Өнер • 29 Қазан, 2024

Ерекше өнер кеші

68 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Tauelsiz» ART ұжымының «Жерге табын, адам, енді» деп аталатын ерекше форматтағы кеші ел аузында жүр. Жақында ғана шығармашылық ұжым Астанадан арнайы келіп, Кеншілер мәдениет сарайында қойылым қойды. Онда еліміздің басынан өткерген экологиялық қасірет зардабын, жаһанданудың қоршаған ортаға жақсылық әкелмейтінін шебер жеткізе білді.

Ерекше өнер кеші

Ерекше форматтағы кеш бала­­қай мен жасанды интеллекті ара­сындағы әңгімеден бастау алады. Бала гаджетіндегі жасанды ин­теллектімен адамзаттың болашағы туралы сөйлеседі. Бұдан көпті алаңдатқан келешектің өзін де, көлеңкесін де көргендей болдық. Әңгіме төмендегідей өрбиді.

– Сәлем, GPT! Бізді қандай болашақ күтіп тұр?

– Сәлем, балақай! Болашағы­мыз жарқын болуы екіталай. Технология қарқынды дамиды. Өздігінен басқарылатын ұшақтар мен дыбыс жылдамдығымен қоз­ғалатын көліктер пайда болады. Адамдар ақылды үйлерде тұрады. Мұның барлығы тиісінше қорша­ған ортаға кері әсерін тигізеді. Су, өсімдік, тіпті ауа тапшы болуы мүмкін.

– Мәссаған, шынымен солай болмақ па?

– Саған  маған мәлім ақпа­рат­тарға ғана сәйкес болжам жасадым. Келешек қандай болатынын елестетіп көрейік: Каспий теңізінің 27 пайызы тартылады, мемлекеттер арасында ядролық соғыс оты тұтанады, адамдар арасында зорлық-зомбылық күрт көбейеді, мәңгі өмір сүруге талпыныс жасалады, қоқыс салдарынан ауа рекордты мөлшерде ластанады, 4 млрд-қа жуық адам сусыз қалады.

Адамзат тарихынан хабардар жасанды интеллектіден мұндай ауыр әңгіме есту әлбетте үрейді ұшырады. Қорыта келе ол: «Адам баласы өзін-өзі тығырыққа тірей­ді», дейді. Айналып келгенде алапат қауіптің бәріне адамның өзі кінәлі екен. Сенбей көріңіз…

Жаны жабырқаған бала жападан-жалғыз. Жасанды интел­лектінің әңгімесіне ұйы­ған. Мұның өзі адам адамнан алшақтап бара жатқанын анық аңғартқандай. Бір-бірімен тілдесуден қалған кісі табиғатында да өзгерістің бары рас.

Қазақ даласындағы аштық қасіреті келесі бөлімге арқау болды. Аштық салдары, қасіретті кімдердің ұйымдастырғаны, бәрі көркемсөз, өлең, әнмен жет­кізілді. Семей даласының тра­ге­диясы да әсерлі баяндалды. Мү­гедек, адами генетикадан жартылай ажыраған елдің зарын естітті.

Кештің арнайы қонағы болған Семей полигонының зар­дабын тартқан жандардың бірі қыл­қалам шебері Кәріпбек Күйі­ков сахнаға шығып, шығар­машылық ұжымға ризашылығын білдірді.

– Рас, адамзат баласы үлкен траге­дияның аз-ақ алдында тұр. Соны айтатын – осындай аза­мат­тар, дарынды ұл-қыздар. Сіздер­ге өнер сүйетін жүрегі ояу халық құлақ асады. Сіздерге шығар­машылық табыс тілеймін! – деді Кәріпбек Күйіков.

Кештің мазмұны су тапшы­лығы, ауаның ластануы, өзен-көлдің, теңіздің тартылуы, жа­һандық жылыну, жер қыртыстары мен ауа қабатының зақымдануы, жерасты байлығы үшін болып жатқан қантөгістердің салдары секілді мәселелермен өрбіді.

«Tauelsiz» ART жобасының басталғанына бес жыл болды, елде­гі бірнеше қалаға барып кел­ді. Жоба жетекшісі Руслан Жұба­ныш «Экология – осы күнгі ең өзекті проблема» екенін айтады.

– Бес жыл бойы ел аумағында осындай кеш өткізе жүріп, би­ліктен я болмаса байлардан қар­жы алып көрген жоқпыз. Жер шарының тағдырына алаң­дай­тын халықаралық ұйым­дар­­мен тікелей жұмыс істей­міз. Мысалы, «Internews» халық­ара­лық ұйымынан грант алдық. Фридрих Эберт атындағы Гер­мания қорымен де қарым-қатынас орнаттық. Енді Ақтау мен Шымкентке баруды жос­пар­лап отырмыз. Қорытынды кеш Астанада өтеді. Ұжымда отыз­ға жуық адам бар. Тақырыпқа сәйкес келетін өлеңдерді, әндерді автор­дың рұқсатымен аламыз. Арнайы тапсырыспен жаздыратын кездер де болады, – дейді Руслан Жұбаныш.

 

Қарағанды облысы