Аймақтар • 01 Қараша, 2024

Ақжайықтың ауылдары ажарлы

41 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында 30 пәтерлі тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Бірқатар әлеумет­тік нысан, кәсіпорын құрылысы аяқталып, салтанатты жағдайда ашылды.

Ақжайықтың ауылдары ажарлы

Биылғы көктемдегі су тасқыны елімізге зор сынақ болды. Қаншама елді мекенді қарғын су басты. Еліміздің 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, мал-мүлкін жоғалтты. Күрделі сәтте ел Президенті халыққа арнайы үндеу жариялап, бірде-бір адам ескерусіз қалмайтынын қадап айтты. Мемлекет сол уәдесін орындады. Қысқа мерзім ішін­де елімізде 2 700-ге жуық үй салынған екен. Биыл күзде қоныстойын тойлаған мыңдаған отбасылардың қата­рында батыс­қазақстандықтар да бар.

– Көктемгі су тасқынынан Батыс Қазақстан облысы да зардап шекті. Бүгін мен сол апат салдарын жоюға атсалысқан­дарға, әсіресе құтқарушыларға, еріктілерге, кәсіпкерлерге, басқа да жанашыр азаматтарға алғысымды білдіремін, – деген еді. Республика күніне орай өткен салтанатты жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

пр

Өңір басшысы Орал қаласы мен облыстың 84 елді мекенін су басу қаупі туғанын, бірақ жедел әрі ұйымдасқан қимылдың арқасында халықты апаттан аман алып қалғанын айтты. Сол күндері Жайық өзенінің бойында 150 километрден астам дамбы салынған. Одан беріде облыста тасқыннан зардап шеккендерге арнап 889 үй жаңадан салынды. Сондай-ақ Оралдағы саяжай тұрғындарына 2 мыңнан астам үй сатып алынды. Барлығы ­Ө3 мыңнан астам отбасы, 15 мың адам тұрғын үймен қамтылды. Осылайша, ауқым­ды жұмыс жүргізілді.

Көктемде су тасқынынан ең көп зардап шеккен ауданның бірі – Сырым ауданы. Табиғат апатынан кейін құрылған комиссия Сырым ауданында 236 үй суға кеткенін, оның ішінде Жымпиты ауылында – 128 үй, Өлеңтіде – 72 үй, Бұлдырты ауылында 31 үй топан су астында қалғанын, Қособа ауылында 2 үйге, Жетікөл ауылдық округінде 2 баспанаға су кіргенін анықтаған. Бұған қоса 8 жылқы, 62 ірі қара, 239 ұсақ мал өлгені тіркелді. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің көмегімен осы шығынның бәрі де бүгінде ор­ны­на келді.

Әуеліде техникалық комис­сияның есебінде тасқын салдарынан қатты бүлініп, адам тұруға келмейтін үйдің саны ауданда 84 болған еді. Кейін тұрғындардың наразылығы ескеріліп, жаңадан салынатын баспана саны көбейді. Тамыз айының соңына дейін ауданда су тасқыныннан зардап шеккендерге 114 үй салынды. Құрылыс жобасын толықтай «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаржыландырды. Кейін тұрғындарға қосымша 38 үй тағы салынып берілді.

Тасқын кезінде суға кеткен Сырым ауданындағы ірі нысанның бірі Өлеңті ауы­лын­дағы жатақхана болатын. Ауыл тұр­ғындары жатақхана ретінде пайдаланып келген бұрынғы мектеп ғимаратында 20-ға жуық үй, соның ішінде көпбалалы отбасылар да тұратын. Республика күні мейрамында бұрынғы жатақ­хана тұрғындары да қуанышқа кенелді.

30 пәтерлік тұрғын үй ке­шенін «Profline Constraction» құрылыс компаниясы 4 ай ішінде салып шыққан. Тәулік бойы тыным таппаған құрылысшылар құрылысты жылыту маусымына дейін аяқтап үлгеріпті. Сондай-ақ Жымпитыдағы Қолғанатов көшесіндегі апатты үй тұрғын­дары да жаңа шаңыраққа көшіп жатыр. Каникулдан кейін 60-қа жуық оқушы мектепке жаңа үйден бармақшы.

Айта кетейік, нысанның жалпы көлемі – 1 353,6 шаршы метр. Әр пәтердің аумағы 45,12 шаршы метрді құрайды. Әр үйдің ас бөлмесі, қазандығы, санитарлық торабы бар. Жоба құны – 651 млн теңге. Үй ауласында балаларға ойын алаңы да салынған. Жаңа тұрғын үй кешеніне «Бірлік» ­деген атау берілген.

– Сырым ауданы ғана емес, биыл еліміздің бірқатар өңірі топан судың топалаңын тартты. Тасқын кезінде тұрғын үйлері­міз қира­ғанмен, тұтастығымыз бұзыл­ған жоқ. Халық бірлігінің арқасында сындарлы күндерден сынбай өттік. Өлеңтідегі тұрғын үй кешенін «Бірлік» деп атадық. Бұл, елдің бірлігіне деген құрмет, – дейді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.

Өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің айтуынша, облыс­та ауылды дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымдарды жаңғырту, т.б салаларда ауқым­ды жұмыс атқарылып жатыр. Соның ішінде Президент тапсыр­масы аясында бизнесті дамыту, инвестиция тарту бағы­тында айтарлықтай жұмыс жүр­гізілген. Соңғы 3 жылда облыс­та негізгі капиталға тартылған инвес­тициялар көлемі 1,6 трлн теңгені құрады.

– Биыл инвестиция саласында 21 жоба іске қосылады. Соның бір айғағы – Республика күні қарсаңында Оралда мұнай-газ саласына қажетті жабдықтар шығаратын зауыт аштық. Бұл Мемлекет басшысының отандық өнім өндіретін кәсіпорындарды ашу тапсырмасына сай іске асырылды. Осылайша, жаңа жұмыс орындары құрылды. Биыл облыста 91,6 млрд теңгеге 642 шақырым жол жөнделді. Сондай-ақ өңірде жылу-энергетика саласында кешенді жұмыс атқарылып, осы жазда Оралда жаңа шағын аудандарды электр энергиясымен қамтамасыз ететін «Ақжайық» қосалқы стансасы пайдалануға берілді. Кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген қаладағы турбоагрегаттарды, жылу магистралдарды, №2, №3 сорғы стансасы мен жылу электр орталығын қайта құру, жөндеу жұмыстары аяқталды, – деді облыс әкімі.

Бұдан бұрын хабарла­ға­ны­мыздай, өңірде «Қаладан – ауыл­ға» атты бағдарлама жүзе­ге асы­рылып жатыр. Бұл жоба­ның мақсаты – ауыл атты қа­ра шаңырақтың түтінін қай­та жаңғырту, ауылдарды ие­сіз қалдырмау, туған жерді гүл­дендіру. 2024 жылдың басынан бері облыстың ауылда­рына «Қа­ладан – ауылға» бағдар­ла­ма­сы ая­сында 77 отбасы, яғни 384 адам көшіп барып орналасқан екен.

Бұдан бөлек, облыстың 50-ден астам ауылында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арнап 758 үй салынып жатыр. Олар­дың 500-ге жуығы қазірдің өзінде жаңа иелеріне табысталды, қал­ғаны жақын арада аяқталады. Бұл егемендік алғаннан бері ауылдық жерде атқарылған ауқымды құрылыс жұмысы екені даусыз.

Өңірде әлеуметтік нысандар да жаппай жаңартылу үстінде. Медицина саласында облыста 38 нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Республика күні қарсаңында олардың бірқатары пайдалануға берілді.

Облыста өткен жылы 16 жаңа мектеп салынды. Биыл 6 мек­теп­тің құрылысы аяқталады. Соның ішін­де 3 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынады. Соны­мен қатар Орал қаласында салы­нып жатқан №31 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқ­талады. Бұған қоса биыл ­7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Батыс Қазақстан облысы