Жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Париждегі Штаб-пәтерінде өткен «Халықаралық түсіністік пен ынтымақтастық тоғысында» тақырыбындағы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық конференциясында, «Саясаттан тәжірибеге» деп аталатын IY жаһандық саяси форумында архив саласының қызметкерлері, тарихшылар мен саясаткерлер бас қосып, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Екі күнге созылған басқосу дағдарыс кезінде әлеуметтік байланыс орнатып, өзара іс-қимылды реттеу, халықаралық түсіністік пен ынтымақтастықты жақсартудың құралы ретінде құжаттық мұраны тиімді пайдалану үшін қолданылатын әдіс-тәсілдер, ресурстар және идеялар жөніндегі ой-пікірлермен өзара алмасу алаңына айналды.
Тарихтың тереңіне бойлап, өткенді зерделеп, адамзаттың құжаттық мұрасын сақтау мәселелері талқыланған маңызды форум барысында жаңа технологияларды белсенді түрде енгізіп келе жатқан Президент Архивінің рөлі ерекше атап өтілді.
Конференцияның «Мәдениетаралық байланыстың құжаттық мұрасы: саяси қарым-қатынас жолында» арнайы үкіметтік панелінде ЮНЕСКО-ның коммуникация және ақпарат секторының құжаттық мұра бөлімінің басшысы доктор Факсон Банданың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина баяндама жасады. Сөзінің басында ол биыл Алматы қаласында архившілердің ІІ конгресін өткізу бастамасын қолдағаны үшін ЮНЕСКО Бас директорының байланыс және ақпарат мәселелері жөніндегі орынбасары Тофик Джелласи мырзаға алғыс білдірді.
Баяндамашының айтуынша, конгресс алғаш рет 2022 жылы Халықаралық Архивтер Кеңесінің, ЮНЕСКО-ның және БҰҰ-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу және архив саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін архившілердің, құжат айналымы жөніндегі мамандардың және ғалымдардың сұхбат алаңына айналды.
II конгреске әлемнің 20 елінен 200-ден астам сала мамандары, ғалымдар мен архив әкімшіліктерінің басшылары қатысып, құжаттық мұраны сақтаудың өзекті мәселелері бойынша өзара пікір алмасты, цифрлық трансформацияның инновациялық идеялары ұсынылды, үздік архивтік тәжірибелер қаралды.
Үкіметтік панельде пікірталас тудырған маңызды тақырыптардың бірі ретінде жастарды құжаттық мұраны сақтау мәселелеріне ынталандыру бойынша өзге елдің тәжірибесі қарастырылды. Президент Архивінің директоры таныстырған студенттер мен оқушылардың архив ісіне қызығушылығын арттыру және зерттеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған «Жас архившілердің жазғы мектебі», оқушыларға арналған «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» атты оқу-зерттеу жұмыстарының байқауы, архивтану олимпиадалары мен «Archive Hack: Ақылды архив» хакатоны сияқты жастар жобаларын іске асыру тәжірибесі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Конференция сессиялары аясында техногендік және табиғи апаттардың құжаттық мұраға әсері, білім беру және мәдениетаралық диалог үшін құжаттық мұраны пайдалануға ықпал етудегі рөлі сияқты мәселелер қаралды. Биылғы конференцияның арнайы сессиясында Араб аймағының және оның құжаттық мұрасының мәдениетаралық диалогке жаһандық ықпалының рөлі туралы әңгіме болды. Сондай-ақ халықаралық қоғамдастыққа заманауи технологияларды қолданудың мысалы ретінде «Жібек жолының ортақ мұрасы» виртуалды көрмесін келтірген технологиялар мен цифрлық платформаларға арналған сессияны айрықша атап өткен жөн. Көрмені ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесі, Орталық Азияның ұлттық музейлері мен «Google Arts & Culture» платформасы бірлесе ұйымдастырды.
Осындай беделді форумдарға қатысу әлемдік қоғамдастыққа Қазақстанды қайталанбас бай тарихы туралы үлкен мінберден айтуға мүмкіндік береді. Архившілердің II конгресінде осындай мақсатпен практикалық семинар өткізілген еді, ол жерде ЮНЕСКО мамандары қазақстандық архивтердің, музейлердің, кітапханалардың қызметкерлеріне «Әлем жады» бағдарламасының халықаралық тізілімдеріне бірегей құжаттық артефактілерді ұсыну жолдарын түсіндірді. Тарих және мәдениет ескерткіштері, біздің құжаттық мұрамыз халықаралық деңгейде танылған кезде ғана өзгелердің біздің еліміз туралы түсінігі кеңейе түспек.