Жәдігер • 29 Қазан, 2024

Бір ғасыр бұрынғы жәдігер

292 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аталған суреттің түсініктемесінде: «Моңғолия Республикасының 14-жылы (жаңаша 1924 жыл) қараша айының 26-ы күні түстен кейін сағат 16:17-де алғашқы Мемлекеттік құрылтай елдің тұңғыш Конститутциясын қабылдап бекіткен сәт және тарих жиынды басқарған адамдар» деп жазылған.

Бір ғасыр бұрынғы жәдігер

Келесі кезекте «бұл адамдар кімдер?» деген сауалға жауап қатар болсақ, сол жақ­тан бірінші тұрған адам: жоғарыдағы тарихи құ­ралға төрағалық еткен һәм Коминтерн өкілі Т.Рыс­құловпен бірге Ата заң­ның жобасын әзірлескен На­ваандоржийн Жадамба екен. Бұл кісі өз заманында сауатты һәм көзі қарақты зиялы­лар қатарында болған көрі­неді. Осы жиыннан кейін кеңес еліне елші болып барады. 1929-1932 жылдары Мәскеу қаласында қаржы саласын бойынша жоғары білім алады. Одан кейін Моңғол елінің Мәскеудегі сауда өкілі қызметін атқарып жүріп 1937 жылы «халық жауы» есебінде тұтқындалады. 1939 жылы түрмеде қайтыс болған.

Суретте екінші тұрған – Г.Гэлэгсэнгэ деген қоғам қайраткері. Тарихи құралдың хатшысы міндетін атқарған. Тұрар Рысқұлов «Қазақбай» деген ат жамылып 1925 жылдың 25 наурызы мен 1 ма­мыр аралығында Қытай еліне барған құпия сапарында Гэлэгсэнгэ үнемі қасында болған. Кейін 1938 жылы Сталиннің «адам аулау» науқанына ілініп, одан аман шық­паған тәрізді.

Үшінші тұрған – Тұрар Рысқұлов. Қазақ қайраткері Моңғолия елінің әкімшілік орта­лығы Күре қаласына 1924 жылы қазан айында келеді. Келудегі мақсаты – жаңа қоғам құ­руға белсеніп жат­қан қараңғы елді социа­листік жолға бағыт­тап, Ата заңын жасап, оны жедел қабылдату еді.

Осы оқиғаны бүге-шігесіне дейін зерттеп, бірнеше еңбек жазған тарих ғылымдарының докторы, тұрартанушы мар­құм Мініс Әбілтай өзінің «Тұрар Рысқұлов: Архив құ­жат­тары» атты 2004 жылы Түркістан қаласында жарық көрген еңбегінде: «Т.Рыс­құлов ел басқаруға Ата заң­ның ауадай қажет екенін Моң­ғолияның партия және өкімет қайраткерлеріне түсіндіріп, оларды сендіре алды. Нәти­жесінде, өкімет басшысы Церен­доржи басқаратын конс­титуциялық талқылау кеңе­сін құрып, оларға төтенше құқық беруге қол жеткізді» деп жазса, Рысқұлов оқиға барысы туралы Коминтерн басшылары Маниульский мен Войтинскийге жолдаған баяндамасында: «Моңғол елі Ата заңының жобасын жолдас Всесвятский­мен бірігіп жасадым. КСРО мен ДВР-дың Конституциясын және басқа да консти­туцияларды пайдаландым. Жобаны үкі­меттің төтенше комиссия­сы талқылады. Комиссия ұсақ-түйек түзету енгізіп, жобаны мақұлдады» деп жазады (Әбілтай­ұлы М. Тұрар Рысқұлов Моңғол елінде. 3 том­дық шығ/жиғағы. 1- том. 74-б).

Бұл оқиға тәуелсіз Моңғо­лия тарихында ерекше орны бар оқиға ретінде қалды. Өйткені құрылтай барысында моңғолдар мемлекеттік даму бағытын айқындаумен қатар, тарихта тұңғыш рет өздерін тәуелсіз ел деп жариялап, астанасының атын өзгертті. Нәтижесінде, жаңа Конституция Моңғолияда­ғы бұрынғы монархиялық басқаруды жойып, парла­менттік тың жүйе орнатты. Ел парламенті Ұлы құрал құрамында тұрақты жұмыс атқаратын 30 мүшесі бар Кіші құрал деген екі палаталы заң шығару органы іске қосылды. Сөйтіп, Т.Рысқұлов бұл елде тұңғыш рет парламенттік демократиялық жаңа жүйе­нің іргетасын қалап, дүниеге «Моңғолия» дейтін мемлекетті алып келумен қатар, астанасы Күренің атын «Ұланбатыр» деп өзгертті.

Бұл оқиғаның дәлелі іс­петтес моңғолдың қайраткер қаламгері Л.Түдэвтің 1989 жылы орыс тілінде жарық көрген «Первый год респуб­лики» деректі хикаятында, «Коминтерн өкілі Т.Рысқұлов: «Моңғол халқының барлық болмысы астананың атына тікелей байланысты бол­ғандықтан, оның атын өзгерту туралы пікір бірден-бір дұ­рыс. Астанаға ат бергенде зама­нымыздың белгі-бейнесін ескере отырып, революцияшыл сипаты бар ат бергеніміз дұрыс деп санаймын. Осы жағдайды ескере келе астанаға «Ұлан-Батыр» («Город красного богатыря») деген ат ұсынамын» деді. Басқалары Коминтерн өкілінің ұсынысын бірауыздан қолдайды» деп жазады.

Жыл сайын 26 қарашада тұңғыш Ата заңы қабылданып, Моңғол Халық Республикасы атауына ие болған күнін мемлекет­тік дата ретінде атап өтеді. Бірақ Тұрар Рысқұлов туралы бірауыз сөз айтылмайды. Бұл моңғол ұмытса да, біз ұмы­татындай оқиға емес. Сол себепті, жоғарыдағы фото деректі негізге ала отырып, оқырманға ақиқатты жеткі­зуді мақұл көрдік.

Суретте Тұрардың сол жағында тұрған қара шапанды адамның аты-жөні – Балин Цэрэндорж. Осы жылдары елдің бас министрі қызметін атқарған. Тұрарды қолдаушылар қата­рында болыпты. 1928 жылы ақпан айында ауырып қайтыс болған.

Ал бесінші ретте шошақ бөрік киген, ала торғын шапанды адам – Михей Ербанов. Иркут гүбернесі Алар аймағында туған, ұлты – бурят. Бұл кісі осы жылдары Бурят-Моңғол АКСР-і Халық комиссариатының төрағасы қызметін атқарған. 1938 жылы 8 ақпанда Мәскеуде атылған.

Одан кейін алтыншы, жетінші, сегізінші ретпен тұрғандар: тарихи құралдың тете бастығы Өлзийт Бад­рах, қатардағы өкіл Хорлоо Чойбалсын, құрал­дың екінші хатшысы Дугаржанцан. Осы үшеудің біріншісі Ө.Бадрах Мәскеуде Коммунистік интернационализм ұйымы­ның орталық атқару ко­мите­тіне қарасты бас­­па­ханада редактор қыз­­метін атқарып жүр­­ген жерінен 1937 жы­лы қыркүйек айын­да тұт­қындалыпты. Бұ­­ған моң­ғол-бурят қай­рат­кері жо­ғарыдағы Михей Ерба­новпен байланыста болғаны әсер еткен көрінеді.

Келесі тұлға Хорлогийн Чойбалсан ұзақ жыл Моңғол мемлекетін басқарды. 1938-1939 жылдары Моңғолияда жүргізілген репрессияны жүзеге асырған. Қазақ халқына істеген бір жақсылығы – 1940 жылы қазақтарға Бай-Өлке атты жеке аймақ құрып берген. Қатардың ең соңында тұрған адам тарихи құралдың екінші хатшысы Дугаржанцан екенін айттық. Бірақ бұл адам хақында дерек жоққа тән.