Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Машина жасау саласын дамыту мәселесі Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев саладағы жағдай туралы баяндап, салалық қауымдастықтар өкілдері – Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев пен Өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламанов, сондай-ақ Қазақстанның автокөлік одағы президенті Анар Мақашева баяндама жасады.
Саладағы өзекті мәселелердің бірі – жабдықты жаңғырту. Премьер-министр машина жасауда техниканың тозуы 40%-ға жуықтайтынын атап өтті. Тек теміржол саласында 2030 жылға дейін елімізде тозығы жеткен 800-ден аса жолаушылар вагоны пайдаланудан шығарылады деп күтіледі. Еліміздің өнеркәсіптік инвесторлар одағы деректері бойынша ауыл шаруашылығы техникасының шамамен 76%-ы жаңартуды қажет етеді.
О.Бектенов Президенттің экономиканы әртараптандыру жөніндегі алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін отандық машина жасау әлеуетін белсенді түрде пайдаланып, жаңа технологияларды енгізу қажеттігін баса айтты.
«Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру ісінің негізгі өзегі индустрияландыру екенін атап көрсетті. Өңдеу секторын, бірінші кезекте машина жасау саласын серпінді дамыту өзімізді экономикалық жағынан толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жетуде қозғаушы күш болуы қажет. Мемлекет отандық өндірушілерді белсенді қолдайды. Біздің алдымызда локализациялау үлесі жоғары өндіріс циклін құру міндеті тұр. Бұл ретте жұмыс тиімділігін арттыру үшін өндірісті дер кезінде жаңғыртып отыру маңызды», деп атап өтті Премьер-министр.
Өндірістік үдерістерді роботтандыру мен автоматтандырудың жаһандық үрдістеріне сәйкес кәсіпорындарда цифрлық технологияларды енгізу қажеттілігі атап өтілді.
Бүгінде автомобиль өнеркәсібінде кластерлік өндірісті қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тәсіл еншілес салалардың дамуын ынталандырады, бүкіл сектор үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашады.
Мұнай-газ машина жасау саласында 50-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Өндіріс көлемі 160 млн долларға жетеді, ал импорт көлемі 1,6 млрд доллардан асады. Премьер-министр он есе айырмашылыққа және алшақтықты төмендету қажеттігіне назар аударды.
Жаңадан отандық өндірістерді құруға жәрдемдесу үшін Халықаралық мұнай-газ машинасын жасау орталығы құрылды. Honeywell, PetrolValves, Wika сияқты халықаралық компаниялардың өнімдерін локализациялау жобалары сәтті жүзеге асырылды. О.Бектенов халықаралық операторлардың отандық кәсіпорындармен ұзақмерзімді шарттар жасасуға кепілдік беру жөніндегі орталықтың өкілеттіктерін кеңейту қажеттігін атап өтті.
Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне, «Бәйтерек» холдингіне мақұлданған қаржы-экономикалық негіздемелер шеңберінде машина жасаудағы жобаларды қосымша қаржыландыруды тапсырды. О.Бектенов машина жасау кәсіпорындары өндірісті жаңғыртып, тауарлардың жаңа түрлерін шығару үшін жеңілдікті несиелермен қамтамасыз етілуге тиіс екенін айтты.
Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі автомобиль жасау саласындағы жобаларды тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді жедел шешіп, экспортты кеңейтуі қажет.
Жалпы, елімізде машина жасау өнімдері нарығы 31,6 млрд долларға бағаланады, оның шамамен 16%-ы отандық өндірістің үлесіне тиесілі.
Премьер-министр машина жасау саласының өсу әлеуеті өте жоғары және экспортты дамытуда да мүмкіндіктер бар екеніне тоқталды.
«Экономикалық патриотизм басты қағидатымызға айналуға тиіс. Біз отандық өнімдерді сатып алып, сыртқы нарықтарда белсенді түрде дәріптеуіміз қажет», деп атап өтті О.Бектенов.
Қазіргі уақытта Еуразиялық одақ нарығында машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі шамамен 141 млрд долларды құрайды. Қазақстан қазірдің өзінде аккумуляторлар, трансформаторлар, кабельдер, локомотивтер, автомобильдер мен автобустарды экспорттап жатыр. ЕАЭО нарығында отандық өндіріс үлесін арттыруда мүмкіндіктер бар.
Премьер-министр машина жасаудың бірқатар секторындағы жағдайға назар аударып, өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін шараларды атады. Отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді қолдау үшін биыл импорттық аналогтерді субсидиялау алынып тасталды. Сонымен қатар техника лизингінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау кезінде отандық техника үшін айтарлықтай төмен – сараланған тәсіл көзделді. Бұл шаралар локализациялауды тереңдетуге, шығарылатын техника номенклатурасын кеңейтуге және отандық техника паркін жаңартуды жеделдетуге ықпал етеді.
Теміржол техникасының тозу деңгейі 55%-ды құрап отыр. 2024 жылы қолжетімді лизингтік қаржыландыру тетігі іске қосылды, соның арқасында өндіріс көлемі 1,5 есеге өсті. Олжас Бектенов тасымалдаушылардың қажеттіліктері бірінші кезекте отандық өндіріс техникасы есебінен толық көлемде қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Премьер-министр дайын өнімдер мен қосалқы бөлшектер шығаратын жаңа жобаларды іске қосуды ынталандыру маңызды екенін атап өтті.
Отандық өндірушілерді қолдау үшін Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы министрліктеріне мердігер ұйымдардың жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі отандық үлес талаптарының орындауын бақылауды күшейтуді тапсырды. Бүгінгі таңда бірқатар машина жасау тауарлары мемлекеттік сатып алудан алынып тасталғанымен, жасырын түрде импорттық өнімді сатып алу фактілері анықталған.
Сондай-ақ отандық машина жасау саласы өнімдерінің ірі тұтынушыларының бірі «Самұрық-Қазына» қорының алдына холдингтің сатып алу рәсіміндегі жергілікті қамту үлесін 2025 жылдың соңына қарай 89%-ға дейін ұлғайту міндеті қойылды. О.Бектенов экономикалық өсімге мультипликативті әсерді қамтамасыз ету мақсатында бизнестің өзара міндеттемелерін көздейтін оффтейк және ұзақмерзімді келісімшарттар тетігін белсенді түрде пайдалануды тапсырды.