ішке кірсем әріптестерім әдеттегі­дей емес, өте қуанышты. Таңғалыңқырап, «тыныш­тық па?» деп сұрасам, редакция өзінің қызметін бастағалы алғаш рет ақшалай сыйлық беріп жатыр екен. Жарнамадан мол ақша түсіпті деседі айтушылар. «Сый­ақы» көлемі – 30 мың теңге. Бұл – менің екі айлығым. Қуанып сала бердім. Кассир қызға бардым да, ведо­мостке қол қойып, 30 мың тең­гені қалтаға бастым. Көңіл жаздай жадыраңқы.

Редакция іші мәз-мейрам. Дастарқан жайылып жатыр, гу-гу әңгіме, жарқын-жарқын күлкі. Мына дастарқанға бір отырсаң, соңы басқа дастарқандарға жал­ғасып кетуі мүмкін... Қалтаң­дағы әп-сәтте ортаяды не таусы­лады. Содан әріптестеріме бір маңыз­ды шаруам бар екенін ескертіп, жайы­лып жатқан дас­тарқан үшін ортаға тастайтын ақшаны ұйым­дас­ты­ру­шылардың біріне бердім де, зып етіп шыға жөнелдім. «Отбасыңа табысыңды ортайтпай апарудан, азық-түлік көтере барудан үлкен қандай шаруа бар?» деп ойладым да, алға қарай ентелей жүрдім. Сол ентелеген жүріспен әлі келемін. Бұдан артық нендей бақыт бар?

Көңілім көншіп, балаларыма сирек­теу бұйыратын азық-түлік түр­лерін молынан арқалап, үйіме мәз болып келгенім бар. Әлгі кем­пір де мәз, ақшасын тауып алған жігіт те мәз, мен де мәз. Мұны ізгі амалдың қайыры бар бумеранг десек қалай, дұрыс па?