Аймақтар • 29 Қазан, 2024

Жамбыл ауылындағы жарқын іс

68 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аспантаудың етегіндегі Жамбыл ауылында жаңа мәдениет үйі есігін айқара ашты. Жалпы ауданы 657 шаршы метрлік мәдениет ошағының құрылысына 392 млн теңге қаржы жұмсалды.

Жамбыл ауылындағы жарқын іс

Еңселі де әдемі ғимарат ішінде өнер үйірмелеріне арналған кең де жарық бірнеше кабинет жасақталған. Заманауи басқару студиясы, грим бөлмелер, ай­шықты сахна, 180 орындық акт залы, бір сөзбен, мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған. Алты ай қыс болатын өңірдің ауа райы ескеріліп, 12 тон­на­лық сұйық отын сақтайтын бөш­­келер орнатылып, суық, ыстық су жүйе­­ле­рі іске қосылған.

Мыңнан астам тұрғыны бар Қара­то­ған ауылдық округі – туризмнің қайнар көзі, күрежолы. Қатарласа қоныс тіккен Қара­тоған мен Жамбыл ауылдарының ортаңғы көшелерімен атақты Ақкөл, Шоғансай демалыс орындарына жаз айларында күніге жүздеген жолаушы-турист ағылып өтеді. Табиғаты тамылжып тұрған ауыл тұрғындарының туризмді дамытуға деген ынта-ықы­лас­тары арта түскен. Сондай-ақ округ тұрғындары халықтық өнерді әспеттеп, өрісін кеңейтуге белсене араласып келеді. Бұл ауылдарда домбыраның қос ішегінен күй төгілдіріп, әуелете ән салатын әнші-термешілер, шежірешілер көптеп өсіп келе жатқанын Баққожа Мұқай атын­да­ғы аудандық мәдениет үйінің директоры Медет Байжұма әсерлі әңгімеледі.

«Қаратоған мен Жамбыл ауылдарында бұрын-соңды мәдениет үйі болмаған. Соған қарамастан, мұндағы тұрғындар мен жас буын өнерден шет қалған емес. Аудандық, облыстық өнер сайыстарына қатысып, жеңімпаз атанғандары жетіп артылады. Дарынды жастарды мамандар мектепішілік үйірмелерге қатыстырып, өнерлерін ұштап келген еді. Енді міне, дарын иелерінің басы қосылып, шығармашылықтарын шыңдауға қолай­лы ғимараттың пайдалануға берілуі – тың жаңалық, зор қуаныш болып отыр», – дейді Медет Серікұлы.

Аспантау елінің мерейін тасытып, қуанышын еселеген мерейлі салта­нат­қа Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев, өнер майталмандары мен ауыл тұрғындары қатысты. Мере­­келік көңіл күй сыйлаған рухани шара аудан­­­дық «Ақтолқын» халықтық-фоль­­­клор­­лық ансамблінің көңіл тербеген күй-шашуымен басталды.

«Amanat» партиясының са­й­лауал­ды бағдарламасы аясында елі­міз­­дің әр­бір өңірінде, соның ішін­де Райымбек ауданында көптеген әлеу­мет­­­­­тік нысандардың құрылысы жүріп жа­тыр. Ауданымыз 2018 жылы өз алдына жеке шаңырақ көтергелі бері мә­дениет саласында көптеген өзге­­ріс­­тер болды. Мемлекеттің қол­дауымен ауданның әр түкпірінде жаңа мәдениет ғимараттары ашылды. Бұл нысан да ауылымыздағы мәдени-рухани құн­ды­лықтар жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім мол. Осы игі іске қатысқан құры­лыс­шыларға, мәдениет саласының қыз­мет­керлеріне, ауылымыздың өркен­деуіне өз үлесін қосқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін», – деді аудан әкімі Б.Дүйсенбаев құттықтау сөзінде.

2019 жылы аудандық мәдениет үйіне құны 25 млн теңге тұратын жылжымалы сахна сатып алынды, 2021 жылы Қақпақ ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ал былтырғы жылы Сүмде ауылындағы мәдениет үйі пайдалануға берілді.

«Ұлттық құндылықтарымыз, оның ішінде спорт пен мәдениеттің арқасында көк туымыз, еліміз бен жеріміз төрткүл дүниеге танылып отыр. Жамбыл – шағын ғана құт қонған ауыл. Бұл жерде Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Сағатхан Әшімбаев сынды ақын-жазушылар, қайраткерлер дүниеге келген. Ауыл тұрғындарының ұйымшылдығында шек жоқ. Мектебі жаңарды, көшесі асфальтталып, жылдан-жылға көркейіп келеді. Бүгінгі мә­­­де­­ниет үйінің ашылуы жастардың тұрақ­­­тауына, еңбек етуіне, өнерін өріс­тетуге септігін тигізері сөзсіз», – дейді Қазақ­­станның еңбек сіңірген қайраткері, актер Бауыржан Қаптағаев.

Мәдениет үйі ғимаратының құрылыс жұмыстарын Сәдуақас Мүтәлиев басқа­ратын «Алматы-Construction.БМ» ЖШС сапалы жүргізіп, уақытында тапсырды.

 

Алматы облысы