Қоғам • 05 Қараша, 2024

Ізгілік іздері

113 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педаго­гикалық университетінің ректоры болып жүргенімде, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, МГУ-дің Ломоносов атындағы сыйлығының лауреаты, есімі республикадан асып, шетелге де танымал тілші-ғалым, педагог Валентина Жұмағұ­ловамен бірге қызметтес болдым.

Ізгілік іздері

Сурет: ашық дереккөзден

Ең алдымен, тегі басқа бол­ғанымен, Валенти­на Ива­но­в­наның бойынан инабат­ты­лық, терең білімділік, жауапкершілік сияқты қа­сиет­терді жақын таны­дым. Ва­лентина Ивановнаның әжесі, яғни анасы Мария Райштеттер ханымның анасы кезіндегі Аустрия – Мажарстан империясынан тараған белгілі князьдің қызы болып шықты. Мажарлардың, яғни қып­шақтардың қаны бар текті ұрпақтың тұқымы.

Білімділік пен біліктілік, кішілік пен кісілік ата-баба рухымен жалғасып келе жатыр.

Мемлекет және қоғам қай­раткері, қолдан­балы мате­матиканың ірі тұлғасы Бақыт­жан Жұма­ғұловтың сүйікті жары екенін жақсы білетінмін. Өйткені Б.Жұма­ғұловпен бірге Білім және ғылым ми­нистрлігінде, Парламент Мә­жі­лісі мен Сена­тында бірге қызмет атқардық.

Жарты ғасыр бойы адалдық пен парасатты­лық­тың, махаб­бат­тың үлгісі болып келе жат­­қан Жұма­ғұлов отбасы туралы айту әрі жеңіл, әрі қиын. Жеңілі – өмір жол­­дарын, күреспен жеткен жетіс­­тіктерін жақсы білемін. Қиындығы – екі түрлі сала ма­ман­­дықтарына қарамастан, олардың гармониялық үй­лестілігін оқырманға жет­кізу оңай ма? Валентина Ива­нов­на қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналис­тика факультетін үздік бітірді. Аспирантурасында оқыды. Ол – қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовпен бірге ұстаздық еткен, атақты тілші, ғылымда, қоғамдық өмірде ерекше ор­ны бар, көрнекті педагог Ва­лентина Исенға­лиеваның шәкірті.

Өмір ызғары кейде адам­ның жұмыс жоспарын өз­гертіп жібереді. 1986 жылғы Жел­тоқ­сан көтерілісі бұл отбасына да өзінің қара қыспағын ала келді. Бақытжан Жұмағұлов жұмыстан қуылып, «ұлт­шылдық» таңбасы қойылып, қызметсіз қалды.

Әлдебіреулер болса, мұн­дай қилы заманда мо­йып қалар ма еді?

– Валя, сен қиналма, канди­дат­тық диссертацияң талқы­лаудан өтті, авторефератың шықты, соны қорғауға кіріс, – деді Бақытжан Жұмағұлов. – Мен жүрдек пойыз сияқты кейін қуып жетемін.

– Қуып жетіп, озып кете­сің, – деген екен сол сәтте Валя күйеуіне.

Желтоқсан ызғары қатты болды. Жұмағұлова деген фамилиямен диссертация қорғау мүмкін бе? Қиындық адамды шыңдайды. Ғылыми жетекшісі В.А.Исенғалиеваның жетекші­лі­гімен Валентина Ивановна­ның диссертациясы қатардағы ғылыми кеңесте емес, сол кездегі Ташкенттегі атақты Ор­та Азия мемлекеттік универ­ситетінің ғылыми кеңесінде қорғалды. Ғылыми кеңестің 21 мүшесінің 20-сы ғылым докторлары мен академиктері еді.

Бұл 1988 жыл болатын.

...Шырылдаған шындық бар екен. Бақытжан Тұрсынұлы бар-жоғы он жылдың ішінде әлемге әйгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Шынында, ол жүрдек пойыздан да ұшқыр ұшақтай, ғылым мен білім кеңістігінде жарқ етіп көрінді. Берекелі ғалымдар отбасына айналды. Валентина Ивановна ғылыми жұмысы мен педагогикалық қызметін абыроймен атқарып, көп жыл кафедра басқарды. Бұл жылдар Валентина Ивановнаны ұстаз бақытына жеткізді. Қаншама қызға білім ғана емес, ұлттық тәрбие берді. Талантты жастарды қамқорлығына алды. Ғылымға баулыды. Бұған Валентина Ивановнаның 40-тан астам ғылым докторы мен кандидатын, магистр мен PhD-лерін даярлағаны дәлел бола алады.

Осылай, Валентина Жұмағұлованың ғылыми мектебі қалыптасты. Осы кезеңде ол жүздеген мақала, көптеген оқулық пен монография жария­лады. Олардың көпшілігі шетелдік ғылыми ортада зор құрметке ие болды. Жұмағұлов отбасының үндестік тапқан өмірінен ұлттық құндылықтарға толы дара өмірбаян көресің. Көресің де, қуанасың. Өмірде осындай жаны таза, рухы биік адамдармен бірге қызмет істеу ғанибет емес пе? Валентина Ивановна қазір де өзінің сүйікті университетінде профессор қызметін атқарады. Әйгілі тілші Валентина Жұмағұлова атындағы аудитория да бар. Оқыған дәрістеріне Алматының басқа да жоғары оқу орындарының студенттері келіп қатысуы – оның жоғары дәрежелі ұстаз екенінің үлгісі.

...Академик Бақытжан Жұмағұловтың 70 жыл­дық мерейтойы өтіп жатты. Ұлы – Руслан, экономика ғылымдарының докторы, қызы – Алина, заң ғылым­дарының кандидаты сөз сөйлеп, ән шырқады, арнау өлең оқыды. Көп ғалымдар, қайраткерлер құттықтау сөз сөйледі. Көпшілігі: «Валентина Ивановнаның арқасында Бақытжан Тұрсынұлы үлкен жетістікке жетті», деген тұрғыда марапат сөздер айтты.

Ал Валентина Ивановна өз сөзінде:

– Баршаңызға рахмет. Барлық жетістікке Бәкең өзі жетті, мен оған кедергі жасаған жоқпын, – деп еді.

Бұл – сыйластықтың, берік сенімнің көрсеткіші емес пе?

Валентина Ивановнаға: «Сіз ең атақты тілші-педагогсіз» дейтін едім. Сөзім – сөз.

Әлі де сол ойдамын.

 

Динар НӨКЕТАЕВА,

Сенаторлар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері