Оқиға • 04 Қараша, 2024

Қарағандыда майнинг құрылғысын ұрлаған экс-полицей ұсталды

119 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2023 жылдың желтоқсан айында іздеуге жарияланған Қарағанды облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасының бұрынғы бастығы Рустам Құлкеев бір жылға жуық уақыттан кейін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыда майнинг құрылғысын ұрлаған экс-полицей ұсталды

Фото: Ашық дереккөз

Құлкеевтің ұсталуына ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді.

«ІІМ ӨҚД жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде іздеуде жүрген азамат Қ. ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2023 жылы теріс себептермен ІІО-дан Қарағанды ​​облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы қызметінен босатылған. Ішкі істер министрлігі өз құрамындағы кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік туралы өзінің принципті ұстанымын білдіреді және оларды жою бойынша жұмысты жалғастырады», делінген хабарламада.

Құлкеев қылмыстық іс аясында тәркіленген тау-кен техникасын ұрлады деген күдікке ілінген. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 18-бабы «Ұрлық» және 361-бабы «Лауазымын асыра пайдалану» бойынша іс қозғалған. 

Құлкеевті іздеу туралы хабарлама Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі сайтында жарияланған. Ол 2023 жылдың 1 желтоқсанынан бері іздеуде болған.