Кешенді зерттеулер мен сынақ алаңдарындағы ғылыми жұмыстар нәтижесінде күріш қауызынан жасалған инновациялық өнім өнеркәсіп салаларымен қатар ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады.
Бірінші Алматы аумағында орналасқан өндірістік кешенде ғалымдар ішкі нарықтың сұранысын өтеумен қатар, импортқа бағытталған өнім өндіруді жоспарлап отыр. Жақында «Ғылым қоры» басқарма төрағасының орынбасары Сұлтанбек Аймақов өндірістің бірінші кезеңін іске қосу барысымен танысып, ғалымдардың заманауи өнімді үлкен нарыққа шығарудағы жоспарларымен танысып қайтқан болатын.
Жоба жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Юрий Сухарников инновациялық өнімнің құрамы, сондай-ақ өндірістік жұмыс барысымен таныстырды. Ғалымның айтуынша, қауыз күріш салмағының 20 пайызын құрайды. Өндірісте пайдаланылатын күріш қауызы көміртек пен кремний сияқты маңызды элементтерден тұрады. Осы табиғи артықшылықты кеңінен пайдалана отырып, нәтижесінде полифункционалды, кремний көміртекті, нанокомпозитті технология әзірленді. Материалды резеңкеден жасалатын техникалық бұйымдар мен фрикциялық материалдарда толтырғыш, кремний мен ферроқорытпа алуға арналған шикізат ретінде қолдануға болады.
«Әлемде бірқатар патент болғанымен, кремний көміртегінің өнеркәсіптік өндірісі жоқ. Осы өндірістің ерекшеліктерін ескере отырып, жобаны патенттеп, енді үлкен өндірісті іске асырмақ ниетіміз бар. Елімізде кәсіпорындардың кремний көміртегіне сұранысы жылына 2 мың тоннаны құрайды. Әзірге бұл өндіріс жалпы сұраныстың 7,5 пайызын қамтамасыз ете алады. Кремний көміртегінің құрамында 50 пайыз – С, 40 пайыз – SiO2, 10 пайыз көмірсутек бар. Бағасы аналогтерінен 1,5-2 есе төмен. Егер нанокомпозитті өнім өндірісін жылына 2 мың тоннадан асыратын болсақ, бұл еліміздегі кәсіпорындар сұранысын толық жабумен қатар, экспортқа шығуға да мүмкіндік береді», дейді Юрий Сухарников.
Бұл өнертабыстың ерекшелігі, күріш қауызы еш қалдықсыз және кешенді өңделеді әрі одан жартылай функционалды өнімдер алу мүмкіндігі жоғары. Мамандар инновациялық өнімді техника және ауыл шаруашылығы саласында тиімді пайдалануды тәжірибеде дәлелдеп, пайдасының ұшан-теңіз екеніне көз жеткізіп отыр. Бұл өнімді ауыл шаруашылығында құстар мен жануарлар рационында жоғары тиімді жемшөп қоспасы ретінде пайдалануға болады. Бүгінде еліміздегі резеңке өндірісіндегі техникалық кәсіпорындар қажеттілігі жылына 3 мың тоннаны құрайтын болса, құс шаруашылығында 16 мың тоннадан асады.
Жобаны іске асыруда мол тәжірибесі бар мамандар тәжірибелік-өнеркәсіптік алаңда кремний көміртегін өндіру және өнімді тұтынушыларға жеткізу бағытында кешенді жұмысты іске асырды. Күріш өңдеу қалдықтарынан кремний көміртегін алу үрдісінің ғылыми-технологиялық негіздерін Ю.Сухарников жасаса, технология мен аппаратураны әзірлеу С.Жүсіповке жүктеліп, ол коммерцияландыру бағытындағы жұмысты іске асырды. Технологияны өнеркәсіптік жағдайларға бейімдеген техника ғылымдарының докторы, профессор С.Ефремова, ал кремний көміртегінің өнеркәсіптік өндірісін құру жөніндегі жұмыстар С.Ершин, кремний көміртегінің өнеркәсіптік өндірісін құруды С.Досқалиев іске асырды. Осылайша, 300 млн теңге көлеміндегі грант сомасына, қосымша қаржы көздерін қарастыра отырып, мамандар заманауи өнім жасап шығарды.
«Жоба «Сары-Бұлақ» компаниясы» ЖШС-да өндірістік сынақтан өтті. Ауыл шаруашылығында құс рационына 2 пайыз кремний көміртегін қосқан кезде (құрама жем 2 пайызға төмендетілген) құс басын сақтап қалу 5,8, ал бройлер тауықтарының орташа тәуліктік салмағы 3,5 пайызға, жемшөп шығындары 3 пайызға, жұмыртқа өндірісі 2,5, жұмыртқаның салмағы 0,8 пайызға артып отыр. Нанокомпозитті өнімді құс шаруашылығы өндірісінде пайдалану оның құрамында көміртек пен кремний диоксидінің болуымен ерекшеленеді, биологиялық белсенді өнім ретіндегі тиімділігін арттырады» дейді жоба жетекшісі.
Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институтының қорытындысы бойынша құс етінің және жұмыртқаның рационына кремний көміртегі қоспасын енгізу өнімділікті арттыруға, жемшөпті үнемдеуге, жұмыртқа өндірісін арттыруға ықпал ететіндігі анықталды. Кремний көміртегінің құрамындағы аморфті кремний диоксидінің құс ағзасына сіңуі минералды қоспалардың басқа түрлеріне қарағанда 70-80 пайызды құрайды. Бұл құстың эпиталий және сүйек тіндерінің нығаюын қамтамасыз етіп, өсуін жеделдетіп, салмағын арттырады. Ғалымдар инновациялық өнім келер жылдан бастап шаруашылық салаларында тиімді қолданылатын болса, жоғары өнімділікті қамтамасыз ететін уақыт та қашық емес деп үміттеніп отыр.
Ендігі кезекте өнім өндіру және өткізу бойынша шаруашылық қызметті жүзеге асыратын жаңа құрылымдық бөлімше құрылмақ. Инвестицияларды өнім шығарыла бастағаннан кейін 3 жылдан соң қайтаруға болады. Ал 5 жылда кремний көміртегін сату көлемі 3 360 млн теңгеге жетіп, түсетін пайда 1 485 млн теңгені құрайды деген болжам бар. Өндіріс толыққанды іске асқан жағдайда 40-қа жуық жаңа жұмыс орны, ал еліміз аумағы бойынша іске асатын жағдайда 200 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік зор.
АЛМАТЫ