Ауыл • 09 Қараша, 2024

Малшы қауым зоотехник іздеп жүр

189 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мал шаруашылығы саласындағы маңызды мамандардың бірі зоотехниктердің кешегі кеңестік кезеңде беделі жоғары болатын. Ал бүгінде елімізде зоотехник жетіспеушілігі айқын сезіледі. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің деректеріне қарағанда, елімізде 700 зоотехник жетіспейді екен. Түркістан облысының Ордабасы ауданында Беларусь технологтерінің еңбек етіп жүргені – маман тапшылығының бір көрінісі.

Малшы қауым зоотехник іздеп жүр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мал өсіріп жүрген шаруа қожалық­тары мен фермерлерге дұрыс бағыт бере­тін зоотехник қажет-ақ. Шетелдік маман 30 күн жұмыс істеп, Қазақстанда болу мерзімі аяқталған соң, еліне қайтады. Орнына келген басқа шетелдік маман өз білгенін істейді. Шаруалардың айтуын­ша, шетелдік мамандар жергілікті, ауыл шаруашылығына ебі бар жастарды үйретпейді. Осылайша, сырттан келген мамандардың қолына қарап қал­ған шаруа көп. Жуырда Сарыағаш ауда­нында өткен жиында облыстағы қой шаруа­шылығының қазіргі хал-жағдайы талқыланған болатын. Сол басқосуда көп жылдан бері зоотехникалық асылдандыру жұмыстары босаңсып, мал ұсақтала бастағаны айтылды.

Қой басын көбейтуде бүгінде негі­зінен қолдан ұрықтандыру әдісі қол­данылады. Бұл ретте өңірде қойды қолдан ұрықтандыратын, барлық керекті затпен жабдықталған екі пункт ғана жұмыс істейді. Сарыағаш аудандық ветеринария қызметі мекемесінің зоотехник маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Құралбай Әбдірамановтың айтуынша, бүгінде бұл шаруашылықпен айналысатындардың басым бөлігі зоотехникалық ілімді меңгермеген, мал басын өсіру, күтіп-бағу, азықтандыру технологияларын жетік білмейді.

«Ет, сүт, жұмыртқа, тағы басқа да мал және құс өнімдерін өндірудің тиімділігін арттыруда зоотехник мамандардың рөлі зор. Олар мал және құс, асыл тұқымды ірі қара, жылқы, түйе шаруашылықтарында сүт және ет өнімдерін арттыруға, өнім сапасын жақсартуға көмек береді. Фер­мерлерге мал азығының жұғым­ды­лығын, мөлшерлеудің жалпы қағи­да­ларын түсіндіреді. Десек те, көп жерде ет, сүт өндіретін ірі қара малына азықтандыру рационын да­йын­дайтын маман жоқ. Әсіресе сүт фер­маларында оның қажеттігі қатты бай­қа­лады. Сондықтан мал өсірген шаруа зоотехник іздеп жүр. Облыстағы мал шаруашылығының қазіргі даму деңгейі мен келешегіне талдау жасалғанда, көп­те­ген кемшілік анықталды. Яғни мал тұқымын жақсарту жұмысының ақсап тұрғаны байқалды. Жайылым тапшы болғандықтан, мал басын көбейту мүм­кін емес. Осы жұмыстардың бәрін зоотехник мамандар үйлестіруге тиіс. Бірақ оларға тиісті деңгейде көңіл бөлінбеген соң, арнайы штаттардың қысқарып кетуіне байланысты келеңсіздіктер орын алып жатыр. Енді ол олқылықтардың орнын толтыру үшін бірінші кезекте штаттар санын қалпына келтіруіміз керек. Тағы бір мәселе – шағын шаруа қожалықтардың арнайы селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуге де, өз отарын жақсарту үшін асыл тұқымды қошқарлар сатып алуға да жағдайы жоқ. Жаңа технологиялық шараларды өндіріске енгізу де оңай емес. Жыл өткен сайын түрлі себепке байланысты саны кеміп бара жатқан асыл тұқымды шаруашылықтарға жоғары санатты мәртебе тағайындалып, олардың тұқымдық өніміне неғұрлым жоғары тариф белгіленгені дұрыс болар еді. Нағыз асыл тұқымды қошқар, бұқаларды өсіру осы шаруашылықтарда жүргізілуі керек. Нарық сұранысына назар салсақ, бүгінде етке деген сұраныс өтімді болғандықтан, қой шаруашылығын ет өндіру бағытында дамыту қажеттілікке айналып отыр», дейді Құралбай Әбдіраманов.

Мамандар зоотехникалық жұмыстың бірі – мал тұқымын асылдандырудың кенжелеп қалуы асыл тұқымды малдың тектік қорына да залал келтіргенін айтады. Осындай жайттарды зерделеген облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен бүгінде зоотехникалық қызметтерді жүйеге келтіру жұмыстары төрт аудан – Бәйдібекте, Сарыағашта, Сайрамда, Отырарда жүргізіліп жатыр. Әсіресе Бәйдібек және Сарыағаш аудандарында шаруа қожалықтарына түсіндіру жұмысы жүр­гізіліп, олардың зоотехникалық қыз­мет­ке ынтасы арта бастаған.

Үш айлық курста оқып үйренген мамандар арнайы сертификатпен мем­ле­­­кеттік тіркеуден өтіп, қызметке кіріскен. Осы орайда Бәйдібек ауданында мал шаруашылығымен айналысатындарға арналған семинар-кеңесте ұсақ малды асылдандыру жұмысы түсіндірілді. Қол­дан ұрықтандыру жұмысы көрсе­тілді.

«Мал мамандарының мақсаты – тұ­қымды асылдандырумен қатар, мал ба­сы­ның сақталуын және тұқымдық әлеуетін жақсарту. Сол үшін мүмкін­ді­гін­ше әр шаруашылықта теориялық даярлығы мол, іріктеудің барлық прак­­­­тикалық амалын жүзеге асыруға қабілетті, білімді технолог мамандарды даярлауға атсалы­суымыз керек. Бүгінде Бәйдібек, Сарыағаш, Сайрам аудандарында зоо­техник мамандар жұмыс істеп жатыр. Өзім осы қызметке ақпан айында та­ғайын­далдым. Содан бері осы аудандағы ауыл шаруашылығы қожалықтарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқан жайымыз бар», дейді Бәйдібек аудандық ветеринария қызметі мекеме­сінің зоотехник маманы Бақытжан Керімжанов.

Маманның айтуынша, қолдан ұрық­тандыру – мал басын көбейтудің бір­ден-бір оңтайлы тәсілі. Табиғи жолға қарағанда, бір аталықтың ұрығымен ондаған, тіпті жүздеген ұрғашы мал ұрықтандырылады. Нәтижесінде, қысқа уақыттың ішінде төрт түліктің тұқымдық және өнімділік сапасын жақсартуға әрі жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. Бәйдібек ауданының Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Мәдениет елді мекеніндегі «Әділет» шаруа қожалығы 20 жылдан бері осы бағытта жұмыс жүргізіп келеді екен.

«2004 жылдан бастап өзіміз қолдан ұрықтандырып жатырмыз. 650 саулық қой ұстаймын, соған қашырымға 30 қошқар керек. Ал біз екі қошқармен 650 саулықты қолмен ұрықтандырып, мал басын көбейтіп, өнімділікті арттырып жатырмыз. Облыстық ветеринария басқармасы семинарлар ұйымдастырып, облыс шаруаларын әр аудан, ауылдан жинап, қолдан ұрықтандырудың сапасы мен өнімділігін жан-жақты түсіндіріп жатыр. Ел аралап, шаруа қожалықтарына да барып түсіндіріп жүрген мамандар бар. Мемлекет тарапынан қашырымға қаржысы төленеді, қаншама адам жұмыс істеп жатыр. Соның өзі үлкен көмек қой. Естіп-біліп, қошқарларымызды алуға қаншама қожалықтардан адамдар келеді. Көріп үйренетіндері де бар», дейді шаруа қожалығының төрағасы Өсербай Қадыров.

Өңірде ветеринария басқармасының зоотехникалық жұмыстарды жандандырып жатқаны көңілге демеу. Облыста 1 млн 101 мың ірі қара мал, 4 млн 968 мың ұсақ мал, 470,3 мың жылқы, 43,5 мың түйе, 2 млн 93 мың құс бар. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәлі­ме­тіне қарағанда, биыл 9 айда 153,2 мың тонна ет, 354,8 мың тонна сүт, 190,2 млн дана жұмыртқа өндірілген. Бұл көр­сет­кіштерді еселей түсу үшін мамандарды мал азығын дайындау ісіне де машықтандыру керек. Шаруалар ра­­цион дайындауда мамандарымыз шетелдің мықтыларымен таласа алатындай, елі­міз­ге келіп жүрген шетелдіктерді алмас­тыра алатындай білімді болуы қажет деп есептейді. Сон­дықтан елмен етене жұмыс істейтін зоотех­никтердің көп болғанын қалайды.

 

Түркістан облысы