Саясат • 06 Қараша, 2024

Еліміздің жетістігі таныстырылды

71 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Олжас Бектенов «China International Import Expo – VII Қытай халықаралық импорт көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Жыл сайынғы көпсалалы іс-шараның мақсаты – халықаралық деңгейде экономикалық интеграцияны нығайту. Көрмеге қатысу шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және ұлттық өнімді халықаралық нарыққа шығаруға жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Еліміздің жетістігі таныстырылды

Сурет: primeminister.kz

Халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңсесі Премьері Ли Цян, Малайзия Премьер-министрі Анвар Ибрагим, Өзбекстан Премьер-ми­нистрі Абдулла Арипов, Моңғолия Премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ, Сербия Премьер-министрі Милош Вучевич қатысты.

Өткен жылдың қорытын­дысы бойынша Қытайдың Орталық Азия елдерімен тауар айналымының жартысынан астамы Қазақстанға тиесілі болып отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттер арасындағы кедергісіз сауда-саттық, электронды коммерция, көлік пен логистиканы дамыту, озық ЖИ технологияларын енгізуде өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Жібек жолы электронды коммерциясы» қанат­қақты аймағын құрудағы ынтымақтастықты нығайту келешегі зор болып саналады. Қазақстандық павильондар «Alibaba» және «JD.com» ірі сауда платформаларында табысты жұмыс істеп тұр. «Douyin» алаңында павильон ашу, елімізде цифрлық сау­да арналары арқылы логистиканы жеңілдету үшін бонд қоймалары мен кешенді қойма инфрақұрылымын салу бойынша жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Қазақстан Қытайдан Еуропаға жерүсті тасымалының 80%-дан астамын қамтиды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықара­лық транзиттік автодә­лізі, Ляньюньган портындағы логистикалық орталық, Сиань құрғақ портындағы жүк терминалы, Қытаймен шекарадағы үшінші теміржол өткізу пункті және басқа да ірі инфрақұрылымдық жобалар трансқұрлықтық экономикалық дәліздер жүйесін жетілдіруге, тауар айналымын ұлғайтуға және екі ел халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Қазақ­стан цифрландыру са­ла­­сында электрондық үкі­мет­­тің даму индексі бойын­ша 24-орын, онлайн қыз­меттер бойынша 10-орын, сондай-ақ Дүниежүзілік банк рейтингіне сәйкес мемлекет­тік технологиялардың же­тілу индексінде 6-орын алады. Жасанды интеллектіні қолдану мәселелері бойынша тәжірибе алмасу эконо­микалық прогрестің қозғаушы күші бола алады», деді Олжас Бектенов.

ҚХР Мемлекеттік кеңесі­нің Премьері Ли Цян және халықаралық көр­меге қатысушы елдер делега­цияларының басшылары цифрландыру тақырыбына бағытталған Қазақстанның «Жаңа дәуір, ортақ болашақ» ұлттық павильонында ұсы­нылған өнімдермен таныс­ты. Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Kazakh Invest», АХҚО, «QazTrade», «Kaspi Bank» өкілдері еліміздегі табысты жобаларды, оның ішінде электрондық және қаржылық қызметтерді, транс­шекаралық сауданы дамыту, инвестициялар тарту бойынша жетістіктерін таныстырды. Сонымен қатар отандық әзірлеушілердің стартаптары көрсетілді.

Қазақстанның коммер­циялық павильонында биылғы жаңалық отандық өнімді онлайн сату болды. 260 шаршы метр алаңда отандық өндірушілердің 50-ге жуық тауарының – ет, сүт, май, астық өнімдері, кондитерлік өнімдер, шырындар мен сусындар, бал, тоқыма және басқа да өнімдер көрмесі ұйымдастырылды. «TikTok» платформасы арқылы стриминг іске қосылды, бұл стендке келушілерге ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі көрермендерге өнімдердің ассортиментімен танысуға, оларды нақты уақыт режімінде сатып алуға мүм­кіндік береді. Көрменің алғашқы сағаттарында ғана онлайн режімде 22 мың долларға жуық сомаға отандық тауар сатылды. Сондай-ақ павильон биыл 2 есе кеңейтілді. Қатысушылардың 80%-дан астамы – ШОБ өкілдері. Жыл сайын халықаралық көрмеге 300 мыңнан астам қытайлық кәсіби сатып алушы қатысады, бұл ҚХР-ға экспортты ұлғайтуға жағдай жасайды.