Экономика • 22 Қазан, 2024

Шухрат Ибрагимов: Ұлттық экономикаға инвестиция салуды басты басымдыққа айналдырамын

364 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Таяуда «Eurasian Resources Group» (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалған Шухрат Ибрагимовпен сұхбат құрудың реті келді. Табиғи ресурстарды өндірумен және өңдеумен айналысатын компания басшысы Президенттің өндірістің барлық сатысын өз елімізде жүзеге асыру туралы тапсырмасы, компания құндылығы мен мүддесі, терең өңдеуді жүзеге асыру жобалары, дивидендтік саясаттың өзгеруі және басқа да маңызды тақырыптар төңірегіндегі сауалдарға жауап берді.

Шухрат Ибрагимов: Ұлттық экономикаға инвестиция салуды басты басымдыққа айналдырамын

– Жақында ERG директорлар кеңесінде ауқымды өзгерістер болып, Александр Машкевич пен Патох Шодиев кетті. Сарапшылардың айтуынша, сіздің директорлар кеңесіне төрағалыққа келуіңіз үлкен өзгерістердің бастауы болмақ. Бұл өзгеріс компанияның құндылығы мен мүддесіне қалай әсер етеді?

– Менің ғана емес, жас буынның көзқарасы тұрғысынан қарасақ, біз бизнеске бар нәрсені жалғастыру үшін ғана емес, жаңа құндылықтар мен тың бағыттар қалыптастыру үшін келеміз. Әлем қатты өзгерді. Бірер жыл бұрын ойымызға да келмеген тәуекелдер мен қатерлер пайда болып жатыр. Заманауи әрі табысты компания ретінде мұндай қауіп-қатерді бизнесті жақсарта түсудің мүмкіндігі деп түсінеміз. Кем-кетігімізді жойып, артық тұсымызды нығайта түсеміз. Өзгеріс – дамудың ажырамас бөлігі. Мәселе біздің қандай мақсат қоятынымызда. Тежелуді азайтып, шығыннан бас тартамыз ба, әлде қалай болғанда да алға жылжып, әр бағыттың әлеуетін ашамыз ба? Басты мақсатымыз – өндірістің өсімі, бұрыннан бар және жаңадан құрылған кәсіпорындар модернизациясы, терең өңдеуге көшу, қызметкерлерді сақтау мен олардың біліктілігін арттыру.

п

Иә, біз компанияның алдыңғы онжылдықтағы даму бағдарламасын алмастыратын жаңа құндылық, жаңа стратегиямен жұмыс істейміз. Бұл стратегияны «индустриалды модернизмнің» бір сипаты десем болады, яғни байырғы өндіріс орындарын қайта жарақтандыру және біздің компанияда бар бәсекелі артықшылықты күшейтетін жаңа жобаларды құру. Әлбетте, бұл мақсатқа жету жолында бізге қаржы мен зияткерлік ресурс, қазіргі кірісті жаңа құрылғы мен технологияларға мейлінше молырақ қайта инвестициялауқажет болады. Энергия үнемдеу мен қоршаған ортаны қорғау талаптарына жауап беру де маңызды. Бұл өз кезегінде компанияны қордаланған қарыз жүктемесінен құтқару міндетімен де байланысты. Сол себепті, стратегия тезірек қарызды жабу, кәсіпорындар дамуына инвестиция құю мақсатында ресурстарды босатуға ыңғайланады. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «экономиканың өнеркәсіптік негізін» қалыптастырамыз.

– Түсінгенім, сіз үшін елге инвестиция салу – басымдыққа ие. Бірақ компанияның бұрынғы басшылығы шетелде инвестиция жасауға көбірек назар бөлді. Бұл бағытта басымдықтар қалай өзгереді?

– Қазақстан азаматы ретінде өз еліме, ұлттық экономикаға инвестиция салуға басымдық беремін. Шетелдік жобаларға келсек, сондай шешімдер қабылданған кезде жаһандық ахуал және компанияның көзқарасы бәлкім, басқаша болған шығар. Бірақ жағдай өзгеріп жатыр. Қазір ол жобаларды жүргізу қиынға соғып тұр. Егер өзгерістерді сезіп, дереу бейімделе алмаса кез келген кәсіпорын, кез келген экономика қауіп-қатермен күресе алмайды, бәсекелесе алмайды. Ал біздің кәсіпорындардың көбі және басым қуаттылық Қазақстанда орналасқан. Сондықтан бөгде нысандар үлесін төмендете отырып отандық өндірісті дамыту және жаңғырту – бірегей таңдауымыз. Қазақстан зауыттарына ERG әрқашан басымдық берген. Менің де басты мақсатым – елдегі өндірісті ұлғайту.

– Сіздің өндірісті ұлғайту туралы пікіріңізді қалай түсінсек болады? Әңгіме қазіргі қуаттылықты арттыру туралы ма, әлде мәселе одан да тереңде ме?

– Өндірісті жаңғырту – тек қуаттылықты кеңейту емес, терең өңдеу кезеңіне көшу. Қазіргі өнімдер өндірісін сөзсіз ұлғайтамыз, өйткені табыс әкеліп тұрған нарықты жоғалтпауымыз керек. Әрі қарай да тереңдей түсу үшін бізге еркін көлем мен капитал, шығаратын материалдар қажет. Кем дегенде шикізатымызды өзіміз өңдеп, қосылған құны бар өнім өндіргенге дейінгі аралықты құрайтын тұйық шеңбер құрмайынша тыным жоқ. Сондықтан қазіргі өнім көлемін арттыру – ең бірінші кезектегі мақсат.

о

Қуаттылықты арттыру экспорттық түсімді көбейтуге жол ашады. Нәтижесінде жаңа технология мен құрылғы сатып алуға, кадр даярлау мен оқытуға мүмкіндік туады. Жаңа жобаларға инвестор тартып, қосымша инвестиция әкелетін қаржылық орнықтылыққа жағдай жасалады. Себебі жаңа жобаға сол саланың ұңғыл-шұңғылын терең білетін мамандармен бірге кіріскен дұрыс. Әсіресе, жаңа технологиялық жобаларға серіктестерді таңдай білу – жұмыстың маңызды бөлігі. Нәтижесінде шығын қысқарады, шығынды өтеу жеделдейді, бизнес кірісі артады, түптеп келгенде – елге жаңа технология мен білім келеді, жаңа жұмыс орындары құрылады, мемлекетке түсетін пайда артады.

– Қайта өңдеуді тереңірек іске асыру бойынша кей жобаларды атап өтсеңіз?

– Мәселен, ыстық брикеттелген темір жобасы. Елдегі ірі тау-кен металлургиялық бірлестігі ССКӨБ Ресейге енгізілген санкциялық шектеулерге байланысты өнім (кен және шойын түйіршіктері) сатуда қиындыққа тап болды. Бұл жағдай бізді ыстық брикеттелген темір өндіруге ынталандырды. Ал бұл – терең өңдеу және жоғарғы қосылған құн. Аталған өндірісті қолға алу логистика мен транспорт шығынын азайтады, өйткені өнім жеткізуде үлкен теміржол құрамдарының орнына әлдеқайда саны аз вагондар қажет болады.

– Мұны тәуелділіктен арылу деп те бағалауға болатын шығар?

– Мен мұны нарықты әртараптандыру арқылы экономикалық тәуелсіздікті күшейту деп түсіндірер едім. Жобаның инвестициялық құны – миллиард долларға жуық. Со-инвестор ретінде америкалық және қытайлық компаниялар тартылды. Бұл жобадан бөлек, алюминий өндірісін ойластырып жатырмыз. Қазір «Қазақстан электролиз зауытының» жобалық қуаттылығы – 250 мың тонна. Шын мәнінде 266 мың тонна өндіреміз. Енді қосымша тағы да қуаттылығы 300 мың тонна өндіріс ашу жоспарда бар. Қаржылық, технологиялық тұрғыдан сай келетін әлеуетті серіктестермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазіргі өндіріс деңгейі негізінен сыртқы нарыққа бейімделсе, қосымша қуаттылық фольга мен прокаттан бастап дайын өнімге дейінгі дамудың келесі сатысын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба қосымша инфрақұрылымдық міндеттерді шешумен де байланысты, сондықтан құны 900 млн доллар мен млрд доллар арасында құбылып тұр.

р

Ұзақ мерзімдегі мақсатым, тіпті арманым – жоғары сапалы болат өндірісін құру. Қажетті алғышарттар мен руда базасы бар: темір, хром, ферроқорытпа, марганец дегендей. Әрине, мұндай идеяға мұқият дайындықпен келген абзал, себебі жоба арзан емес әрі тәуекелі де жоғары. Әзірге артық-кемін саралап жатырмыз, алайда бұл біз үшін де, ұлттық экономика үшін де сөзсіз қажет. Барлық қажетті жағдай бола тұра жоғары сапалы болат өндірісін жолға қоймау және осы мүмкіндікті өзгелердің пайдалануына беру, кейін дайын дүниені солардан сатып алу қисынға келмейді. Бұл орайдағы бірегей одақтасымыз және серіктесіміз – Кармет. Комбинатқа жаңа идеяларға ашық менеджмент келді және ол Қазақстанның мүддесіне жұмыс істеп, мекемені дағдарыстан шығаруға тырысып жатыр. Ал, біз асықпай, барлық мүмкіндік пен тәуекелді зерделеп, болат өндірісі жобасы туралы олармен диалог жүргіземіз.

– 2019 жылы «S&P GlobalRatings» ERG-дің тау-кен және металлургиялық компанияларының рейтингін «В-»-қа дейін төмендетті. Агенттіктің сол кездегі болжамы «жағымсыз» деп көрсетілді. 2022 жылы «S&P» ERG рейтингін «B»-ға көтеріп, «тұрақты» етіп бекітті. Компания қиындықтарды қалай еңсерді?

– Соңғы 15-20 жылды алып қарасақ, әлемдік металлургия 3 ауқымды дағдарысты бастан өткеріпті – 2008 жылы, 2012-2013 жылдары және 2017-2018 жылдары. Сол кезеңдерде темір рудасы, феррохром, алюминийге деген сұраныс күрт түсіп кетті. «Алюминий Қазақстан», «Электролиз зауыты» немесе «ССКӨБ» шығынға батты. Компаниялардағы жұмысшылар жалақысы мен операциялық шығынды басқа кәсіпорындардың табысы есебінен өтедік. Жекелеген бөлімшелер 3-4 жыл бойы минуста болды, өйткені халықаралық баға өзіндік құнды жаба алған жоқ. Ол кезде кадрларды қысқартуға жол бере алмас едік, сол себепті шығынды өз есебімізден субсидияладық. Сондықтан сіз айтып отырған агенттіктердің рейтингі қиын кезеңдердегі жағдаймен тікелей байланысты. Әрі ол кездегі құбылу мен құлдырау бізге ғана емес, барлық салаға әсер етті. Мұндай ауыр дағдарысты көп компания жеңе алған жоқ, ақырында ұжымдарын таратып тынды. Біз ондайға жол бермедік.

– Әрі сол кезеңдерде коронавирус пандемиясы да бір бүйірден қысты емес пе?

– Иә, ковид бәрімізге ауыр тиді. Бірақ ел болып есімізді тез жинадық. Қазақстан өз вакцинасын ойлап тауып, ауруханаларды қайта жарақтандыруға мол қаражат бөлінді, қаншама адамның өмірін құтқарып қалған арнайы ковид-орталықтар салынды. Мұқтаж жандарға азық-түлік пен медикамент жеткізіп, шетелден дәрі мен медициналық құрылғылар жеткізіп беріп, қоғам бір жұдырық болып жұмылды.

р

Бұл кезең маған да ауыр тиді. Отбасымыз үшін үлгі һәм тірек болған аяулы әкем ковид тырнағына ілініп, бірнеше апта ес-түссіз жатып, ақыры көз жұмды. Оның денесін жүк көлігімен Тоқмақ зиратына апара жатқан кезде мұның бәрі түсі секілді көрінді. Бұлай болмауға тиіс секілді бір күй бойымды билеп алды. Содан бері жұмысым – менің кәсіби міндетім ғана емес, әкем мен оның бүкіл өмірін арнаған еңбегі алдындағы парызға айналды. Біз үлкен отбасымыз. Алты ағайындымыз. Бәрінің де бала-шағасы бар. Бәрі де пандемия кезінде Қазақстанда болды. Бәріміз де Қазақстан азаматы болғандықтан осы елдің қуанышын да, қайғысын да бірге бөлісеміз. Пандемия кезінде қиындыққа ұшыраған азаматтарға көмек қолын созып, дәрі-дәрмек, бір реттік қолғап, маска, қорғаныш киімін, оттегі аппараттарын әкелдік. Егер біреулерді құтқаруға септігіміз тиген болса, қуаныштымыз. Жаратқан оларға ұзақ та бақытты ғұмыр берсін.

Сол кезеңде ковидтің кәсіпорындарға тигізер соққысын мейлінше жұмсарту өте маңызды еді. Жеткізу мен өткізудегі барлық шаруа тежеліс тапты. Кей тізбектер түбегейлі бұзылды. Өндіріс көлемін төмендетуге тура келді. Алайда қалалар оқшауланып, кәсіпорындар жабылып, ұжымдық жұмыс шектеліп жатқан кезде басқа жұмысы жоқ адамдарды табыссыз қалдыруға болмайтын еді. Біз жұмыс мерзімін қысқартып, толық емес жұмыс режіміне ауыстық. Халықпен бірге ауыр сынақты жеңіп шықтық. Жиған тәжірибеміздің бағасы үлкен.

– ERG 2022 жыл үшін акционерлерге 500 млн доллар дивиденд төледі. Соның қаншасы Үкімет қазынасына жіберілді? Өйткені Үкімет ERG акциясының 40 пайызына иелік етеді ғой. Сонымен бірге, биыл сіз басқаратын директорлар кеңесі ERG акционерлеріне дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдапты. Мұның себебі неде және алда компанияның дивидендтік саясаты қалай өзгеруі мүмкін?

– Былтыр мемлекетке 200 млн доллар дивиденд төледік, бұл сіз айтып отырған – 40 пайыздық үлес. Акционерлерге дивиденд төлемеу туралы шешімге келсек, ол компанияның жаңа стратегиясынан туындап отыр. Әлемдік нарықтағы белгісіздік жағдайында бос өтімділікке «қауіпсіздік жастықшасын» орналастырамыз. Себебі кез келген жағдайда міндеттемелеріміз үшін жауап беріп, кәсіпорындардың операциялық қызметін жүргізе алуымыз керек. Дивиденд төлеудің орнына өндірісті жаңғыртып, өзіндік құн мен жұмыс үдерісін күшейтуді қолай көріп отырмыз. Бұл – оқыстан туған шешім емес, алдыңғы тәжірибелер негізінде қалыптасқан тұжырым. Өйткені шұғыл жағдайда ақша іздейтін ахуал басымыздан бір емес, үш рет өтті. Ондайда біреудің ақшасын пайдалана тұру тым қымбатқа түседі. Сол себепті, әрқашан артыңда қор тұрғаны абзал.

р

Біздің кей кәсіпорындарымыз жылдар бойы табыс әкелген жоқ, бірақ қалай болғанда да оларды сақтап қалған дұрыс. Сәйкесінше, мыңдаған жұмысшының жалақысын беріп, шығын материалдарын сатып алып, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге тура келеді. Осының бәрін қорыта келе, дивиденд төлегенше, тапқан табысты өндіріске қайта инвестициялаған жөн екен деген тұжырымға тірелдік. Өйткені ертең шикізат нарығындағы конъюктураға толықтай тәуелді болып қалмауымыз керек. Іс жүзінде бұл стратегияны атқару қиынырақ болса да, сол арқылы біз келешекте жаңа табыстардың көзі болатын бағыттарды кеңейтіп жатырмыз.

– Президент былтырғы Жолдауда ірі кәсіпорындар өндірістің барлық сатысын өзімізде қамтамасыз етіп, өндірістік цикл құруы қажет деді. ERG бұл міндетті қалай шешіп жатыр? Президент айтқан «жаңа өнеркәсіптік саясатқа» қалай үлес қоспақсыздар?

– Біздің жағдайымызда өндірістік үдерісті қамтудың айқын мысалы – былтыр іске қосқан арнайы кокс өндірісі жобасы. Компания қазір импортты алмастыру материалдарын үлкен көлемде тұтынып отыр. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына да, өзімнің және командамның алдына қойған менің міндетіме де сәйкес келеді. Бұл міндет – өзіндік құнды арзандатуға қатысты тиімді шешім табу және өндіріс сапасын күшейту. Өйткені бұл екі фактор – баға мен сапа, кез келген бизнестегі бәсекеге қабілеттілікті анықтайды. Бұрын ERG жыл сайын ферроқорытпа өндіретін зауыттарымыздың қажеттілігіне арнап 900 мың тонна арнайы кокс импорттады. Қазір 400 мың тонна арнайы кокс өндіреміз, тиісінше шығын да азайды. 600 мың тоннаға жуық өндіретін екінші кезең іске қосылса онда импортқа тәуелділіктен біржола арыламыз. Мәмілеге келсек, жергілікті нарықтағы басқа кәсіпорындарға жеткізіп беру мақсатында одан да көбірек өндірер едік. Мұндай импортты алмастыру жүйесі компания мүддесіне ғана емес, ұлттық экономика мен мемлекет мүддесіне де жауап береді.

Тап осындай жағдайды көмір өндірісіне, сатып алу саясатына қатысты да айтуға болады. Аталған бағыттарда шығын материалдарынан бастап сервистік қызмет пен құрылғыларға дейінгі аралықта отандық өндірушілер мен жеткізушілерге басымдық беруге тырысамыз. ERG үшін отандық бизнеспен жұмыс істеуде баға емес, сапа мәселесі бірінші орында. Өйткені сапа жұмысқа қабілеттілікті, өндірістік үдерістегі қауіпсіздікті анықтайды. Бағасы шетелдік нұсқасынан қымбат болса да, егер қойылған талаптарға сәйкес келіп тұрса, отандық серіктесті таңдаймыз. Мысалы, бізде сервистік қызмет бойынша отандық мердігерлердің (бірінші кезекте ШОБ) үлесі 90 пайызға жетеқабыл.

– Жаңа кәсіпорын салуға қарағанда арнайы коксты сатып алу арзанға түспей ме? Әлде бұл басқа инвесторлардың қаржысы ма?

– Бұған бізден басқа инвестор араласқан жоқ, өз жобамыз. Халықаралық технологиялық шешімдерді пайдаландық (Қазақстанда мұндай өндіріс болған жоқ), кей тұсын өзіміздің мамандар жетілдірді. Бұл осы жобаға қатысқан отандық мамандарда тиісті біліктілік деңгейі мен кез келген технологияны бейімдей алатын кәсібилік бар дегенді білдіреді. ERG-да сондай жоғары дәрежелі инженер мен технологтердің бар екенін де мақтаныш етеміз. Жобаның инвестициялық құны 137 млн доллар болды. Әрине, арнайы коксты дайын күйінде сатып алғанға қарағанда біршама қымбат. Дегенмен бұл мен айтқан жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылған кәсіпорындарды жаңғырту ғана емес, ұзақ мерзімді басымдықтар тұрғысынан өндірістік үдерісті қайта қарайтын «индустриалды модернизм» саясатымен үйлесетін реинвестиция стратегиясын меңзейді.

– Бұл сіздің азаматтық парызыңыз екенін түсінеміз, бірақ мұндай ұстанымды басқа акционерлер қалай қабылдады? Шетелдік акционерлер сіздің тұжырымдамамен келісті ме?

– Мені директорлар кеңесінің төрағасы және бүкіл топтың атқарушы директоры етіп тағайындады, демек компанияның мен айтып отырған тәсілдері мен идеологиясы – біздің ортақ позициямыз. Үлкен бизнесте басқаша болуы мүмкін емес. Әрине, бұл стратегия көп жағдайда менің жеке сенімім мен құндылықтарыма негізделген, бірақ бұл құқықты маған барлық акционер, соның ішінде ең ірі акционер – Үкімет те сеніп тапсырып отыр. Компанияның келешегіне қатысты көзқарасымды қолдай білген Президент пен Үкіметке, кәсіби тұрғыда мені әркез қолдайтын акционерлерге құрметімді жеткізгім келеді. Ондай үлкен сенімге лайық болмасқа хақым жоқ.

– Жақында елімізде АЭС құрылысына байланысты референдум өтті. ERG басшысы ретінде елімізде атом энергетикасын дамытуға қатысты көзқарасыңыз қандай?

– Расымен, соңғы бірнеше айда АЭС тақырыбы төңірегінде сарапшылардан әр алуан пікір естідік, көп нәрсе оқыдық. Жұмыс бабымен біраз елге табанымыз тиген кезде серіктестеріміз – әлемнің жетекші елдерінің өндірушілерімен осы тақырып аясында талқы жасайтын мүмкіндік те туындады. Табысты елдерде атом энергетикасы бірнеше онжылдық бойы дамып келе жатыр. Егер бірер шетін жағдайды есепке алмасақ, бәрі де қауіпсіз әрі сенімді өрістеп жатыр. Бүкіл әлем секілді біздің компания да көмір генерациясына тәуелді. Алайда мемлекеттің де, экономиканың да қосымша энергетикалық қуаттылықсыз әрі қарай дамуы мүмкін емес екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Сол себепті, мен генерация түрлері мен энергетика ауқымының кеңеюін қос қолымды көтеріп қолдаймын. Мысалы, Еуропада, соның ішінде Францияда атом энергетикасы ең арзан энергия көзі болып саналады. егер оны ұзақ мерзімге дұрыс жоспарлап, тұрғыза алсақ ол көмір генерациясын толықтырып қана қоймайды, оны тіпті ығыстырып та шығарады. Өйткені экологиялық талаптар және тап сол металлургиялық нарықтың өзінде көміртегіге қарсы нормалар қатаңдатылып жатыр. Отандық электр стансаларының көбі моральдық және физикалық тұрғыда тозып тұр.

ап

Мұндай үрдістерді жұмыс барысында ескереміз және атап өткенімдей, біз экологиялық таза өндірісті, шығарындыларды азайтуды және басқа да шараларды компания стратегиясының басымдықтарының біріне айналдырамыз. Бұл бағытты толықтыратын тағы бір ілкімді іс – жаңғырмалы энергия көздерін (ЖЭК) енгізу мүмкіндіктерін зерделеу. Келесі жылы Ақтөбе облысында қуаты 155 мегаватт болатын алғашқы жел электр стансасын іске қосамыз. Ол біздің ферроқорытпа зауыттарымызды энергиямен қамтамасыз етеді. Дегенмен ЖЭК тұрақты қуат беруге қауқарлы емес, сондықтан металлургиялық өндіріс үздіксіз жұмыс істеуі мақсатында кәдімгі стансадан келетін қуаттылықпен толықтыруға тура келеді.

АЭС құрылысына келер болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өте маңызды сөзді айтты – елдегі атом стансасының жобасымен бір компания немесе ел емес, халықаралық консорциум айналысады. Кейінірек бірінші вице-премьер Роман Скляр бұл консорциумға бес елдің компаниясы енетінін мәлімдеді. Халықаралық тәжірибеге негізделген мұндай тәсіл, оның үстіне МАГАТЭ-нің қадағалауы – АЭС жобасының бір елге тәуелді болып қалуына байланысты айтылған алаңдаушылықты сейілтеді. Қазақстан өзінің заманауи тарихында атом энергетикасын пайдаланып отырған дамыған елдермен бір қатарда тұруға толық құқылы деп ойлаймын.

– Биыл еліміз абыроймен өткізген іргелі шараның бірі – дүниежүзілік Көшпелілер ойыны. Ауқымды спорттық шараға сіздер де атсалыстыңыздар ма?

– Иә, бұл байрақты бәсекеге біз де қатынастық. Дүниежүзілік Көшпелілер ойындары кезінде негізгі бәсекелердің көрігін қыздырған ипподромды толықтай жаңғырттық. Сонымен қатар бірқатар жарыс түрлерін де қаржыландырдық.

– Көкпар кезінде кім жеңді деп ойлайсыз?

– Көкпардан – біз, көкбөріден қырғыздар жеңді. Бәрі де әділетті. Әлеуметтік желіде әсіресе көршілер тарапынан айтылып жатқан эмоция мен сынның болуы да орынды, өйткені бұл – қазақ пен қырғыз арасындағы тартысқа толы ерекше ойын. Есте болса, Қырғызстанда өткен ойындар кезінде біздің жанкүйерлер де көкпар ойынының ұйымдастырылуын сынға алған еді. Әрі ол сын өте әділетті болды. Сондықтан көкпар кезінде ашу-ызаның туындауы заңдылық: күшті, мықты жігіттер жеңіске таласады, соқтығысып, тіресіп те қалатын сәттер де болады. Бәрі тура өмірдегідей. Бірақ, бұл – спорт, бұл – ойын. Ал, біз құдай қосқан көршілерімізбен тату өмір сүріп, нақты іспен айналысуымыз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!


Әңгімелескен Абай Аймағамбет

«Egemen Qazaqstan»