Аймақтар • 24 Қазан, 2024

Тіл клубтарының арнасы кеңейеді

131 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Оған байланысты «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» деген атаумен іс-шаралар жоспары түзілді. Негізгі жобалар өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне бағытталмақ.

Тіл клубтарының арнасы кеңейеді

Павлодарда өңірлік этно­мә­дени бірлестіктердің өзара іс-қимылдарын ұйымдас­тыру мәселелері бойынша об­лыс­тар­дағы «Қоғамдық келісім» ме­кемелері басшыларына арналған республикалық семинар өтті. Іс-шарада 16 жыл тарихы бар жергілікті Достық үйінің ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту, әр халықтың ана тілін, салт-дәс­түр­ді, этнос мәдениетін жаң­ғырту мақсатында атқа­рып жатқан жұмыстары тәжі­ри­­бе ретінде көрсетілді. Өңір­­лік Қазақстан халқы Ассамб­­лея­­­сы құрылымдары, этно­­­мәдени бірлестіктер мен шы­ғармашылық ұжымдар этносаралық келісім идеяларын жү­зеге асыруда ай­тар­лықтай іс тындырып отыр­ғаны бай­қал­ды. Ұйым мекеме қыз­метін қайта форматтаудың жаңа тәсілдеріне байланыс­ты барлық ауқымды іс-ша­раны кешенді түрде өткізуді әдетке айналдырған. «Өске­лең ұрпаққа өнегелі тәр­бие», Еvent-tram «Достық трамвайы», «Әнімді саған арнаймын, Қазақстан», «Қазақша ән са­лайық», «Ұлттық киім – ұлт­тың көркі», тағы басқа жоба­лар өзінің тиімділігін бай­қатыпты.

– Былтыр Достық үйінің 15 жылдығына орай «Достық үйі – бейбітшілік пен келісім мекені» атты кешенді жоба аясында 60-тан аса іс-шара ұйымдастырылып, 3,5 мыңнан аса адам қамтылды. Бізде этно­­мәдени бірлестіктер мен құ­ры­лымдардың бірлескен жұ­мыс тәжірибесін көрсететін «Комьюнити-орталық» бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне қатысты «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Қазақ­тың тілі – қазақтың жаны! Хал­қы­мыздың тарихы да, тағдыры да – тілін­де... Біз мемлекет­тік тілдің мәр­тебесін көтеру бағытындағы жұмыстар­ды үздіксіз жалғас­тыра береміз», деп айтқаны мәлім. Бұл тарапта Ассамблеядағы «Қазақша ән саламыз» атты жобамыз өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретуде маңызды болып отыр. Негізгі мақсаты – жастар арасында қазақ мәдениетіне деген құрмет сезімін тәрбиелеу, өзге этнос өкілдері арасында рухани бірлік пен ұлтаралық келісім идеяларын тарату, мемлекеттік тілдің дамуына ықпал ету. Бұл арқылы қазақтың мәдени құндылықтары ұлықталады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері қазақша ән шырқап, рухани өнерімізбен танысады, – дейді жергілікті «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүрия Көбенова.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қаты­нас­тарды дамыту коми­теті Қазақстан халқы Ассамб­­­лея­сы­мен өзара іс-қимыл басқар­масының басшысы Динара Жұманова «Қоғамдық келісім» мекемесі және Достық үйлерінің жұмыстарын жетілдіру мәселесі әрқашан өзекті екенін атап өтті. Бұл үдеріс мемлекеттік этно­саясаттың басымдықтары мен қоғамдық сұраныстарға сәйкес келуі әрі үздіксіз болуы керек.

«Ассамблеяның 33-сессия­сын­дағы шешімдерді өміршең ету үшін біздің министрлік, ҚХА және депутаттар мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылдарын біріктіретін 34 Жол картасы, ҚХА-ның 13 арнайы жобасы жүзеге асып жатыр. Алдағы жылы Ассамблея­ның құрылғанына 30 жыл тол­ғалы отыр. Соған орай «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» деген атаумен іс-шаралар жос­пары түзілді. Іс-шаралардың дені ағартушылық, халықтар арасындағы достықты нығайту бағыттарында өткізіледі. Бұл тарапта өзге ұлт өкілдері ара­сындағы мемлекеттік тілдің дамуына зор көңіл бөлінеді. «Мәміле», «Үйде сөйле», «Мем­ле­кеттік тілге 7 қадам» клуб­тарының арнасын кеңейту жос­парланған. Ал қолданыстағы қазақ тілін үйрету курстарының сапасын көтеру маңызды», дейді министрлік өкілі.

Семинарда еліміздің әр түп­кірінен жиналғандар өзара пікір алмасып, түрлі шеберлік сағат­тарына қатысты.

 

Павлодар облысы